ЭКСПО-2017 • 12 Қыркүйек, 2017

Еріктілердің есінде ерекше қалады

689 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әлем назарын аударған ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесіне Л.Н.Гу­милев атындағы Еура­зия ұлт­тық университеті зор үлес қосты. Осы игі істің жауапкершілігі жүктел­ген Астана қалалық ЭКСПО-2017 еріктілер штабы­ның басшысы Думан АЙТМАҒАМБЕТОВПЕН сөйлескен едік.

 

Еріктілердің есінде ерекше қалады

– Думан Рамазанұлы, ЭКСПО қалашығындағы ерік­ті жастардың қызметіне жетек­шілік жасадыңыз. Елордада жо­ғары оқу орындарының көп бол­ғанына қарамастан қалалық еріктілер штабының ЕҰУ-де орналасуы неліктен?

– Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ халық­аралық деңгейдегі және еліміздегі іргелі жоғары оқу орын­дарының бірі. Сонымен қатар, уни­верситет ректоры Ерлан Сы­ды­­қов «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ жанындағы қоғамдық ке­ңес­тің төрағасы. Мұны бекер айтып тұрғаным жоқ. Рек­тордың ұйым­дастыруымен ЭКСПО-ға универ­ситеттің студент-жастары­нан бас­тап, профессор-оқытушылары да тар­тылды. Көрме кезінде университет пен Астана қаласының әкімдігі жұмыла жұмыс істеді. Университет базасында еріктілердің қалалық штабы құрылды. Қала нысандарында жұмыс істеуге Астана қаласының жоғары және арнайы орта оқу орын­дарының студенттерінен 1 530 ерікті іріктеліп, тізімі жасалды. Әр айға 510 ерікті қызмет етті. Ерік­тілердің жұмысын үйлестіруші 50 су­первайзер тағайындалды. Ма­мыр айынан бастап іріктелген еріктілерді оқытып, дайында­ды. Оқыту бағдарламасында ерік­тілер туралы түсінік, кросс-мә­де­ни менеджмент негіздері, шетел­дік қонақтармен жұмыс істеу шеберлігі, елорданың тарихынан, оның көрікті жерлерінен хабар­дар ету, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету ережелері үйретілді.

– Еріктілер қызметі қай нысандарды қамтыды?

– Еріктілер қызметі мемле­кеттік органдардың тапсырысына сәйкес халықаралық әуежай, темір жол вокзалдары, автобекет, қаланың жедел мамандандырылған ірі сауда ойын-сауық орталықтары, ЭКСПО-ға келген ресми меймандар тұратын қонақүйлер тәрізді нысандарды қамтыды. Астана қаласының әкімдігі ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезеңінде қала­ның белгілі бір нысандары мен қызмет көрсететін арнайы орта­лықтарында қажетті шет тілін бі­ле­­­тін еріктілердің қызметін ұйым­­дастыру жұмыстарын жүр­­­гіз­ді. Әрбір еріктімен азаматтық-құқықтық шарт негізін­де жазбаша келісім жасалды. Ерік­тілер қатарына енген 1530 ерік­тінің әрқайсысына мемлекеттік жә­не орыс тілдерінде жазылған Ерік­тілердің әдеп кодексі және әдістемелік оқу құралы таратылды.

– Көрмеге қызмет етуге ерік­тілер тарапынан қызығушылық байқалды ма?

– Алғашқы күннен бастап еріктілер жұмысқа ынта-жігермен кірісті. Шілде айында ғана біздің 510 ерікті Астанадағы 96 нысанда 9 мың шетелдікке және 250-ден астам делегацияға қызмет көрсетті. Соңғы маусымда 510 еріктінің 189-ы еріктілер қатарында қайта қалуға ниет білдірді, бұл жалпы еріктілер санының шамамен 40 пайызын құрайды. ЭКСПО кезінде еріктілер ерекше белсенділік пен жауапкершілік танытты. Әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде шетел­дік қонақтар тарапынан алғыс айтылды, ал ескертулер мен сыни пікірлер бол­ған жоқ. Соңғы маусымға ОҚО, ШҚО, сондай-ақ Атырау, Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыс-тарынан 321 ерікті келді. Тамыз айында еріктілер мемлекеттік органдарға қарасты 90 нысанда қызмет етті. Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігі – 110 адам; Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің шека­ра қызметі (әуежай) – 40 адам; Аста­на қаласы бойынша білім бас­қар­масы – 20 адам; төтенше жағ­дайлар департаменті – 16 адам; ден­саулық сақтау басқармасы – 20 адам; мәдениет, мұрағаттар және құ­жаттама басқармасы – 44 адам; жолау­шылар көлігі басқармасы – 20 адам; Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы – 30 адам; қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті – 5 адам; Назарбаев халықаралық әуежайы – 20 адам; темір жол вокзалы – 20 адам; «Нұрлы жол» темір жол вокзалы – 20 адам; «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС (қонақ үйлер, гидтер) – 80 адам; қалалық штаб жұмысына – 65 адам, барлығы 510 адам жұмылдырылды.

– Еріктілердің әлеуметтік жағ­­­­дайы қалай қамтамасыз етіл­ді?

– Еріктілерге ЕҰУ-дің №2 Сту­­денттер үйінен 510 орын бе­рілді. Жастар биылғы жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында осында алаңсыз тұрды. Студенттер үйінде тұрмысқа қа­жет­ті қолайлы жағдайдың бәрі жа­сал­ды. Күрделі жөндеуден өт­кен бөлмелер таза, төсек орындары жаңа, заманауи кіржуғыш машина, ас әзірлейтін бөлме, ең ая­ғы үтікке дейін қамтамасыз етіл­ген. Штаб қызметкерлері тарапынан жатақхананы бақылау кес­тесі бекітілді. Астана қаласы Алматы ауданының жергілікті полиция қызметінің кезекшілігі тәулік бойына ұйымдастырылды. Сондай-ақ еріктілерді бірыңғай киіммен қамтама­сыз ету бойын­ша киім үлгісі және басқа да ке­рек-жарақтар қала әкімдігі және «ЭКСПО-2017» ұлттық компания­сы» АҚ басшылығымен келісілді. Сонымен бірге, 93 күн тәулігіне 510 волонтерге арналған үш мезгіл тамақтандыру ұйым­дастырылды. Ал түнгі ауысым мен алыс­та орна­ласқан нысандағы еріктілерге та­мақ жеткізіліп тұрды. Сонымен қа­тар, «Food Solutions KZ» ЖШС мен McDonald’s жылдам тамақтану мейрам­хана желісі үш ай бойы күніне 510 ерік­тіге арнайы купондар беру арқылы (46 000 купон) бір реттік түскі асты тегін ішуге мүмкіндік берді. Жастарға арнал­ған көлік қызметтері және жолға жұмсала­тын шығын мәселесі де­ шешімін тапты. Түнгі ауысым­ және алыста орналасқан ны­сан­­дағы еріктілерді тасымалдау­ ұйым­­дастырылды. Сонымен қа­тар, оларға қалалық жолаушылар көлігінде қатынауы үшін 3 ай бойы, барлығы 1530 дана айлық жолақы билеттері берілді.

– Көрмеде белсенділік таныт­қан жастардың еңбегі ескерілді ме?

– Әрине, ынталандыру шаралары қолға алынған. Атап айтқанда гранттар, яғни ең үздік 20 ерікті-студентке ЖОО-да оқу үшін 1 жылға әкім грантын тағайындау; 3-4 курс студенттеріне 1 жылға жатақхана беріледі; қала әкімінің алғыс, мадақтама хаттары; сыйлық­тар, кәдесыйлар, электронды кі­тап­тар тарту етіледі. Сондай-ақ Астана қаласында өткен түрлі концерттер мен мәдени іс-шараларға тегін билеттер беріліп, танымал тұлғалармен, спорт және шоу-бизнес жұлдыздарымен кездесулерге қатысты. Демалысын тиім­­ді өткізу мақсатында мәдени-бұ­қаралық және спорттық іс-ша­ралар ұйымдастырылды. Қала күні қарсаңында жаңадан ашыл­ған арбатта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, танымал актерлер Джеки Чан, Николас Кейдж, Эдриен Броуди­мен, McDonald’s желісінің франчайзы Қайрат Боранбаевпен кездесулер, отандық танымал әнші Димаш Құдай­бергеннің концертіне қатысулары ерікті­лер­дің өміріндегі тарихи әрі есте қаларлық оқиғалар деуге болады. Ерікті­лер қатарында болған әрбір жас өте бақытты деп ойлаймын. Өйткені олар елімізде болған тарихи сәттің басы-қасында жүрді. Сондықтан бұл ЭКСПО – жастардың жүрегінде мәңгі қалады.

Әңгімелескен

Жұлдыз ТОЙБЕК,
журналист

Суретті түсірген

Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»

Сырт көз – сыншы

Аркадий ДВОРКОВИЧ,

Ресей Үкіметі төраға­сының орынбасары:

– ТМД кеңістігінде бірінші ЭКСПО көрмесі Ресеймен стратегиялық серік­тестік байланыстыратын Қазақ­­станда өткендігі маңызды. Аста­наға, Еуразияның интеграция жобасының қайнарында тұрған қалаға келу әр уақытта да қуаныш сыйлайды. ЭКСПО көр­месін жоғары деңгейде ұйымдастырып, жайлы жағ­дай жасаған қазақстандықтарға риза­шылығымды біл­діремін. Көрменің басты тақы­рыбы «Болашақ энер­гиясы» – климат өзгеруінің салдарын еңсеру мен жаңа энергия көздерін пайдалануды кеңейтумен тығыз байланысты. Алдағы жиырма жылда Жер бетінде халық саны өсетін болады. Бұл дегеніміз – әлемдік экономиканың өсуі жалғасады деген сөз. Медицина мен ауыл шаруашылығының  жетістіктері өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүм­кіндік береді. Мұның барлы­ғы сенімді энергияны үнемдеуді талап етеді.

Сарапшылар энергияға деген сұраныс кемінде 25 пайызға өседі деп есептейді. Бұл жағдайда Ресей ғаламдық БЭК жетекшілерінің бірі және әлем нары­ғына жылу-энергетикалық ресурстардың ірі жет­кізушісі ретінде әлемдік энергетикалық қауіпсіздік ке­піл иелерінің бірі бола алады. 

 

Паскаль ЛОРО,

Франция павильоны­ның­ бас комиссары:

– Павильон барлығы елуден аса іс-шара ұйым­дастырды. 54 шараның отызы – экономика та­қырыбындағы конференциялар, жиырмадан аса шара мәдени тақырыпта өтті. Соның ішінде музыка, көркемөнер фестивалін ерекше атап өтуге болады. Қонақтарға «One mart» атмосферасын құруға тырыстық.

Басқосулардың барлығы Франция мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты нығайта түсуге бағыт­талды. Менің ойымша, бұл көрме өте маңызды ша­ралардың бірі болды. Мамандар болашақ энергиясы тақырыбын талқылады. 1889 жылы Парижде көрме өтіп, онда Эйфель мұнарасы ұсынылған болатын. Ол кезде бұл өнертабыс барлығына ұнай қойған жоқ. Дегенмен, өзіміз байқағандай, бірнеше ғасыр өткен соң Эйфель мұнарасы Францияның символына айналды. «Нұр Әлем» павильоны да Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің ғана емес, болашақта Қазақстанның символына айналатын болады.

 

Каспарс ГЕРХАРДС,

Латвияның қорша­ған ортаны қорғау және өңірлік даму ми­нистрі:

– Маған ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында ұйымдастырылған форумға қатысу үлкен құрмет болды. Қазақстан – Латвияның Орталық Азиядағы маңызды серіктесі. Елдеріміздің арасындағы байланыс жақсы жолға қойылған. Белсенді саяси ынтымақтастықтың нәтижесінде түрлі салада бірегей әріптестік орнады. Халықаралық шараның аяқталар тұсында осынау жиынның ұйымдастырылуы өте орынды болды. Басқосу бізге цифрлы ғасырда цифрлы экономиканың жаңа мүмкіндіктерін пайдалануға жағдай туғызады.

Жаңа әлемде ІТ технологияның алар орны зор. Цифрлы технологияны күнделікті жұмыс пен тұр­мыста пайдалана алатын азаматтар цифрлы эко­номиканың қалыптасуына алғышарт қалайды. Бұл өз кезегінде жаһандық экономикада бәсекеге қабілетті болуға ықпал етеді. Осы тұрғыда Қазақстанда өткен ЭКСПО-2017 көрмесінің маңызы орасан зор екенін атап өту қажет.