Хоккей • 12 Қыркүйек, 2017

«Барыс» «Шығыс» дивизионында топ бастады

347 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорданың «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасында сәтті өнер көрсетіп келеді. Өткен аптада олар Риганың «Динамо» командасына қарсы ойын өткізіп, айдын иелерінің қақпасына жауапсыз алты шайба соқты. Чемпионаттың Астанада өткен екінші турында жерлестеріміз дәл осы клубтан 3:5 есебімен жеңіліп қалған болатын.

 

«Барыс» «Шығыс» дивизионында топ бастады

Осы жеңістен рухтанған «Барыс» хоккей клубы араға екі күн салып, сырт алаңда соңғы ойынында Мәскеу облысының «Витязь» командасын 5:1 есебімен тізе бүктірді. Бірінші кезеңнің 14-ші минутында айдын иелері шайба соғып, есепті ашқан болатын. Екінші кезеңнен бастап «Барыс» хоккейшілері «Витязь» қақпасын шабуылдың астына алды. Нәтижесінде, елорда командасының шабуылшысы Доус 21-ші минутта есепті теңестірсе, Никита Михайлис (39-минут) «Барыстың» екінші шайбасын соқты. Сонан соң, Даррен Диц (42-минут), Линден Вей (51-минут) таблодағы көрсеткішті еселей түсті. Ал осы матчта екінші голын соққан Найджел Доус есепті 5:1-ге жеткізіп, ойын нәтижесінің соңғы нүктесін қойды.

Бұл «Барыс» командасының биылғы маусымдағы алтыншы жеңісі. Осы жеңістен соң елорда клубы 19 ұпаймен «Шығыс» дивизионы командалары арасында топ бастады. «Барыс» келесі кездесуін 15 және 17 қыркүйек күндері Астанадағы «Барыс Арена» мұз айдынында Новосібірдің «Сибирь» командасымен екі ойын өткізеді.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»