13 Қыркүйек, 2017

Әкелер мен балалар

617 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жер бетінде Адам Ата әулеті жаратылғаннан бергі сан ықылым замандарда әкелер мен балалар арақатынасы мәселелерінің тоқсан тоғыз толғаулы сүйегі, жетпіс жеті желілі сабақтастығы бір сәтке де үзіліп көрген емес. 

Әкелер мен балалар

Тарих сахнасындағы билеуші династиялардың тақ мұрагерлігіне назар аударып көрелікші. Патша тағы әкеден балаға мирас болып ауысып отырды. Әке мен бала түсіністік тапқан империялардың тасы өрге домалап, әулет мүддесін көздеген әуелгі ақылман саясат ата өсиетінен қия баспай жалғастырылды. Осылайша әкеден балаға, атадан немереге монархиялық мұрагерлік жолымен көшкен атышулы Шыңғыс хан, Осман, Әмір Темір империялары, ағылшын және француз корольдіктері нешеме ғасырлар бойы жасап, салтанат құрды. Арғы тарихты айтпағанның өзінде, осынау ортағасырлық дәуірлердегі билеуші әулеттерде әкелер мен балалар драмасы, трагедиясы да аз орын алған жоқ. Дүние тұтқасын ұстаған, әмірін ешкім екі етпеген патшалар мен корольдер де, қаһандар мен хандар да әке мен бала мәселесінен, оның түйткілді сұрақтарынан, көңілді алаңдатар ахуалдарынан айналып өте алмаған.  

Мүдделер қайшылығы мен жеке бастың менмендігі таразыға салынып таласқа түскен кезде ізгілікшіл адами сезімдерді қаталдық пен ашкөздік, жауыздық пен қанішерлік алмастырды. Әкелер мен балалар қатынасындағы түсінбестіктердің салдарынан ақыл-парасаттың тұмшалануына, қан төгілуіне, әділетсіздік пен қиянатқа жол берілді. Кінә әкелер жағында көбірек пе, әлде, балалар жағында басымырақ па – тап басып айта да алмаспыз. 

Шекспир трагедияларындағы әкелер мен балалар тартысының терең иірімдері әлі күнге дейін толғандырады. Жошының анық ажалы ақсақ құланның тұяғынан емес, үлкен ұлдың тым еркінсіп кетуін кешірмей кектенген қаһарлы қаһан әкенің әмірімен жеткен жансыздың жебелі қияғынан болды-мыс деген сыпсың күйді Ұлытаудың желі әлі күнге дейін аңыратады. Мақтаулы түрік сұлтандарының ғасырлап қалыптасқан дәстүрінде тақтың нақ мұрагерінен басқа ұл балалардың өмірі әрқашан қыл үстінде болған, солардың көбінің ажалы кісі қолынан келген. Алтын тақтың талас-тартысы осындай азалы халге жеткізген. Ресей патшалығын алар болсақ, Грозный атымен мәлім Қанқұйлы Иван Төртінші бір сәттік ашу үстінде көзі қарауытып, ұлына ажал құштырған. Қатал әкенің кәрін қылқаламмен өрнектеген «Иван Грозныйдың баласын өлтіруі» атты картина бүкіл әлемге аян. Петр Бірінші ұлын өз қолымен өлтірмесе де, өз әмірімен азап пен ажалға қиған. Бұл қайғылы жайлардың себеп-салдарын да бір ауыз сөзбен түйіп, төрелігін айтып тастау қисынға келмейтін шаруа. 

Ал енді бір ғажап нәрсе, Құдай­дың құдіреті деп айтайықшы, өз топыра­ғымыздағы Қазақ хандығының толайым тарихында әке мен бала қақтығысына әсте жол берілмегенін байқаймыз. Қазақ ордасының билеуші хандар әулетінде әкені сыйлау, ағаны құрметтеу, әке сөзін екі етпеу, ал ұлды ардақ тұтып аялау салтынан еш айнымаған. Тақ айналасындағы талас-тартыстың жұрнақ-жұқанасы да болмаған. Осы қасиет халқымыздың қанына дарығанын мақтанышпен айтуымызға болады-ақ. 

Бірақ бұл қазақ жұртында әке мен бала мәселесі болмады деген сөз емес. Әрине, ол мәселе болды, әйткенмен, жоғарыда айтылғандай асқынған сипаттарда көрініс тапқан жоқ. Керісінше, біздің ата-бабаларымыздың байырғы байырқалы, ізгілікті дәстүріне сай, кеңқолтық та кеңпейіл әке мен бала қатынасы түсіністік пен сыйластыққа негізделді. Бала әкені тыңдады, әке балаға тәлімін үйретті, ұлағатты ұрпақ қалдыруды мұрат тұтты. Қазақтағы әке мен бала қатынасының ғибратты үлгісі Құнанбай қажы мен хакім Абайдың арасында айқын көрінеді. Бұл жерде Құнанбай мен Абайды тартыстыру кеңестік идеология қыспағындағы шарасыздық болғаны да рас. Шын мәнінде, Абай өз әкесін пір тұтқан. Қараңыз: «Мұқым қазақ баласы, Тегіс ақыл сұрапты. Тобықтыны ел қылып, Басын жиып құрапты, Мекеде уақыт үй салып, Пәтер қып, жаққа шырақты». Қыршын кеткен ұлы Әбдірахманды: «Жаңа жылдың басшысы – ол, Мен ескінің арты едім» деп ардақтаған. 

Осының өзінен әкелер мен балалар арасындағы рухани сабақтастықты әрі айырмашылығын орыстың сол замандағы озық жазушысы Тургеневше толғап пайымдауды көреміз. Қазақ қоғамындағы әке-бала мәселесінің түйткілдерін ашып айта білген ойшыл Абайдың: «Өзің үлкен, қылығың – бала-шаға, Балаша мәз боп жүрсің тамашаға. Әкесі ұрысса балаға ол да – достық, Баласы ұрысса әкеге жараса ма?» деген ғақлия нақыл жырының өзектілігі бүгінгі өмір ақиқатымен де астарласып жатуы керемет. Бүгінгі әке де, бала да Абайдың осы ұлағатын қаперіне ала жүрсе, ешкімнен кем болмайды, дүние дидарланып ғажаптана түспек. 

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»