Аймақтар • 14 Қыркүйек, 2017

Торғай даласындағы жұмбақ

1119 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аманкелді, Арқалық өңіріндегі Торғай геоглифтерінен бүгінде жер жүзі хабардар. Ағаштыкөл деген елді мекеннен қозыкөш жерде ғана «Торғай свастикасы» жатыр. 

Торғай даласындағы жұмбақ

Қостанайлық әуесқой археолог Дмитрий Дей Торғай өңіріндегі түрлі сипаттағы ежелгі нысандарды ғарыштан түсірілген суреттерден тапқан болатын. «Торғай свастикасы» үшайырық (трискелион) бір нүктеден шыққан үш тармақты «сәулелерден» тұрады. Мамандардың есептеуінше, ол барлығы 5375 шаршы метр кө­лемді алып жатыр. Бір нүктеден шығып, үш тармаққа бөлінетін ежелгі нысанның ортасындағы шеңбердің диаметрі 4 метр. Үшайырықтың басындағы ирек қалыпты пішіндердің ұзындығы 40-50 метрді, ені 5-6 метрді, иілген бөлігінің ұзындығы 15-20 метрді құрайды. Үш басты геоглифті археологтар «Үш сәуле» атандырыпты. Бір қызығы, бұрын осы маңды жайлаған қазақтар ежелгі нысан жатқан жерді «Сәуле» деп атаған көрінеді. Көшпелі бабаларымыз даланың тылсымынан хабардар болды ма екен?..

Жақында ғана Арқалық қа­ласындағы «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығы Кейкі батырдың ізі қалған жерлерге ұйымдастырған баспасөз турына қатысушылар қайтар жолда «Торғай свастикасын» тамашалау үшін Аманкелді ауда­­нындағы Ағаштыкөлге соқтық. Тек ғарыштан ғана көрі­неді деген геоглифті кәсіби камерасы, радиобасқарылымы бар бейнекоптерді 76 метр биік­тікке ұшырып, ол түсірген «үшайырықты» монитордан тамашаладық. Ежелгі нысанды тауып алып, қолұстасып, ортасындағы шеңбер бойымен айналып жүргенімізді бейнекоптермен суретке түсірдік. Ол жерге барған адам алғашында свастиканы бірден байқамайды. Ал монитордан көргеннен кейін зер сала қарай бастайды, сонда ғана ежелгі нысанның топырағы айналаға қарағанда ақшылдау екені байқалады. Анықтап қараған кісіге нысан қолмен сызғандай, әрі дөңес болып келеді. Торғайдың бұл тылсымының шешуі әлем ға­лым­дарына жұмбақ болып отыр. 

Арқалық қалалық «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ор­талығы мамандары Торғай гео­­глифтерін арнайы көркем жасалған альбомда бейнелепті. Суреттердің барлығын бейнекоптермен түсірген. Геоглифтер туралы деректерді, айшықты кәсіби түсірілген суреттерді сапалы қағазға басқан альбом Торғай өңіріндегі ежелгі археологиялық нысандар туралы қысқа да, нұсқа мәлімет береді. Альбомда мұндай нысан қарқынды суармалы аймақта пайда болғандығы жазылған. 

 «Торғай свастикасы» геоглифі ауылдың іргесінде, мал тұяғының астында жатыр. Оның осы кезге дейін аяқ астында жатса да, тапталып, жоғалып кетпегені таңғалдырады. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы, 
Аманкелді ауданы