Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2017

Әлемдік өркениетке енудің жаңа белесі

367 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында «Нұр Отан» партиясы Төр­аға­сының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхам­медтің төрағалық етуімен Де­мократиялық күштері «Қазақстан – 2050» жал­пыұлттық коалиция­сының отырысы өтті. Онда мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшу мәселесі және жаңа қазақ алфавитінің бірыңғай стандарттары талқыланды.

 

Әлемдік өркениетке енудің жаңа белесі

Отырысқа Премьер-Минис­тр­дің орынбасары Ерболат До­саев, еліміздегі жетекші саяси пар­тиялардың басшылары, Пар­ламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, Мемлекеттік тілдің латын графикасына көшуі жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, лингвист-ғалымдар, тіл білімінің мамандары, тарихшылар, түркітанушылар және басқа да сарапшы мамандар қатысты. 
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары жиынды ашардағы сөзінде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бірден бүкілхалықтық қолдауға ие болған өте терең мағыналы және барлық саланы қамтитын аса ауқымды бағдарламалық құжат екенін атап өтті. Рухани жаңғырудың негізгі тетіктерінің бірі – тілдің жаңғыруы. Яғни тілдің фонетикасы мен графикасының сәйкес келуінде үлкен мән бар. Сол себепті де Мұхтар Құл-Мұхаммед дәл осы жаңа қазақ алфавиті қоғамдық санаға тың серпін беріп, оның жаңғыруының негізі болатынына ерекше тоқталды. «Ұлт тағдырына қатысты кез келген мәселені он ойланып, жүз толғанып, өзіне ғана тән дархан даналықпен кемел шешім қабылдайтын Елбасымыз латын алфавитіне көшуге келгенде тағы да кемеңгерлік танытты. Бұл тек әліпби ауыстыру емес, бар қазақтың бойына ана сүті, әке тәрбиесімен даритын қазақ тілін заманға сай жаңғыртудың кешенді жүйесін, дұрыс сөйлеу мен жазу мәдениетін қалыптастыру деп білемін. Ендеше, латынға көшу Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғырудың» берік іргетасы», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сонымен қатар, ол латын әліп­биіне көшу арқылы ұлтымыз­дың әлемдік бәсекеге қабілет­тілігін арттыратын үш мәселенің ше­шілетініне назар аударды. Партия Төрағасының атап өтке­ніндей, біріншіден, ағылшын ал­фавитінің негізіндегі жаңа қаріп жүйесі жастарымыздың да, жасамыстарымыздың да ағылшын тілін меңгеруін жеңілдетеді әрі жеделдетеді. Екіншіден, ағылшын алфавиті мен тілін үйрену арқылы ғылым-білімнің осы тілде жасалған мол қазынасын еркін игеруге жол ашады. Үшіншіден, жер жүзіне тарыдай шашылған бар қазақтың басын қосады. Осыған орай Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Латын алфавитіне көшу арқылы біз грамматикамызды жетілдіріп, тілімізді жаңғыртамыз», деді. Сондай-ақ кириллицада жа­сал­ған бар әдеби құндылықтың түгелдей компьютерлік нұсқаға көшірілетінін атаған партия Төрағасының бірінші орынбасары: «Латынға көшу арқылы рухани байлығымыз цифрлы технология тілінде одан әрі өркен жаяды. Осыны халыққа түсіндірудің көш басында зиялы қауым өкілдері болуға тиіс», деді. 

Алғашқы сөз Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевқа берілді. Алдымен ол қазақ тілінің латын қарпіне көшу жөніндегі комиссияның атқарған жұмыстарына алғысын білдірді. «Ақ жол» партиясы өзінің бағдарламалық құжаттарында, мәлімдемелерінде қазақ тілін латын қарпіне көшіруді жақтап бірнеше бастамалар көтерген болатын. Бұл біздің әлемдік өркениетке енуіміздің жаңа белесі. Бұл реформа – рухани отарсызданудың тура жолы, – деді мәжілісмен. – Бүгінде қоғамда осы мәселеге байланыс­ты қызу пікірталас жүріп жатыр. Меніңше, ол өте дұрыс. Негізгі пікірталас қазақ тілінің кейбір дыбыстарын екі әріппен белгілеу төңірегінде болып отыр. Қазіргі ұсынылған нұсқадағы ерекше бір белгілер мен әріптерді қоспай-ақ, әлемдік ақпарат кеңістігіндегі дайын символдарды ұсынған дайындаушылардың ниетін де түсінуге болады. Олардың ойы – әлемдік ақпарат кеңістігіне еш кедергісіз ену екені де түсінікті. Алайда, мына бір мәселені де ескеру керек». 

Депутаттың атап өтуінше, қазақ ті­лінің өзіндік ерекшеліктері мен үндес­тігін, шұрайын сақтап қалуға тиіс еке­нін ұмытпаған жөн. Тіл – ұлттық мінез­дің көрінісі. Қазіргі қазақ тілі ешқан­дай бұралаңды білмейтін өрліктің, табан­ды­лық­тың, шешендіктің белгісі. Сұлу да сүбелі тіл. Қазақтың ұлы билерінің бірі Қазыбекті Қаздауысты деп тегін атамаған ғой. Латын қарпіне көшу – халқымыз үшін ғасырлық тарихи мәселе! Осы арқылы біздің әлемдік өркениетке ұлы көшіміз басталады. Бұл шегінуге болмайтын үдеріс. Латын қарпіне көшкен соң қазақ елінің алдында жаңа мүмкіндіктер ашылады. Тіліміз ғана емес, санамыз да, руханиятымыз да жаңа белестерге көтерілмек. Біздің жолымыз – осы. 

Ал Мемлекеттік тілді жаңа әліпбиге көшіру жөніндегі Қазақ­стан Республикасы Президенті жанындағы ұлттық комиссиясы жұмыс тобының жетекшісі, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек Тәуелсіз Қазақстан тарихын екі маңызды кезеңге бөлуге болатынына тоқталды. Оның тоқталып өткеніндей, бірінші кезең – 2017 жылдың 12 сәуіріне дейінгі тарих. Екіншісі – одан кейінгі уақыт. Өйткені 2017 жылдың 12 сәуірінен бастап еліміз дүние жүзіндегі ең озық, дамыған, өркениетті мемлекеттердің ұстанымы бойынша өмір сүре бастады. Енді ұлттық саясатымыздың басты мақсаты – мемлекетіміздің қоғам алдына қойған негізгі талабы – рухани тазару, рухани жаңғыру, рухани кемелдену. Бұл – Елбасының сындарлы саясатының жемісі.

Елбасы тапсырмасына сәйкес, бұл келелі мәселе қалың жұртшылықтың белсене қатысуымен іске асырылуда. Елдің түкпір-түкпірінен, шет елдерден және отандастарымыз – бәрі де өз үлестерін қосуға тыры­суда, – деді ол. – Біз ғылы­ми ортада, зиялы қауым өкіл­дері арасында көптеген басқо­сулар ұйымдастырдық. Ұлттық комиссияның жұмыс тобының бас­тамасымен 20-дан астам ғылыми-ұйымдастыру және ғылыми-тә­жі­рибелік іс-шаралар өтіп, оларға екі айда 2,5 мыңнан астам ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатыс­ты. Шілде айында Ыстанбұл қала­сында өткен халықаралық түр­ко­логтар құрылтайында да бұл мә­селе жан-жақты қарастырылып, ха­лық­­аралық деңгейде қолдау тапты». 

Елбасының бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан бері қазақ әліпбиін реформалау туралы 2 мыңға жуық сараптамалық мақалалар мен пайымдаулар жарық көрген. Әлеуметтік желілерде 1800-ден астам мазмұнды жазбалар шыққан. Көп­те­ген шетелдің ғалымдары – Еуропа мен АҚШ-тан, Түркия мен Кореядан, өңірлер­ден ұсыныстар, хаттар, жобалар келіп жатыр. «Ерекше атап өтуге болатын іс-ша­ра – «Тамыры терең әліпби» атты халық­аралық конференция. Бұған Вискон­син университеті мен Ыстанбұл универси­те­тінің профессорлары, Орталық Азия рес­публикаларының ғалымдары қатысты. 

 «Менің ойымша, бізде латын қарпіне көшудің барлық алғышарттары бар, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚКХП хатшысы Жамбыл Ахметбеков. – Біздегі 100 пайыз сауаттылық және күнделікті өмірде ұялы телефонды, интернетті қолдану барысында әрбір қазақстандық іс жүзінде латынша жазады әрі оқиды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарыққа шыққан бойда біз еліміздің аймақтарына сапар шегіп, өңір тұрғындарымен көптеген кездесулер өткізіп, қазақстандықтардың аталған бағдарламаға қызығушылық танытқандықтарын және бірінші кезекте мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшу мәселесіне қолдау білдіріп отырғандықтарына көз жеткіздік».

Оның пікірінше, қазақстандық коммунистер жаңа әліпби нұсқасының ба­сымдықтары мен мүмкіндіктерін талқылап, ұсы­нылған нұсқаны толық қолдау туралы шешімге келген. «Біз барлық күш-жігерімізбен қазақ тілінің латын қар­піне көшуін қолдап, оның іске асыры­луын қамта­масыз етуіміз қажет, – деп жал­ғас­тырды сөзін ол. – Әрине, бұл жерде ең негізгісі – оған барлық қоғамды жұ­мыл­дыру. Латын қар­піне көшу арқылы барлық тың мүмкіндіктерге қол жеткі­зе­тінімізді халыққа түсіндіруіміз керек. Бұл біздің ортақ міндетіміз». 

«Бәріміз білетіндей, 2017 жылғы 12 сәуірде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихи мәлімдеме жасады, енді мемлекеттік тілімізді орасан зор реформа күтіп тұр, ол – латын қарпіне көшу, – деп бастады сөзін Халық қаһарманы, Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев. – Ардагерлер ұйымдары әрқашан еліміздегі басты қоғамдық маңызды оқиғалардың алдыңғы қатарында болды. Біз Отанға деген махаббатымызды талай рет дәлелдегенбіз. Және осы сәтте, біз – Қарулы күштердің ардагерлері еш күмәнданбай, Елбасының осы шешімін қолдаймыз. Өйткені мен әскери адам ретінде, жеңістің үш тұғыры бар екенін білемін. Олар: нақты стратегия, жеңіске деген сенім және міндетті түрде адал әскер». 

Қазақстандағы Әзербайжан этномәдени одағының басшысы Вивади Салахов Қазақстан Президентінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғанда, қазақстандық әзербайжандар мен әлемнің өзге елдеріндегі бауырластары ерекше риза болғандарын жеткізді. «Нұрсұлтан Назарбаев – түркі әлемінің көшбасшысы. Елбасымыз Түркі тілдес мем­лекет­тері Парламенттік Ассамблея­сының, Түркі Кеңесінің, Түркі академиясының құрылуына бастамашы болу арқылы алғаш рет түркі әлемін институттық негіз­де біріктірді, – деді В.Са­лахов. – Астана қаласында ха­лықаралық Түркі академиясы және Түркі Кеңесінің филиалы орналасқан. Бұл құрылымдар түркілердің тарихы мен өркениетін ғылыми жағынан зерттеумен айналысады».

Қоғамдық сананы жаңғырту бағ­дар­ламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия әзірлеп, парламенттік тыңдауда таныстырылған жаңа әліпбидің бірыңғай стандарттар жобасы жан-жақты тал­қы­ланған соң, Демократиялық күштер коа­лициясының мүшелері жаңа реформаны қолдап, барша азаматтарды талқылау, түсіндіру және жаңа қазақ әліпбиінің қабылдануы жолындағы жұмыстарға белсене қатысуға шақыратын Қазақстан халқына Үндеу арнады. 

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»