Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2017

Латынға қайта ораламыз

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Достық үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында «Қазақ тілінің латын әліпбиіне өту ерекшеліктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Латынға қайта ораламыз

Қазақстан халқы Ассамблея­сы Төрағасының орынбасары А.Хамедов: «Латын әліпбиіне қазақ тілінің көшуі кезегін күттір­мейтін, өз уақытында қолға алын­­­ған игілікті шара. Елбасы «Хабар» телеарнасына берген сұх­­батында оның мәні-жайын егжей-тегжейлі айтып, ұлт ертеңі үшін жасағалы отырған баға­лы қадам деп түсіндірді. Бұл іске мемлекетімізде өмір сүріп отыр­ған барлық этнос өкілдері бір кісідей атсалысуы керек», деді. 

Жиынның модераторы бол­­ған Алматы қаласы халық Ассам­блеясы филиалы төраға­сы­ның орынбасары К.Мамсуров жиын­ды өте жинақы жүргізіп, жуыр­да ғана Парламентте тал­қылан­ған латын әліпбиінің ұсыныл­ған нұсқасына қатысты әртүрлі пікірлердің айтылып жат­қа­нын сөз етті. «Барбанг» күрд қауымдастығы төрағасы К.Мирзоев: «Біз латынға көшпей­міз. Оған ораламыз. Өйткені қазақ елі өткен ғасырдың басында осы графикамен оқыған. Қазақ тілінің тарихында неше әліпби болды, сол өткелдердің бәрінен аман өтіп келе жатыр. Енді бұл әліпбиге де көшіп, рухани құндылықтарды болашаққа аман жеткізеді», деп тілдің тарихы туралы, латын әліп­биінің қазақ тіліне икемділігі тура­лы айтты. Алматы қаласы тіл­дерді дамыту басқармасының жетек­шісі М.Ахетов: «Елбасы баста­масындағы латын әліп­биіне көшу жұмысы қоғамда қызу талқы­ға салынып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі мен орыс тілі­нің ендігі жағ­­да­йын анық айт­ты. Орыс тіліндегі басылымдар кирилл әрпімен шыға береді. Қазақ тілі дербес дамиды», деді. 

Тіл – кез келген мемлекеттің, ұлт­тың біріктірушісі. Мемле­кет­тік тілдің еліміздегі мәртебесі латын әліпбиімен беки түсіп,  жетекші тілдік күшке ай­на­­ла­­ды деп қорытынды жасады жиынға қатысушылар.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ