Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2017

Қордайлықтар мемлекеттік қолдауға дән риза

1044 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Индустриялық-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Қордай ауданында айтарлықтай жұмыстар қолға алынған. Өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген жалпы жобалық құны 60 миллиард 281 миллион теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асуда.

Қордайлықтар мемлекеттік қолдауға дән риза

Қордай ауданында орналасқан «Ветро Инвест» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігі жел электр энергиясын өндіреді. Жал­­пы жо­ба­лық құны 12 753 миллион бола­тын серік­­­т­ес­тік­те 13 тұрақты жұмыс орны ашы­ла­­тын болады. Қазіргі кезде жоба­ның бірін­ші кезегі аясында 19 қондырғы орнаты­лып, жо­ба іске қосылды. Ал бүгінде кәсіп­орын­да 11 адам тұрақты жұмыс орнымен қам­тыл­ған бол­са, оның ішінде 5 адам жергілікті тұрғын­дар болып отыр. 

 Бүгінде елімізде кәсіпкерлікке кең өріс ашылған. Аталған жоба бойынша мемлекеттің қолдауы ретінде 199,4 гектар жер бөлініп берілген. Сондай-ақ, бұл жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында алынған несиенің пайыздық ставкасын субсидиялау тетігі бойынша қолдау алған. Сонымен қатар, «Первомайские деликатесы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шұжық өндіру цехын жаңарту жобасының жалпы құны 223 миллион теңгені құрайды. Ал кәсіпорын жылына 3000 тонна етті қайта өңдеуге қауқарлы. Болашақта 70 тұрақ­ты жұмыс орны ашылатын кәсіпорын мем­лекеттің қолдауы ретінде «Даму өндіріс-ІІ» бағдарламасы аясында несие алған. 

Қордай ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Алматы мен Тараз шаһарларының арасын жалғап тұрған ауданда тіршілікті тіктеуге мүмкіндік мол. Сондай-ақ, облыс экономикасын арттыруда да айтарлықтай үлес қосып отырған ауданда бұдан бөлек «BioVet KZ», «Алатау Қордай» және «Aurum Deutschland AG» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері де мемлекеттің қолдауы есебі­нен жүзеге асып отырған жобалар қатарында. Екінші бесжылдық шеңберінде қолға алынып отырған бес жоба ауданның ғана емес, облыстың да даму көрсеткіші бо­лып са­на­лады. Болашақта халықты жұмыс­пен қам­­туда және өңір экономикасын артты­рып, әле­уе­тін көтеруге де серпін беретіні анық.

Қордай ауданы бүгінде ауыл шаруашы­лығы саласында да айтарлықтай көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Аудандық ауыл шаруашы­лығы бөлімінің мәліметінше, салаға қатысты мем­лекеттік бағдарламалар бойынша да аудан­­да бірқатар жұмыстар атқарылған. Мәсе­лен, «Алтын асық» бағдарламасы бойын­ша ағым­дағы жылы 335 бас қой және «Құлан» бағдар­ламасы бойынша 4 бас жылқы сатып алынған. 

Аймақтағы Қақпатас ауылында орналас­қан «Қақпатас-Қордай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірдегі ең ірі шаруа­шы­лықтардың бірі. Серіктестік басшысы Дүйсехан Қошалиевтің айтуынша, аталған серіктестік 799 миллион теңгеге тауарлы-сүт фермасын қайта жарақтандыру арқылы 600 бас сауын сиырға арналған Швецияның «Деловал» фирмасымен келісімге отырып, заманауи жаңа қуатты сауын қондырғыларын өндіріске енгізген. Алдағы уақытта шаруа­шы­лықтағы асыл тұқымды сауын сиырлар санын 600 басқа жеткізу жоспарда бар екен. Сүт өнімдерін өндіру және асыл тұқымды ірі қара мал өсіріп, көбейтуді қолға алған серіктестікте бүгінде 61 адам жұмыс істейді. 

Жалпы, Қордай ауданында бөлшек сауда тауар айналымы, көтерме сауда тауар айналымы, негізгі капиталға салынған инвес­тиция көлемі де айтарлықтай өскен. Ал елді мекендерді газдандыру бойынша Қор­дай, Степной, Арал, Қалғұты, Жамбыл, Жаңа­тұрмыс, Сарыбұлақ, Қайнар, Қасық, Қақ­патас, Беріктас және Бетқайнар ауыл­дарын­да газ желісі тартылған. Болашақта қалған елді мекендерді газдандыру мәселесі бойын­ша нақты жұмыстар қолға алынып жатыр.

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірек­баев жұмыс сапарымен Қордай ауданына барғанында, ауданның бүгінгі даму деңгейіне оң бағасын берген болатын. Сондай-ақ, қолға алынған бес жобаның артықшылықтарын да атап өткен еді. Облыстың ең әлеуетті ауданы саналатын Қордайда қанағаттанарлық тірлік көп екенін жергілікті тұрғындар да айтады. Әсіресе мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы арқылы бірінші кезекте халықты жұмыспен қамту мәселесі оң шешімін тапқан. 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы