Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2017

Маңдай тердің өтеуі

356 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Күзгі жауын-шашын басталмай тұрып жерден ырзық жинап алу уақыт күттірмес шаруа. 

Маңдай тердің өтеуі

Ақмола облысының диқандары үшін қазір жұмыстың нағыз қызған шағы. Орақ науқаны қарқынды жүргізілуде. Оның үстіне биылғы егін алқаптарындағы күрделі фитосанитарлық жағдай да ауылшаруашылық дақылдарының өсіміне кедергі бола алмады. Ендігі міндет әртараптандыру арқылы 4750,4 мың га алқапқа себілген ауылшаруашылық дақылдарын ысырапсыз жинап алу.    

Биыл дәнді дақылдар мен бұршақ дақылдар 4323,2 га алқапқа себілген. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен бірдей деңгейде. Сол сияқты 18,3 мың га ал­қап­қа егілген картоп пен 4,3 мың га ал­қапқа отырғызылған жемістер көлемі де өткен жылғы көрсеткішпен шамалас. Тиісінше 257,2 мың га алқапқа егілген майлы дақылдар көлемі өткен жылғымен салыстырғанда 37,4 мың га артық. Оның басты себебі майлы дақылдарға деген сұраныстың артуымен және оны егудегі қолайлылықпен түсіндіріледі. Егін алқаптарындағы дәнді дақылдарды орып алу үшін 8668 дана комбайн жұмылдырылған. Соның ішінде 2658 данасы заманауи өнікті жұмыс істейтіндер санатында. Оның үстіне ағымдағы жылы 1 ком­байнға 500 га алқапты ору салмағы түссе, өткен жылы бұл көрсеткіш 541 га құрағаны белгілі. Егер жағдай осы­лайша қалыптасса, онда орақ нау­қанын 25 күнде бітіруге барлық жағ­дай бар. Облыста 2466 жатка, 4763 дана жүк көлігі және 7674 трактор тірке­месімен жұмысқа жұмылдырылып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Балпан өткен жылы облыс 1 млн 800 тонна астықты экспортқа шығарғандығын алға тартып, биыл да осы межеден шығатындықтарын айтып отыр. Оның сөзіне қарағанда, қазақстандық астыққа деген сұраныс бар және өткізу нарығы да қалыптасқан. Астық пен ұн әлемнің 23 еліне жөнелтіледі екен. 

Елбасы жақында ғана арнайы барып көрген «Ұмай Жер» ЖШС биыл гектарына 25-30 центнер астық жинап, өз өнімдерін шетелдерге сатуға ықыласты екендігін байқатып отыр. Жалпы, өңірде қазіргі кезде лицензиясы бар 62 жұмыс істеп тұрған астық қабылдау кәсіпорындары болса, олар 4,1 миллион тонна (элеваторлық – 2,5 миллион тонна және қоймалық 1,6 миллион тонна) астықты қабылдай алады. Бұдан басқа, ауылшаруашылық құрылымдарының өз сақтау қоймалары бар екендігін қаперден шығармаған жөн. Олар шамамен 2 миллион тонна астықты өз қоймаларында сақтай алады. Мәселен, «Дихан Плюс» ЖШС қырманында ұзыннан созылып жатқан брезентті алып қамбаларда бидай және өзге де ауылшаруашылық дақылдарының сақтаулы тұрғандығын көрдік. Серік­тес­тік директоры Александр Бара­ми­д­зе сонда осылайша амалдаудың ар­қа­сында егінді ысырап болудан сақ­тап қалғандығын алға тартқан-ды. Ас­тықты сақтау үшін алдымен оны кеп­тіру керектігін ескерсек, облыста қазір­гі кезде 229 кептіру кешені жұмыс іс­теп тұр. Олар тәулігіне 100 мың тонна астықты кептіруге қауқарлары жете­ді. Сондықтан да егін алқаптарынан орыл­ған астықты қабылдауда ешқандай кінәрат болмауға тиіс. Малдың қыс­қы азығын жинау да өз деңгейінде ат­қа­­рыл­ғандығын тілге тиек ете кетсек дей­міз. Биыл 1064,8 мың тонна шөп жиналған.

Мемлекет тарапынан өсімдік шаруа­­­­­шы­лығын дамытуға айтарлық­­­тай қол­дау көрсетіліп келе жатқан­ды­ғын атап кеткен орынды. Мәсе­лен, 2017 жылы жергілікті бюджеттен осы мақсатқа 10,7 миллирд теңге қарас­­­ты­рылған. Тарқатып айтқанда, тұқым шаруашылығына – 582,5 мил­­лион теңге, гербицидтер сатып алуды субъсидиялауға – 8,5 мил­лиард теңге және минералды тыңайт­қыштар құнын субсидиялауға қаржы бөлінді. Реті келгенде элиталы дәнді дақыл­дар тұқымдығы 223,8 мың алқапқа себіл­гендігін немесе дәнді дақыл­дар алқа­бының 5 пайызын ғана құрайтын­дығын айта кету керек. Есесіне 31,8 мың тонна минералды тыңайтқыш шашылыпты. Өткен жылғымен салыс­тырғанда 52 пайызға артық. Биыл егін алқаптарында фитосанитарлық күрделі жағдайдың орын алғандығын жоғарыда атап кеттік. Бұл орайда 4557,6 мың га алқапқа химиялық өң­деу жұмыстары жүргізілгендігінің нәти­­же­сінде ауылшаруашылық дақыл­да­рын сақтап қалу мүмкін болыпты. Әсі­ресе 36,9 мың га алқапта шегірт­ке­ден қорғану іс-шараларын қолға алу үшін республикалық бюджеттен арна­йы қаржы да бөлінген. Бұдан басқа, өсім­­дік­терді түрлі зиянды жәндік­тер­­ден, соралардан және аурулардан қор­ғау жұмыстарын жүргізуге жергі­лік­ті бюджеттен де қомақты қар­жы қарас­ты­рылған. Бұл өз кезегінде ауыл­шаруа­­­­шылық дақылдарының сапалы өсуі­­не мүм­кіндік туғызып, егіннің мол шы­ғуы­на септігін тигізген. Сонымен қатар тыңайтуға қалдырылған егістік  алқап­тарын өңдеу жұмыстары да қар­қынды жүргізілуде. Бірінші және екін­ші өңдеу жұмыстары 675,7 мың га ал­қап­ты қамтыса, үшіншісі 424,9 мың га ал­қапқа жүргізіліп отыр. Енді төр­тін­ші­сі 29,5 мың га алқапта өткізілетіні межелеген.  

Жалпы, облыста соңғы жылдары ауылшаруашылық техникаларын жаңарту ерекше қолға алынған. Нақтырақ айтқанда, соңғы 3 жыл 7 айда 982 астық жинау комбайны, 1041 дана трактор және 306 егу кешені сатып алынған. Ал ағымдағы жылдың 8 айында 127 комбайн, 188 дана трактор және 70 егу кешені жаңартылыпты. Биыл облысқа күзгі орақ науқаны үшін кепілдендірілген көлем бойынша 70 мың тонна дизель отыны бөлінген. Жанар-жағармайды бір орталықтан жеткізу үшін аудан әкімдерінің тапсырысымен 13 оператор және 5 жеке операторлар таңдап алынған көрінеді. Бүгінгі таңда оператор тарапынан ақшасы төленіп қойылған шілде және тамыз айларына қажетті тиісінше 50 мың және 36,7 мың тонна дизель отыны толығымен жеткізілген.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы