Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2017

Әр азаматтың денсаулығы – ұлт жетістігі

4005 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлтының жарқын болашағын ойлаған мемлекет алдымен азаматтарының денсаулығына көңіл бөледі. 

Әр азаматтың денсаулығы – ұлт жетістігі

Бүгінге дейін еліміз халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында «Сала­матты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырды. Бұл құжат белгілі бір дәрежеде өзін-өзі ақтады деуге болады. Енді был­тырғы қаңтар айынан бастап, Президенттің Жарлы­ғы­мен «Денсаулық» бағдарламасы бекітілді. 2016-2019 жыл­дарға арнал­ған бағдарламалық құжат ел тұрғындарының денсау­лы­ғын сақтаудың тиімді әрі орнықты жүйесін дамытуды көздейді.

Әлбетте, денсаулық сақтау сала­сындағы мемлекеттік бағ­дар­ламаны іске асырудың пай­далы тұстары көп. Мысалы, соңғы он жылда қолға алынған шара­лардың арқасында Қазақстан медицинасы бірталай жетістікке жетті. Сала министрлігінің мәліметі бойынша, адамдардың орташа өмір сүру жасы 6 жылға ұзарды, жалпы адам өлімі 27 пайызға қысқарды. Ана өлімі – 4 есеге, сәби өлімі 1,6 есеге азайды. Ал қатерлі ісік ауру­лары – 20 пайызға, туберкулез­ден өлім-жітім көрсеткіші 5 есе­­ге төмендеді. Бұл – денсау­лық саласының жалпы жағ­дайын сипаттайтын маңызды көр­сет­кіштер. Ендігі міндет – халық­тың денсаулығын одан әрі нығайтып, саланың жағдайын мейлінше сауықтыра түсу. Медицинада қордаланып қалған түйткілді мәселелерді шешудің қазіргі заманға бейім­делген небір оңтайлы тәсілдерін қарастыру күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Осы мақсатта ал­дың­ғы бағдарламалардың жал­ғасы ретінде «Денсаулық» бағдар­ламасы дүниеге келді. Бұл құжат денсаулық проблемаларын шешу­дің 7 маңызды бағытын қамти­ды. Негізгі міндеті – қо­ғам­­дық денсаулық сақтау жүйе­сін дамы­та отырып, ауру­лар­дың ал­дын алуға бағытталған шара­­лар­ға көңіл бөлу. Сондай-ақ, ден­сау­­лық сақтау жүйесін бас­қару мен қар­жы­лан­дырудың тиім­ді­лі­гін арттырып, саланың инфра­құры­лымын жетілдіруді көздейді. 

Жалпы, «Қазақстан-2050» Страте­гия­сында және Елбасы­ның басқа да Жол­дауларында еліміздің алдында тұрған басты меже – әлемдегі ең дамы­ған 30 ел­дің қатарына қосылу екені атап көр­сетілген. «Денсаулық» бағ­дар­ламасы осы саланың 2050 жыл­ға дейін­гі жоспарлы дамуына негіз бол­мақ. Мұндай стра­те­гия­лық мақсатқа қол жеткізу үшін Экономикалық ынты­мақ­­­тас­­тық және даму ұйымы ел­дері мен Қазақ­станның дамуы арасындағы алшақ­тық­тарды жою қажет. Осыған орай мемлекет меди­цина­лық қыз­­мет­­тердің сапасы мен қол­жетім­ді­лі­гін жақ­­сартуға, қолда бар ресурс­тар­ды ұтым­ды пайда­лану­ға бағытталған ЭЫДҰ елдерінің стандарттарын кезең-кезеңімен енгізуді қамтамасыз етуі тиіс. Бағдарламада айтылған мақсат-міндеттер сәтімен орындалып жатса, 2020 жылға қарай қазақ­стандықтардың ор­таша өмір сүру жасы 73 жасқа жетпек. 

Сонымен, «Денсаулық» бағ­дар­ламасы нысанасына алған жеті негізгі бағыт қандай?

Оның біріншісі – халық ден­сау­­лығын сақтаудың негізі ретінде қоғам­дық ден­саулық сақтауды дамыту. Бұл де­ге­ні­ңіз – халықтың санасына ден­сау­лық­­тың қадірін ұғынуды сіңіріп, ауру­лар­­­дың алдын алуға айрықша көңіл бөлу. Халық­аралық үздік тәжі­ри­белер­ге сүйенсек, медицинаны да­мы­­ту­дың бас­ты жолы қоғамдық ден­сау­­лық қыз­­ме­тін қалыптас­тыру екен. Оның мін­деті – сани­тарлық-эпи­де­мио­логия­лық, эко­логиялық, ветеринарлық қыз­мет меке­ме­лерімен бірлесе отырып, халық­тың денсау­лық туралы ұғымын кеңейту, тиісті кеңес­тер беру, сала­мат­ты өмір сал­тын на­си­хаттау және осын­дай жүйе­лі жұ­мыс­­тар негізінде елдің ден­саулығын нығайту. 

Ал екінші бағыт – медицина­лық-санитарлық амбулаториялық көмекті жаңғырту арқылы ден­сау­лық сақтау қызметтерін па­циент­­тің айналасына топтас­ты­ру. Соның аясында алғашқы меди­­­циналық көмектің әмбебап­ты­ғы артып, отбасылық дәрігер­лер­дің рөлі күшейеді. Мысалы, бір отба­сылық дәрігер сол отбасы мүше­лерінің ден­саулығына өмір бойы бақылау жасаған болса, онда олардың қандай аурулармен ауыр­­­ғанын, қандай сырқатқа бейім екенін, ағзасының ерек­ше­­лік­тері қандай екенін жақсы біле­ді. Демек, әйелдер мен ерлер­дің, балалардың созылмалы ауру­ларын емдеу және оңалту ша­ра­лары дер кезінде жүргізіліп, бұл да адамның тезірек сауығып, ұзақ өмір сүруіне септігін тигізері сөзсіз. 

Бұл бағыт бойынша жедел меди­ци­­налық жәрдем жүйесі де оң­тай­ланып, дәрігерлердің қағаз­бас­тылығын азай­туға ден қойылмақ.

«Денсаулықтың» үшінші ба­ғы­ты – медициналық қызмет­тің сапасын арттыру. Осы мақ­сат­­та алдымен меди­­циналық ұйым­­­­дар­дағы барлық өнді­ріс­тік про­­цесті стандарттаудың негі­зін­­де са­паны басқару тәсілі жүзе­ге асы­­рыл­­мақ. Клиникалық про­цес­­­­т­ер­ді стан­дарттау үшін неғұр­лым тиімді және қазіргі заман­ғы тех­­но­­логиялар мен меди­цина ғы­лы­­мы­ның жетістіктері негіз­ге алы­на­ды. Былтырдың өзін­де ар­найы құрылған комиссия диаг­нос­тика мен емдеудің 281 кли­ни­­­ка­лық хаттамасы мен 40 ме­ди­­­ци­­­на­­лық технологияны және қыз­­мет көрсетудің 8 стан­дартын мақұлдапты.

Бағдарламаның төртінші бағыты – ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саясатын жүр­гізу. Бұл ретте дәрі-дәр­мек­тің бағасын мемлекеттік рет­теу бо­йынша заңнаманы жетілдіру жұ­мыс­­тары жүргізіледі. Әрі дәрілік зат­тар­дың ха­лыққа қолжетім­ділігі, сапасы, тиім­ді­лігі мен қауіп­сіз­дігі басты назарға алы­нады. 

Бесінші бағыт – ынтымақтас­тықты енгізу және қаржылық орнық­тылықты арттыру негізін­де денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру. Медицина саласы­ның орнықтылығы оған бағыттал­ған қаражаттың деңгейіне де бай­ланысты екені белгілі. Сондық­тан мемлекет осы салаға реформа жүргізіп, биылғы шілде айынан бастап, міндетті меди­ци­налық әлеуметтік сақтан­дыру жүйесін енгізіп отыр. Сақтандыру қорынан халықтың да, мемлекеттің де күтіп отырған үміті үлкен. 

Бұл бағыт сондай-ақ, денсау­лық­ты сақ­тау мен нығайту­да жергілікті ат­қару­­шы орган­дар­­­дың рөлін арттыру да көз­­­­де­­­ліп отыр. Бұған қоса, мем­ле­кет ден­­сау­­лық сақтау жүйе­сін­дегі көшбас­шы­­­лықты және зама­науи ме­неджментті дамы­­­ту­­ды қолға алды. Са­рап­шылар­дың бол­­­жа­­мын­­ша, мемле­кет­тік меди­циналық ұйым­­дар­ды бас­қару тізгінін қолға алған ме­нед­­жер­лер осы мекемелердің қызмет көр­­­­сету сапасын артты­рып, өндірісті тұ­­рақ­­­ты дамыту­ға, нарық талаптарына сай бе­йім­­­­деуге мүмкіндік береді деген сенімде. 

Бағдарламаның алтыншы бағыты – денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың тиімділігін арт­тыру. Әлбетте, медициналық қыз­мет­кер­лерді сапалы дайындау және еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандарды дұрыс бөлу де – денсаулық саласын дамы­татын негізгі фактор. Сондықтан сала министрлігі халыққа қызмет көрсететін дәрігерлер мен мед­би­келерді даярлауға айрықша дайын­дықпен келгелі отыр. Ол үшін әлем­нің алдыңғы қатарлы оқу орын­дары­мен келісімшарттар жасап, шетелдік серіктестермен бірге, стра­тегиялық жос­пар­лар әзірлеу бағытында жұмыстар жүр­гізуде. Қазірдің өзінде фин моделі негі­зінде қанатқақты жоба қолға алы­нып, алты колледжде оқытылып жатыр. 

«Денсаулықтың» соңғы жетінші бағы­ты – мемлекет-жекеменшік әріп­тес­тігі және қазіргі заманғы ақпа­рат­тық-ком­му­­ника­циялық техно­ло­гиялар негізінде ден­саулық сақтау инфра­құрылымын одан әрі дамы­туды қамтамасыз ету. Мемле­кеттік инфра­құрылымдарды оңтай­лан­дыру шең­берінде аурухана­лық секторда тиімсіз пайда­ланылып отырған ресурстарды босату мен қайта бөлуге басты назар аударылмақ, халықтың денсаулығын сақтау мақсатында ескірген стандарттар мен норма­тивтер қолданыстан алынады және электронды денсаулық құжаты бірың­ғай біріктірілген платформаға орна­лас­тырылады. Бұл құжатта адам өмірі­нің соңына дейінгі денсаулығы туралы мәлі­меттер тіркеледі. 

Бұдан өзге, биылғы жылдың соңына дейін медициналық мекеме­лерді ақпа­рат­тық жүйе­мен – 50 пайызға дейін, 2018 жылы 100 пайызға дейін қамта­масыз ету міндеті тұр. 

Міне, «Денсаулық» бағдар­лама­сын­да көрсетілген осын­дай шаралар легі Мемлекет бас­шысы жүктеген мін­деттерді жүзеге асыруға мүмкіндік бере­ді. Әрине, «Денсаулық» бағдар­ла­ма­сында аталған мақсатты инди­катор­­ларға қол жеткізу – мемлекеттің я бол­маса емдеу мекемелерінің, дәрігер­лер­дің ғана құзыретіндегі шаруа емес. Әр­бір азамат өз денсаулы­ғына жауап­кер­шілікпен қарап, уақыты­лы дәрі­гер­ге көрінгенде ғана нәтиже бол­мақ. Ен­деше, әркім денсаулықтың қадірін ерте бастан ұғынып, «ауырып ем із­деген­ше, ауырмаудың жолын іздегені» жөн. 
 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, 

«Егемен Қазақстан»