Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2017

Назарбаев латын қарпінің жобасы туралы пікірін білдірді

348 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық және шетелдік журналистерге сұхбат беріп, қоғам үшін маңызды сан-салалы сұрақтарға жауап берді.

Назарбаев латын қарпінің жобасы туралы пікірін білдірді

Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне сатылай көшу қажет екенін айтты.

- Латынға көшу бәрін де алаңдатып жатыр. Бұл туралы көп айтылды, ғалымдар көп жұмыс істеді, тарихты қопарды, өзге елдің тәжірибелерін қарады. Ешқандай да ілгек болмасын деп айтқанмын. Таза қазақша дыбыстар бар - сегіз әріп. Соларды келтіріп беру керек, мәселе осында», деді Президент.  «Парламентке талқылауды ұсынғанмын, барлығы ескертуін айтты, қазір жіті қарап жатыр. Тілтанушылар, ғалымдар, тарихшылар келісімге келіп, айтса ғана жаңа әліпби жайлы жария етемін. Кирилл өз рөлін сақтап қалады. Сондықтан кирилл қарпін қолданып, орыс тілінде сөйлейтіндер алаңдамай-ақ қойса болады. Мендегі бар мәлімет бойынша, шамамен 2022 жылы бірінші сыныптан латын әліпбиінде сабақ өткізіле бастайды, деді Елбасы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев қызу талқыға түскен диграфтар жөнінде пікірін білдірді: «Мұнда мәселе түзеуде. Қазақша 8 әріп бар. Соны дұрыс белгілеу керек. Қазақ тілінде "ю", "я", "ь" әріптері жоқ. Японияны «Жапония» деп айтамыз. Осы әріптерді қолданып, қазақ тілін бұзып жатырмыз, сондықтан негізін түзейміз. Бұл өте маңызды шара. Мұнда атүсті қарауға болмайды, сондықтан саралай келе өту керек», деді Елбасы.

Сондай-ақ, Елбасы "ә" әрпінің жаңа жоба бойынша "ае" болып екі әріппен оқылатыны туралы уәжге қатысты ағылшынның "boeng", "school" сөздерін мысал ретінде келтіріп, диграфтың жаңа әліпбиге өтуде кедергі емес екенін жеткізді.  

Естеріңізге сала кетейік, Елбасының 2017 жылғы 12 сәуірде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиін қолданысқа енгізу керектігін айтты: «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліп­биімен басып шығара бастауға тиіспіз (...) Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көші­ру­дің нақты кестесін жасауы керек. Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру процесінің ерекше­лік­теріне байланысты». Назарбаевтың айтуынша, әліпбиге бейімделу кезеңінде бел­гілі бір уақыт кириллица алфавиті де қол­даныла тұрады. «Меніңше, бұл тез өтеді. Өйткені, бүгінде барлық балалар ағылшын тілінде оқиды. Ал ол латынша. Сіздер мен біздер үшін де бұл үлкен проблема болмақ емес», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысының айтуынша, әлемдегі ақпараттардың 70 пайызы латын әріпімен таралады, ғылыми-техникалық прогрес де осы тілде басым жүруде.

Сонымен қатар, Елбасы латын әліпбиіне көшу жобасы соңына дейін тыңғылықты дайындалуы керектігін ескертті. Сонымен қатар Елбасы жаңа қаріпке көшу орыс тілінен бас тарту емес екендігін жеткізді. 11 қыркүйекте Парламенті Мәжілісінде «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» деген тақырыпта парламенттік тыңдау өткен болатын. Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық координациялық-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Ербол Тілешов қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын ұсынды.  Жобада ұсынылған диаграфтар Қазнет қолданушылары арасында дау тудырып, қызу талқыға түскен болатын.