Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2017

Латын әліпбиінің қай нұсқасын дұрыс деп есептейді?

468 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен мемлекеттік тілге латын графикасы алфавитінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті. Жиынды Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жүргізді.

Латын әліпбиінің қай нұсқасын дұрыс деп есептейді?

Бұл күндері қоғамда қызу талқыланып жатқан ең негізгі мәселенің бірі – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Елдің келешегі жазумен тығыз байланысты болған соң қоғамның кез-келген азаматы бұған бей-жай қарамайтыны түсінікті де. Бұл орайда зиялы қауым өкілдерінің пікірлері қандай?

Философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім латын әрпіне көшуге қатысты өз ойын төмендегіше жеткізді: «Қазіргі ең бірінші мәселе – латын әліпбиіне өту. Әрине әлеуметтік желіде түрлі пікірлер айтылып жатыр. Бұл керек. Ғылымда оны дискурс дейді. Біз латын әліпбиіне көшер болсақ, әріпті көбейтпеуіміз керек. Түріктер, әзірбайжандар қосымша символдарды қосты. Бірақ біз ағылшындық алфавитті таңдауымыз керек деп ойлаймын. Бұл тұрғыдан келгенде кешегі ұсынылып отырған 25 таңбаны негізінен дұрыс деп есептеймін»-деді ғалым. Ол осы орайда жиілік әдісі (частотный метод) дейтін терминнің бар екенін, соған сәйкес екі таңбаны қосып жазғанда сөйлемдердің қаншалықты ұзаратынын, қанша көлемді алатынын нақты зерттеу керек деген пікірін де қосты. Сондай-ақ, бір таңбадан екіншісіне ауысқанда міндетті түрде фонетикалық өзгерістердің болатынын да атап өтті. Тіпті кириллицамен де көп дыбыстарды қате дыбыстап жүргенімізді жеткізді. 25 таңбалы әліпбиге қатысты көзқарасын Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Есенғали Раушанов былайша білдірді: «Мен 25 таңбаны жақсы да, жаман да деп баға бермеймін. Маған осы ұнайтынын жеткізгім келеді. Кейбір ақпарат көздері басталмай жатып «нашар» екенін айтып хабар таратуда. Бізге осы мәселеде ауызбіршілік керек сияқты. Мәдениет министрлігі ұйымдастырушы алқа болады деп сенеміз» -деген ақын латын әліпбиіне көшу мәселесі дер кезінде көтеріліп отырғанын айтып өтті. Қоғамда қанша адам болса, сонша ой-пікірдің болатыны да заңды екенін, сондықтан қоғамда болып жатқан кейбір түсініспеушіліктердің табиғи жайт екеніне де назар аударды.

Жалпы, дөңгелек үстелге қатысқан зиялы қауым өкілдерінің көпшілігі латын әліпбиіне көшу мәселесі дер кезінде көтеріліп отырғанына мән берді. Мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов  латын әліпбиіне көшу дамыған елдердің қатарына қосылуымызды жеделдетінін баяндады. «Қазір біз нанотехнология, биотехнология, гендік инженерия, ақпараттық технология бойынша артта қалып отырмыз»-деген ол латын әліпбиіне көшу өз уақытында айтылғанын, бірақ, жеті рет өлшеп, бір рет кесу қажеттігін мәлімдеді. «Екі түрлі принцип бар. Бірі – ағылшын тілінің принципі бойынша таңбалау, екіншісі – ұлттық ерекшелікті сақтап таңбалау. Біз өзімізге қолайлысын таңдауымыз керек»-деді ол.

Осы жиында екі таңбамен бір әріпті беру қағидатына қосылмайтынын белгілі қоғам қайраткері Асылы Осман айтты. «Мен латын әрпіне көшуді қолдаймын. Бірақ түсіндіру, насихаттау жұмыстары кемшін болып жатыр. Біреу дұрыс, біреу бұрыс түсінуде. Біз латын әліпбиіне көшкенде қазақ тілін латын әрпіне емес, латын әрпін қазақ тіліне бағындыруымыз керек. Қазақ тілі өз әуезділігін, шұрайлылығын,  ерекшелігін сақтауы керек. Ал, бірақ кешегі 25 таңбалы әліпбиді, екі әріпті бір-біріне қосақтағанды жөн көрмеймін», деді ол.

Дөңгелек үстелге қатысқан зиялы қауым өкілдерінің көпшілігі латын әліпбиіне көшудің терең қисыны барлығын, жаһандану дәуірінде мұның қажет екенін де атап өтті. Латын әліпбиін жастардың, әсіресе, мектеп оқушыларының тезірек меңгеріп кететіні де әңгімеге айналды.   Сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері латын әліпбиіне көшіру кезең-кезеңмен жүзеге асырылуы тиістігін де сөз етті. Өйткені оқулықтар, ғылыми, танымдық, көпшілік әдебиеттер шығару, түрлі түсіндірме сөздіктер, атластар, мерзімді басылымдар шығару- мұның бәріне уақыт, қаражат керектігіне мән берді.

Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»