Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2017

Кеден кодексінің қолданысы кеңеймек

707 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мәжілісте Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кезекті отырысы өтіп, онда «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодекстің жобасы ілеспе түзетулермен таныстырылды. Комитет төрағасы Нұртай Сабильянов жетекшілік еткен жиында Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов заң жобасы жөнінде негізгі баяндама жасады.

Кеден кодексінің қолданысы кеңеймек

Жұмыс тобының жетекшісі Нұртай Салихұлының айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің жобасын Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексіне сәйкестендіру мақсатында әзірленген.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің алтыншы шақырылымындағы үшінші сессиясында «Кеден кодексінің» қабылдануын және оның маңыздылығын айрықша атап өткен болатын. Сондықтан да біз бүгін ЕуразЭО Кеден кодексінің аясында ұлттық кеден заңнамасының құзыретін кеңейтуге жол ашатын сілтемелік нормаларды іске асыруды көздеп отырмыз», деді ол.

Ал баяндамашы А.Жұмағұловтың түсіндіруінше, соңғы үш жыл ішінде Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында Одақтың жаңа Кеден кодексінің жобасы әзірленген.

«Жұмыс мемлекеттік органдар мен бизнес – қауымдастық өкілдерінің қатысуымен жүргізілді. Негізгі мақсат – бизнеске әкімшілік жүктемені азайту. Осы бағытта атқарылған жұмыстар нәтижесінде, Қазақстан тарапы ЕуразЭО Кеден кодексіне 552 түзету жолдады. Бұл барлық түзетулердің 38 пайызын құрайды және біз ұсынған түзетулердің 65% қабылданды», деді Ұлттық экономика вице-министрі.

Осы орайда бір ескерте кететін жайт, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Кеден кодексі – Одақтың нормативтік-құқықтық базасының негізгі құжаттарының бірі болып табылады. Ол Кеден одағының қолданыстағы Кеден кодексін және бірқатар халықаралық келісімдерді ауыстырады деп жоспарланған. Сондай-ақ, кедендік реттеу жөніндегі негізгі тәсілдердің қайта қаралуына байланысты Одақ Кодексі айтарлықтай қайта өңделді.

Бүгінде ұлттық заңнаманың құзыретіне 350-ден астам сілтеме норма берілгендіктен, А.Жұмағұлов қолданыстағы «Кедендік реттеу туралы» кодексті ұлттық кеден заңнамасына сәйкес келтіру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылғанын алға тартты.

«Әсіресе, Кеден кодексі жобасының құрылымы кедендік операцияларды жасау логикасын басшылыққа ала отырып қалыптастырылды. Яғни, кедендік реттеудің түбегейлі жаңа тәсілі – кедендегі бизнес процестерді автоматтандыру болғандықтан, электронды декларациялау қызметі кеңінен енгізілуде. Қағазда декларациялау жекелеген жағдайларда, мысалы, техникалық ақаулар кезінде ғана қалады. Сол сияқты «Бірыңғай терезе» тетігі көзделген. Ол жерде Кеден органдары құжаттарды мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алған жағдайда декларанттан артық қағаз сұралмайды. Осы екі ережені іске асыру тауарларды автоматты түрде шығаруға мүмкіндік береді», деді баяндамашы.

Заң жобасында ақпараттық технологияларға баса назар аударудан басқа, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға өз шығыстарын оңтайландыру үшін бірқатар мүмкіндіктер қарастырылғаны да айтылды. Мәселен, кедендік баждар бойынша төлеуді кейінге қалдыру. Бұл жерде мемлекет декларантқа пайыздық төлеуді бір айға кейінге қалдыруды пайдалану құқығын береді. Жекелеген жағдайларда пайыздарды төлемей, алты айға дейін бөліп төлеу ұсынылады. Мұндай мүмкіндіктер, әсіресе: халықаралық шарттар шеңберінде жеткізілімдерді жүзеге асыру кезінде; ауыл шаруашылығы техникасын, егін жұмысының материалдарын, асыл тұқымды жануарларды әкелу кезінде; табиғи зілзала, технологиялық апат немесе өзге де еңсерілмейтін күш жағдайлары нәтижесінде төлеушіге залал келтірілген кезде ұсынылады.

Негізгі баяндамадан соң депутаттар заң жобасына қатысты сауалдар жолдады. Оның бірі – ұлттық Кеден Кодексі мен Еуразиялық экономикалық одақ Кодексінің өзара үйлесімділігі жайында болса, енді бірінде – интеграциялық институттар аясында әзірленетін басымдыққа ие құжаттарда Қазақстан экономикасының мүддесін қорғау мәселесі көтерілді. Сондай-ақ, халық қалаулылары баяндамашыға тіл терминологиясының тазалығын сақтау мақсатында халықаралық шеңберде бекітілген «Еуразиялық экономикалық одақ» сөзін қысқартып, «одақтас мемлекеттер» деп пайдалануға болмайтындығын да ескертті. Сан салалы сауалдарға жауаптарын алған депутаттар заң жобасының толықтыратын тұстары бар екендігін анықтап, жұмыс тобының алдағы отырыстарында қайта талқылайтын болып шешім қабылдады.

Айта кетейік, комитет отырысына «Ауыл» мен «Бірлік» саяси партияларының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары, қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестік өкілдері сынды кәсібі кедендік қызметпен тікелей байланысты түрлі саланың қызметкерлері қатысып, заң жобасының талқылануына белсенді атсалысты.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»