Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2017

Алғашқы көмекті көрсетуді әр адам білуі тиіс

404 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Республикалық санитариялық авиация орталығы мен Қызыл жарты ай қоғамы Дүниежүзілік алғашқы көмек көрсету күніне арналған бірлескен шара өткізді. Журналистерге арналған баспасөз турына Мәжіліс депутаттары, денсаулық сақтау саласының мамандары мен еріктілер қатысты.

Алғашқы көмекті көрсетуді әр адам білуі тиіс

Әлемде жыл сайын миллиондаған адам алғашқы көмек дер кезінде көрсетілмеуі салдарынан қайтыс болады екен. Сондықтан кез келген адам жедел жәрдем жеткенше көрсетілетін алғашқы көмекті білгені жөн. Мысалы, жол апатынан қатты жарақат алған, жүрегі кенет тоқтаған жандарға шұғыл көмек көрсетсе, олардың өмірін аман сақтап қалуға болады екен.

 Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Республикалық санитарлық авиация орталығының қызметкерлері тосын жағдайларда қандай әрекет ету керектігін жиналғандарға көрсетті. Журналистерге иіс тисе таза ауа жұтқызу, қан тоқтату, жараны таңу, сынған аяқтың немесе қолдың қозғалысын тежеу, жасанды дем алдыру, жүрекке жабық массаж жасау секілді тәсілдер жаттығу түрінде түсіндірілді.

Жалпы, алғашқы көмек көрсету тәсілдерін үйренгісі келген адамдар республикалық санитариялық авиация орталығына келіп, арнайы курстан өтуге болады. Бүгінгі таңда жаттықтырушылар еліміздегі барлық медициналық ұйым қызметкерлерін үйретіпті. Енді мұғалімдерді де оқыта бастаған. Келешекте халық көп жүретін қоғамдық орындардың қызметкерлерін алғашқы көмек көрсету тәсілдерін үйрету жоспарда бар.