Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2017

Медсақтандыру қорына жиналған ақша ешқайда кетпейді – Президент

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

 

Ақордада журналистермен өткен кездесу барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жиналған ақшаның ешқайда кетпейтінін, оның тиісті мақсатта жұмсалатынын айтты

Медсақтандыру қорына жиналған ақша ешқайда кетпейді – Президент

 

Кездесуде журналист президентке «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру реформасы кейінге шегерілгенмен одан жиналған қаржы бар. Ол – 6 млрд теңге шамасында. Халық бұл қаржы бизнесті дамытуға жұмсалады деп алаңдап отыр. Жалпы осы қаржының тағдыры қалай болмақ?» деп өз сауалын жолдады.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жиналған ақша ешқайда кетпейді. Біз медициналық сақтандыру деген мәселені біртіндеп қарастырамыз. Себебі, ол қажет. Жалпы біздің адамдар өз денсаулығын бағаламайды. Кеше мен Ұлттық ғылыми кардиоорталықтың басшысы Юрий Пямен сөйлестім. Ол маған «жүрекке ашық операция жасау батыста 40-50 мың доллар ал жүректі ауыстыру 500 мың доллар тұрады» дейді. Оны ауыстыру әр адамның қолынан келмейді ғой. Ол жақта ақша төлейді. Ал біздің жақта барлығы үкімет төлесін дейді. Ал егер медициналық сақтандыру қоры болатын болса, азаматтар өздерінің денсаулығына жауап береді. Яғни қорға ақшаның бір бөлігін азаматтың өзі, бір бөлігін жұмыс берушілер, бір бөлігін мемлекет төлейді. Үш бөліктен тұрады. Біздің қазіргі зейнетақы жүйеміздің өзі сондай», - деді Нұрсұлтан Назарбаев журналистің сұрағына.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесін 3 жылда шешу қажеттігін алға тартты.

«Медициналық сақтандыруға тезірек өтеміз деп ойлап едік, сараптап келгенде проблемалар шықты. Қазақстанда қорға ақша төлей алмайтын адамдар бар екен. Төлей алмайтындар емделген кезде қордан ақша ала алмайды. Сондықтан біз олардың мәселесін 3 жылдың ішінде шешуіміз қажет», - деді ол.

Осы жерде Қазақстан президенті қандай мәселені шешу қажеттігін анық айтты.

«Аталған мәселе өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 2 млн-нан астам азаматқа қатысты. Оны анықтап қарасақ, оның жіктері бар. Оның 1 млны жұмыс істейді. Бірақ өздерін жұмыссызбын деп есептеп, салық төлемей отырады. Оның ішінде түрмеде отырғандар, кәмелеттік жасқа толмаған балалар бар. Сондықтан осының барлығын шешу керек», - деп түйіндеді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.