Парламент • 15 Қыркүйек, 2017

Қорғай алмайтын қордан пайда жоқ

273 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2016 жылы Үкімет қаулысымен «Туристік қамқор» атты корпоративтік қор құрылды. Ол сыртқа шыққан отандық туристердің құқықтарының бұзылмауына кепілдік беретін жүйенің әкімгері болмақ еді. Азаматтардың құқығының сақталуына кепілдік жасалуы үшін туроператорлар әрбір турист үшін осы қорға 0,5АЕК (2017 жылы ол 1134,5 теңге болды) көлемінде қаражат аударуы туралы ереже де бекітілді. Сонымен қатар, туроператорлар мен туроператор-фрахтаушылар әрбір туристке тиісінше 5000 және 15000 АЕК көлемінде банкілік кепілдік беруі керек-ті. 

Қорғай алмайтын қордан пайда жоқ

Бүгінгі таңда аталмыш қор жүйесіне 500 туристік компанияның 62 туроператоры тіркеліп, қорға 230 млн теңгедей қаражат түсірді. Алайда осы уақыт аралығында қор өзінің тиімді жұмыс істей алатындығын көрсете алмады. 2016-2017 жылдары қазақстандық туристердің түрлі келеңсіз оқиғаларға ұшырап қалуы көп болғанымен «Туристік қамқор» қоры үш-ақ жағдайда ғана көмек қолын соза алды. Оның өзінде де елге қайту билетін алып берумен ғана шектелді. Бірінші жағдайда Араб Әмірліктерінен ауа райының қолайсыздығынан елге ұша алмай қалған туристерге қайту билетін төлейтіндігі туралы авиакомпанияға кепілхат берді. Екінші оқиғада алданып қалған балалы әйелге қайту билетін әперді. Ал соңғы жағдай банкротқа ұшыраған «Elite Class» компаниясына қатысты болды. Мұнда қор туркоды бар 8 туристке ғана көмек бере алды. Қалған 24 туристің тағдырын шешуге Қазақстанның Түркиядағы консулдығы көмек жасап, басқа демеуші компания тарту арқылы 32 мың долларлық шығынды төлеп, азаматтарымызды елге қайтарды. 

Міне, бұлар қордың жарым-жартылай болса да көмек қолын созған мысалдары. Басқа кездің бәрінде қор туроператорлардың өзінің жүйесіне енбейтінін сылтауратып, көмек беруден бас тартты. Мәселен, 26 шілдеде қазақстандық 30 турист банкротқа ұшыраған «Onur Air» авиакомпаниясының рейстен бас тартқанында Анталья қаласынан елге жете алмай, далада қалғанын бүкіл қазақстандықтар біледі. Жағдайды демеушілер тапқан консулдық қана шеше алып, азаматтарымыздың елге жетуін қамтамасыз етті. 

Осындай мәселелерден кейін «Туристік қамқор» қорының туристеріміздің құқықтарының сақталуына кепілдік бере алмайтынына көзіміз жетіп отыр. Ал біздің түсінігіміз бойынша аталмыш қор азаматтарымызды елге қайту билетімен ғана қамтамасыз етпей, толыққанды демалуына кепілдік беруге тиісті еді. Ақысын төлеген соң ол қазақстандықтардың алаңсыз демалуын толықтай қамтамасыз етіп, тек сосын ғана өз ісіне ықылассыз туроператорларды талқылауға салуы керек-ті. Алайда қор осы екі міндетін де орындамай отыр, сонда туркомпаниялар мен олардың клиенттері төлеген қаражат қандай мақсатқа жұмсалуда? Нарыққа тән рыноктық тетіктерді, сақтандыруларды қарабайыр әкімгерлікпен ауыстырғанда осылай болатыны белгілі. Бұл істі Мемлекет басшысы да білетін болса керек, өйткені биылғы сессияның ашылуында сөйлеген сөзінде ол толыққанды сақтандыру жүйесін енгізуді талап етті. Сонымен бірге, ол медициналық және әлеуметтік сақтандыру қорларының жұмыстары да теңгерімді еместігін нақты сынады. 

Осыған байланысты Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының мүшелері Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтан төмендегілерді талап етіп, сауал жолдады: 
1) Бизнестің міндетті төлем жасауын міндеттейтін бюджеттен тыс және қаражатты жұмсауы ашық емес көптеген қорлар құру практикасы тоқтатылсын. Мұндай төлемдердің бәрі іс жүзінде бизнеске қосымша салық болып отыр, сондықтан олар бюджет арқылы ғана өткізіліп, Парламенттің қаражатын бекітуі және бақылауымен ғана ісін жүргізетін болсын. 
2) Бұрыннан құрылған осындай қорлардың бәрінің жұмыс істеу қағидасы қайта қаралсын және қажеті жоқтар таратылып, есепшотындағы қаражаттары бюджетке аударылсын. 
3) Туристік, медициналық және басқа да салалардағы тәуекелдерді сақтандыру жүйесінің нарықтық жолмен дамуы үшін нақты ынталандыру шаралары жасалып, бұл қызметтердің сапасы арттырылсын және қатысушылардың жауапкершіліктері нақтылансын. 
Сауалға «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының барлық мүшелері де қол қойды. 

Меруерт ҚАЗБЕКОВА,
Мәжіліс депутаты