Бокс • 18 Қыркүйек, 2017

Алыптар айқасы тең аяқталды

361 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Геннадий «GGG» Головкин мен Сауль «Канело» Альварес арасындағы жекпе-жек Лос-Анджелестегі талай доданың куәсі болған T-Mobile аренасында өтті. 

Алыптар айқасы тең аяқталды

Кәсіпқой бокс әлемінде зор қызығушылық тудырған бұл айқасты 20 мың адам спорт сарайында отырып тамашаласа, телевизия арқылы қызықтаған жұрт сан миллиондардан асып кетті. 

Өзбекстанда мемлекеттік сапармен жүрген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Америка Құрама Штаттарындағы Лас-Вегаста WBA, WBC, IBO, IBF және The ring тұжырымдары бойынша бокстан әлем чемпионы атағы үшін өткен Геннадий Головкиннің Сауль «Канело» Альвареспен жекпе-жегін тікелей эфирден көріп, отандасымызға құттықтау жеделхатын жолдады.

«Миллиондаған қазақ­стан­дықтар саған бір ауыздан қызу қолдау көрсетті. Сен тартысты әрі жанкешті жекпе-жекте айрықша табандылық танытып, қажымас қайрат пен асқан шеберлік көрсеттің.

Сенің кәсіпқойлығың, зор қабілетің, қол жет­кізген абырой-беделің, ең бастысы – өз ісіңе шексіз адалдығың келешектегі жарқын жеңістеріңнің кепілі бола берсін», – делінген жеделхатта.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев боксшыға зор денсаулық және алдағы белестеріне табыс тіледі.

Жекпе-жек қазақстандық спортсүйер қауымға да тақым қыстырып қойған еді. Бокс деген бекзат өнеріңіз бірінші нөмірлі спорт түріне айналған елдің еңбектеген баласынан, еңкейген кәрісіне дейін бұл шайқасты демін ішіне тартып, дегбірсіздене күтті. Тіпті, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі 14 қыркүйек күні БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәслихатында «Бұл – Қазақстан халқы үшін үлкен оқиға! Ол бәрімізді теледидар алдына жинайды. Біздің жерлес GGG-дің атағы мен даңқы қазір жер жарып тұр. Бұл – өте маңызды кездесу. Мексикалық Альварес – өте танымал, шеберлігі жоғары боксшы», деп аталған бокс матчына ерекше маңыз берген болатын.

Кәсіпқой бокстағы орта салмақтың «әулиесін» анықтайтын осы жекпе-жекті Геннадий Головкин боксшылардың тілімен айтқанда, «бірінші нөмірмен» жұмыс істеп, адуынды түрде бастаған. Бірақ қанша жерден шабуылдағанмен, оның соққылары көпке дейін мексикалық боксшыға дарымай діңкелетті. Ал Альварес болса, аңдай бағып, қарсыласының қапысын табуды көздеді. Яғни ол көбіне қорғаныста жүріп, қарсы шабуылмен қарымта қайтару тактикасын ұстанды. Жеме-жемге келгенде, бұл жоспар өз жемісін берді де. Үнемі алға ұмтылып, үстемдігін үдеткісі келген Головкинді «Канело» арқанға арқасы тіреліп тұрса да бірнеше мәрте тосып алып ұрды. Және де ол Головкиннің ауыр соққыларының көбін денесіне дарытпай, қорғануға келгенде қамшы салдырмайтын шебер екендігін көрсетті.

Жалпы, бұл жекпе-жекте 10-шы раундтағы Альверстің Головкинді бір ұрып, теңселтіп жібергенін есептемегенде, соншалықты жойқын соққылар дөп тиіп, боксшылар есеңгірейтіндей жағдай болған жоқ. Бұлай болуы заңды да еді. Неге десеңіз, шаршы алаңда терезесі тең қарсыластар өнер көрсетті. Бірін-бірі әбден зерттеп, ұзақ уақыт аңдысқан әккі қарсыластардың жекпе-жегінен басқаны күтудің өзі әбестік болар еді. Егер де, екі боксшы сақтықты ысырып қойып, ашық айқасқа барғанда – жекпе-жектің тағдыры басқаша шешілер ме еді, кім біледі?

Сонымен, 12 раундқа түгел созылған жекпе-жектің тағдырын шешер сәт те келіп жетті. Бірінші төреші Адалаида Берд 118-110 есебімен жеңісті Альвареске берді. Екінші қазының бүйрегі Головкинге бұрды, есеп – 115-113. Ал үшінші төреші болса, екі боксшыға да бірдей ұпай беріп (114-114), таразының басын теңестіріп қойды.

Әрине, бұл шешімге Сауль Альварестің көңілі толмағаны байқалып тұрды. Ол өзінің басымдығына титтей де күмән келтірмеген еді және кезекті «жеңісін» Мексикасының дәл сол күнгі ұлттық мерекесіне арнауды мақсат етіп шыққан еді шаршы алаңға...

Жекпе-жектен кейін рингте тұрып сөз алған Головкин былай деді: «Маған мексикалық бокс мәнері ұнайды. Драмаға толы шоу көргім келді. Бүгін ол көп бола қойған жоқ. Әрине, шындап төбелескім келеді. Мен әлі чемпионмын!». Осыны айтқаннан кейін ол қазақстандық жанкүйерлерге қарата «Алға, Қазақстан!», деп ұрандатты. Алыстан ат арытып келген жерлестеріне «Үлкен рахмет, жігіттер!», деп қазақ тілінде алғыс айтуды да ұмытпады.
Ал Альварестің сөзінен өкініш табы сезіліп тұрды. «Ештеңе де сезінбедім. Бұл мені таңдандырды. Бірінші раундта мен оны тексеріп көрдім, ал одан кейін жеті-сегіз раундты сөзсіз алдым. Қалай жоспарладық, солай бокстастым. Әрине, қарымта жекпе-жекті қалаймын. Егер жұрт көргісі келсе, істейміз», деді «Канело».

«Бәрін айт та, бірін айт» деген, жекпе-жектің қорытындысына риза болмаса да, екі боксшы рингтен олжасыз кетпеді. Бірінші орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Альварес 5 миллион долларды жамбасқа басса, біздің Головкинге 3 миллион доллар бұйырды. 

Әділіне жүгінер болсақ, бұл жекпе-жекте Альварес жылдамырақ және әлділеу көрінгендей болды. Мұны жекпе-жек қорытындысын шығарған соққылар статис­тикасы да қуаттайды. Мәселен, беделді CompuBox жүйесінің дерегіне сүйенер болсақ, Головкин айқас барысында 703 соққы жасаған екен. Соның 218-і діттеген жеріне тиіпті. Ал «Канелоның» соққысы кем шыққан. Есесіне, 505 соққының  169-ы Головкинді дәл тапқан. Бұдан бөлек, күш салып жасаған соққылар статистика­сы да көп жайтты аңғартады. Мәселен, Головкин 342 күшті соққы жасап, оның 110-ын қарсыласына дарыта алған (32,2%). Ал Альварестің 272 жойқын соққысының 114-і дөп тиген.

Сонымен, осыған дейін 37 жекпе-жек өткізсе де жеңілістің ащы дәмін татпаған Геннадий Головкин атының басын ірікті. Дегенмен ол өзінің төрт тұжырым бойынша (WBA, IBF, WBC және IBO) чемпиондық атақтарын сақтап қалды. Мұның өзі үлкен олжа: жеңіске пара-пар жетістік. Ал бірінші орта салмақта небір саңлақтарды қоғадай жапырып келген Сауль Альварес үшін бұл тең түсу көңіл көншітпейтіндей нәтиже болуы әбден мүмкін. Осыған дейін шаршы алаңға 51 мәрте шығып, бір рет жеңіліп, бір жекпе-жекте ғана тең түскен боксшы тек қана жеңем деген нық сеніммен кіріскен бұл жолғы додаға. Иә, отыздың ортан белінен асқан «ардагер» боксшы мен нағыз дер шағындағы жампоздың төрешінің шешіміне әрқилы қарауын әбден түсінуге болады. Бұлар ғана емес, қазір әлемнің аузы дуалы мамандарының өзі қырық пышақ болып дауласып жатыр. Ал промоутерлердің бір бармағы іште бүгулі...

Иә, шоу міндетті түрде жалғасын таба­ды. Кәсіпқой бокстың иірімі жанкүйер жазғанды тереңіне бұрынғыдан бетер тарта түсіп, алдағы уақытта «Қарымта қашан?» дегізумен дегбірін алар түрі бар.

Қайрат Әбілда, 
«Егемен Қазақстан»