Бизнес • 18 Қыркүйек, 2017

Отандық техника ауыл шаруашылығын дамытудың тетігіне айналып келеді

1048 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазір Қостанай облысында астық үшін ар­палыс қызу жүріп жатыр. 

Отандық техника ауыл шаруашылығын дамытудың тетігіне айналып келеді

Тамыз айының 18-нен егінге орақ түскен болатын. Қыр­күй­ектің 10-на дейін жаңбыр жаумай диқа­нн­ың тілегін бергендей еді. Құбылмалы күз ауасы емес пе, кейінгі күндері аспанды қою бұлт қап­тап, сүмбіле туып, су суып дегендей, мұз­дай жаңбыр ауық-ауық жауып тұр. Сонда да астық алқабының 85 пайызы бастырылды. 

Сондай диқанның бірі Қамысты ауда­нын­дағы «Алтынсарин» жауапкершілігі шек­­теулі серіктестігінің директоры, Қазақ­стан­ның Еңбек Ері Борис Князев дер едік. Борис Павловичтің шаруашылығы 100 мың гек­тарға дән себеді. Бұл бір шаруашылыққа аз көлем емес. Көктемгі дала жұмыстарын да уақытында аяқтайды, биылғы астықтың да 60 пайызын қамбаға құйып үлгерді. Со­ның барлығы да техниканың арқасы екенін ай­тып жатудың өзі артық. Оның бүгін ас­тық алқабын ұстарадай сыпырып жүрген ком­байндарға асқан жаткаларының 60 пай­ызын алыстан арбаламай-ақ, облыстың Лиса­ков қа­­ласында орналасқан «Дон Мар» ауыл­ша­руа­шылық техникаларын шыға­ра­тын зауыттан алды. «Дон Мар» зауыты жаткалардың 9, 12,16 метр ұзындықта жасайды. 

– Бізге бірінші рет 16 метрлік жатканы Бо­рис Павловичтің сұранысымен жаса­дық. Ол бізден жатканың 9 метрлігін де, 12 метр­лігін де алған болатын. Бірде 14 метр­лік ара­лық жаткаға сұраныс берді, астық алқа­бы­ның шаршыларына лайықтаған болуы керек. Біздің зауыт мамандары қандай жаткаға сұраныс берсе де жасауға дайын, – дейді зауыт директоры Юлия Стригина. 

Жергілікті зауыт шығарған ауыл­ша­руа­шылық техникаларын бүгінде тек «Ал­тын­сарин» секілді ірі шаруашылықтар ға­на емес, астық алқабы бір мың гектарға же­т­пей­тін шаруа қожалықтары да сатып алады. Зау­ыт­тың биыл шығарған өнімінің 70 пайызын ша­руашылықтар қолма-қол ақшаға сатып алып­ты. Зауыт жылына 350 жатка сатады, ал биыл 3 дән себу кешенін сатқан. 

– «Дон Мар» зауыты техникаларын Ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институты Қостанай филиалының сынақ алаңынан өт­кізеді. Жаткалар қарапайымдығымен, Қос­танай облысы астық алқаптарына бей­ім­­делуімен, әмбебаптығымен диқандар көңі­лі­нен шығады. Мысалы, биыл зауыт сатқан дән себу кешендерінің шетелдік техникалардан ешқандай кемдігі жоқ. Өйткені бұлар жер­гі­лік­ті астық алқаптарының, топырақтың, та­биғат ерекшеліктерін ескеріп отырып жа­сал­ған. Сонымен қатар, жаткаларға адаптер қояды да майлы, бұршақ дақылдарын да ора бе­реді, қысқасы әмбебап техника, – дейді рес­пуб­ликалық ғылыми зерттеу институты Қос­танай филиалының директоры Владимир Астафьев. 

Әрине, жаңадан ірге теуіп, бірте-бірте дамып, ырғақты жұмыс істеп тұрған «Дон Мар» зауыты мыңның бір мысалы ғана. Дағдарыс сейіліп, ауыл шаруашылығы бойын тіктей бастағанда, шаруашылықтар шетелдік озық тех­никаны көптеп әкелді. Бірақ қанша озық тех­ника дегенмен, олардың 60-80 пайы­зының бұл күнде тозығы жетті. Уақыт өте аме­рикалық, еуропалық техникалардың біз­дің даланың жағдайына аса ыңғайлы емес тұс­тарын да байқады. Қуатты болғанымен астық­тың сабанын алқапқа кебектей суырып ша­шып кететін шетелдік комбайндардың бар­лығы бірдей егіні мен мал шаруашылығы қа­тар жүретін қазақ даласына тиімді деп ай­туға келмейді. Зауыттар қазір шығарған әр техниканың жергілікті жерге бейімділігін ғалымдармен кеңесе отырып, қадағалайды. Мы­салы, «Дон Мар» зауыты шығарған дән се­бу кешені өте тиімділігі жағынан шет­е­л­дік баламасын жолға тастайды екен. Өйт­кені ол Қазақстанның қай аймағындағы егіс алқаптарында да көктемде ылғал жетіс­пей­ті­нін ескере отырып жетілдірілген. Шет­ел­ден алынған дән себу кешендерінің табаны ыл­ғалы аз топырақты одан сайын кептіріп жі­береді. Ал «Дон Мар» шығарған дән себу ке­шені топырақтың ылғалын 20 пайыздан ар­тық кептірмейді. Ғалымдар мен мамандар ай­та беретін техниканы бейімдеудің сыры осын­да жатса керек. Бейімді техника ауыл ша­руашылығындағы өнімділікті, сапаны қамтамасыз ететін болады. 

– Тозған шетелдік техникаларын диқан­дар 2000 жылғы бағамен енді ала алмайты­ны анық, ол уақыттан бері доллар екі есе­ден артық өсті. Қазір оларды алуға Қос­танай облысындағы «Алтынсарин», «Қар­қын», «Қа­расу», «Диев» секілді қуатты ша­руа­шы­лықтардың өзі ойланады немесе амалсыз несиеге кіреді. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін өзімізде техниканың төрт тірегі – комбайндардың, тракторлардың, аспалы-тіркемелі және тұқым тазалайтын тех­никалардың молшылығын жасау керек. Ол үшін Елбасының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы өнеркәсіп кешенін да­мытудың мемлекеттік бағдарламасына өзге­рістер енгізіліп, он басымдық ай­қын­да­лып жатыр, солардың ішінде ауыл­ша­руа­шылық техникаларын өндіру ісі бар, – дей­ді Ауыл шаруашылығын мехникаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының директоры Асқар Нәметов. Институт мамандарының айтуынша, қазір шетелден алынатын техникалардың 50 пайызы біздің егін шаруашылығы алқаптарына бейімделмеген. Сондықтан оның сынуы да, тозуы да тез. Ең бастысы, техниканың жұмыс сапасының төмендігі – астық сапасының тө­мендеуі дей беріңіз.

Ауылшаруашылық тех­никаларын өзімізде шығарылуы артса, жұмыс орны да көбеймек. Қазірдің өзін­де ауылшаруашылық техникаларын жа­сай­­тын зауыттарда қазақстандық үлес 60 пай­ыздан асып кетті. Соның бірі «Дон Мар» зауытында алынған материал мен жұмысты қоса есептегенде қазақстандық үлес 68 пайызға дейін жеткен. Зауытта өт­кен баспасөз турында директор Юлия Сти­ги­на сұраныс болса, өндірістің жылына 500 жат­ка шығаруға қауқары жететінін айтты. Сон­дықтан әңгіме диқандарға берілуге тиіс­ті жеңілдетілген несие туралы өрбіді. Ауыл шаруашылығы министрлігі «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жеңілдікпен несие беру үшін «Жол картасы» жасалды. Ком­байнға тіркейтін немесе аспалы жабдық-тех­никалар алу үшін сұраныс жасағандарға 5,5 жылдық пайыз үстемемен 10 жылға несие беріледі, ол үшін биыл 5 миллиард теңге бө­лінді. Биыл Қостанай облысында 150 трак­тор, 95 астық жинайтын комбайн, 119 се­ялка, 41 дән себу кешені алынған. Бізге бел­гі­лісі, диқандар әлгі 95 комбайнның 39-ын жер­гі­л­ікті «АгромашХолдинг» машина жасау зау­ытынан алған, «Есіл 740» комбайны. Егін шаруашылығы үшін алған техника ба­ғасының 25 пайызы, мал шаруашылығы үшін алған техниканың 50 пайызы субсидияланады. Биыл Аграрлық несие корпорациясы техника алу үшін 1 миллиард 800 миллион теңге бөлген. 

Облыста тек «Дон Мар» емес, «Агромаш Холдинг» зауыты комбаиндар, іргесі ертеде қаланған «Агротехмаш» байырғы зау­ыты егін шаруашылығына қажетті тех­ни­ка­лар­дың түр-түрін шығарады. Оның сыртын­да, ауыл шаруашылығын механикаландыру жә­не электрлендіру ғылыми-зерттеу инс­ти­тутының Қостанай филиалындағы ша­ғын тә­жірибе зауыты да топырақ өңдеу тех­ни­ка­ларының жаңа түрлерін ұсынып отыр. Осылардың барлығы да отандық нарықты игеруі үшін қаржылай қолдауды талап етеді. 

– Мысалы, Беларусьте техниканың жаңа түрін шығарған зауытты корпоративтік салықтан үш жылға босатады. Оның осы жылдар ішінде тапқан пайдасы зауытты дамытуға жұмсалады. Ал Ресейде ауыл шаруашылығы машина жасау саласын дамыту бағдарламасы шықты. Онда Ресейде құрастырылған техникаларға 50 пай­ызға дейін субсидия беріледі. Бұл үлкен кө­мек. Қазақстандағы зауыттарға да осы сипат­та­ғы жеңілдіктер өте қажет-ақ. Біздің Қазақ­стан­ның солтүстік аймағында техника шы­ғаратын зауыттар жетерлік, бірақ олар мұ­най­шыларға, газ өндірушілерге қажетті жабд­ықты шығаруға бейімделген. Өйткені өндірістен сұраныс жыл сайын түседі. Ал ауыл шаруашылығында бір жыл астық шықпайды, келесі жылы бидайға баға түсіп кетеді дегендей, өндіріспен салыстырғанда тұрақтылық төмен. Сондықтан қазір қуаты мол зауыттар ауылшаруашылық техникаларын шығаруға аса құлықты емес, – дейді Владимир Астафьев. 

 Дегенмен, Қазақстанда комбайн, тракторды болмаса да, әзір тіркемелі-аспалы техникаларды шығаруға мүмкіндік бар. Мұның диқандар үшін зәрулігі де бар. Осы техника түрлерін зауыттар бір «Дон Мар» зауытының мысалы көрсеткендей, шетелдік баламаларынан артық болмаса кем етпей, бейімдеп шығара алады. Бірақ зауыттардың басым көп­шілігінде осындай ауыл­шаруашылық тех­никаларын жа­сау­дың көп пайызы қол жұ­мы­сымен ат­қа­рылады. Сон­дықтан баға да қым­бат. Жұ­мыс­тарды за­манауи станок-құралдармен ат­қа­рылатын же­ліге салғанда ғана өндірілетін тех­ни­калардың саны сапқа жүздеп, мыңдап қо­йы­лар еді, әрі соған орай бағасы да бірден арз­андайды. Ал ондай құралдармен зауыттарды жабдықтау қаржыға түсетіні белгілі. Оның басты жолы салаға инвестиция тарту болып отыр. 

– Қазақстанда топырақ өңдейтін аспалы және тіркемелі техникалардың соқа, тырма, қопсытқыш секілді түрлерін өнді­ру­ге шетелдік инвесторларды тартып, бір­лес­кен кәсіпорын құру жұмыстарын «ҚазАгро» холдингіне қарасты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қолға алды. Оған алғашқылардың бірі болып Түркия­ның ALPLER AGRIKULTURERAL MACHINERY компаниясы мүдделілік танытып отыр. Ауылшаруашылық техникаларын шығаратын, тарихы өткен ғасырдың 20-шы жыдарынан басталатын түрік компаниясына Петропавл металл құрастыру зауыты әріптес болмақ. Әзірге тараптар істі келіссөз және жұмысты ұйымдастыру деңгейінде жүргізуде. Бір анығы, болашақ бірлескен кәсіпорын жұмысты бастағанда-ақ қазақстандық үлес 25 пайыздан кем соқпайды, – дейді Аграрлық несие корпорациясы басқарма төрағасының кеңесшісі Болат Ақанов. 

Шетелдік инвестиция тарту жұмыстары алдағы уақытта Еуропаның, Қытайдың, Үндістанның жетекші компанияларымен де жалғасатын көрінеді. 
Ауыл шаруашылығын дамытудың кілти­па­ны техникада екені диқан мен шаруаға ға­на емес, баршаға аян. Онсыз азық-түлік мол­шылығы да жасалмайды, саланың экс­порт­тық қуаты да артпақ емес. Ауыл ша­руа­шылығы дамыса ауылдың әлеуметтік жағ­дайы түзеліп, еңсесі көтерілер, жаңаша жаң­ғырар еді. Елбасы «ауыл шаруашылығы экономиканың драйвері болуы тиіс» деп бекер айтқан жоқ. Оны дамытудың басты тетігі үшін жұмыс жүріп жатқанына куә болғандаймыз. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ 

Соңғы жаңалықтар