Технология • 20 Қыркүйек, 2017

Цифрлы индустрия: 3 D принтердің денсаулық сақтаудағы соны жаңалығы

1136 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді үшінші жаңғыруға бастаған Жолдауында цифрлы индустрияны дамыту басқа салаларға да серпін беретінін айтқан болатын. ІТ саласы айрықша мүмкіндіктер ашатын саланың бірі – медицина. Осы орайда 3 D принтердің денсаулық сақтаудағы соны жаңалыққа айналатынын айтуға болады.

Цифрлы индустрия: 3 D принтердің денсаулық сақтаудағы соны жаңалығы

Көрнекі сурет

Адам қиялының жемісі игілікке қызмет етсе жасампаздық болмақ. Бүгіннің өзінде 3 D принтер сондай бір қолжетпес бұйым емес. Осыдан 10-15 жыл бұрындары қарапайым принтерлер тек кеңселерде, жұмыс орындарында ғана болса, бүгінде әрбір үйде принтер тұруы үйреншікті, қалыпты жағдайға айналды. Сондықтан да қазіргі 600-700 мың теңге шамасында тұратын 3D принтердің болашақта әр үйде тұруы да ғажап емес. Ал 3 өлшемді принтердің мүмкіншілігі ғажайып деуге болады. 

 Биыл ресейлік ақпарат құралдары Мәскеудің түбіндегі Ступино қаласында толықтай 3D принтерден шығарылған жаңа 1 қабатты тұрғын үйдің небары 24 сағаттың ішінде басылып шығарылғанын хабарлады. 38 шаршы метр жерге орналасқан, ас әзірлейтін және жуынатын жері – ваннасы бар, бір бөлмелі бұл үйді ресейліктер Сан-Францисконың Apis Cor стартап фирмасымен бірлесе қолға алыпты. Бұл бастама ғана, жуық арада 3 өлшемді принтерден шығарылған дүниелер құрылыс индустриясында төңкеріс жасайды, дейді олар. Ал Біріккен Араб Әмірліктері Дубай қаласында әлемде тұңғыш рет осы 3 өлшемді принтер арқылы көк тіреген биік үйлер салынатынын, оның құрылысын роботтар атқаратынын мәлімдеп отыр. 

Forbes журналы 2020 жылы бұл технологиямен шығарылған тауар мөлшері 3,1 млн долларға жетеді деп болжам жасады. Болашақта 3D принтер көмегімен фабрикалар тұтынушылар үшін мейлінше арзан заттар шығарады. Тіпті дүкендердің өзінде жекелеген адамдардың сұранысын сол сәтте орындап, алдымен дене пішінін сканерге түсіріп алып, содан кейін қалаған түсінде, қалаулы реңк пен қалаған сән үлгісіндегі киімді принтер шығарып береді. Көйлек, костюмдерді ғана емес, аяқ киімді өзіңіз қалағандай жасап, дүкеннен 3D принтерден жаңа ғана шыққан киімді киіп шығып кетуіңізге болады дейді мамандар. 

Шынына келгенде, 3D принтердің мүмкіндігі шексіз. Ол барлық үш өлшемдік суреті бар файлдарды қабылдап, пластик, шайыр, керамика, металл, тағы басқа материалдардың қабаттарын бір-бірінің үстіне жинап, одан тауар жасап шығарса, автоматтандыру мен ғарыш саласы түпнұсқаны жасау үшін осы технологияны ондаған жылдардан бері пайдаланып, 3D принтер арқылы жасалған көптеген құрамалы бөлшектер ұшақтарда, адамсыз ұшатын аспаптарда және спутниктерде қолданылып келеді. Тұрмыс-тіршілікте, ғылым-білімде кең көлемде қолданысқа ие болатын 3 өлшемді игілікті медицинада пайдаланудың кеңістігі де аса зор. 

Цифрлы технологияларды да­мы­туға негізделген еліміздегі жаңа бағдар­ламаның бірі – 3 өлшемді принтерден адамның аяқ-қолын басып шығару ісі. Республикалық электронды денсау­лық сақтау орталығының бас директоры, техника ғылымдарының докто­ры Олжас Әбішевпен әңгімелесу барысында аңдағанымыздай, 3 өлшемді принтер арқылы адамның қол-аяғын басып шы­ға­рудың тиімділігі – әр ағзаның ерекшелігін есепке алып, қажетті протезді жасауда екен. «Бір үлгіні басып шығаруға 14-тен 18 сағатқа дейін уақыт керек. Бірін­шіден, арнайы сканер арқылы протез қойылатын жердің 3 өлшемдегі моделі түсіріліп, құрастырылады. Және оны ор­на­тудың тиімді өлшемдері жасалып, ав­то­маттандырылған түрде қалай қонды­ры­латыны да белгіленеді. Бұл шаруамен қазір Алматы қаласында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты орталық шұғылданып жатыр. 3 өлшемді аяқ-қолдарды басып шығарудағы ендігі бір қадам – жаңағы салынған қол-аяқтардың бұлшық еттің жиырылуымен ғана қозғалысқа енуі емес, орталық жүйке жүйесі арқылы басқарылып, мидан түскен команданы тыңдайтындай дәрежеге жеткізілуі», дейді ол.


Бұл дегеніміз, кәдімгі қол-аяқтан пәлендей айырмасы жоқ, адамның толыққанды жұмыс істейтіндей қабілетін тудыру десек артық емес. Яғни, әлеуметтік мәселе шешіліп, мүгедектердің саны азаяды. Осы тұрғыдан алғанда екінші деңгейдегі ізденістің берері маңызды мол болмақ. 

– Мысалы, дейді Олжас Амангелдіұлы – қол-аяқ сынып қалған жағдайда үйінде 3 өлшемді принтері бар адам өзін өзі сканерлеп, қажетті гипсті принтерден шығарып ала алады. Әшейіндегі принтердің картриджіне бояу құйылса, 3 өлшемдегі принтердің құрылыс материалы ретінде қандай материал керек болса, гипс, пластмасса, сол құйылады да қажетті 3 өлшемдегі зат басылып шығады. 

Цифрлы технологиялардың медицинадағы қолданылуы өте қызықты. Мәселен, 3D көзілдірік арқылы ота жасаудың маңызы ерекше екен. Компьютерлік және магнитті-резонансты томографияда түсірілген кескіндемені көзілдірік арқылы жинап көру дәрігер жұмысын оңайлатумен бірге, операция уақытында қан тамырлары мен жүйке жүйелеріне пышақ тиюден сақтап, отаның сапасын жақсартуға өлшеусіз үлес қосады. КТ мен МРТ-да пациенттің 400 қабатқа дейінгі деректері алынған табақтай қағаздар, суреттер шығарылады. Ал көзілдірік солардың барлығын жинақтап, голограмма тәрізді көрсетеді. Мысалы, жүрек пен бүйректің қай жерінде ақау бар немесе қай жерде тас тұр, оған қай жағынан барған дұрыс, соның барлығын органның моделінен көрсетеді. Қазір Ұлттық кардиологиялық орталықта көзілдірік кию әдісі қанатқақты жоба ретінде енгізілуде. Көзілдіріктің негізгі авторы – «Майкрософт» компаниясы. Компания тек көзілдіріктің өзін жасаса, оның ішіндегі контенттің барлығы қазақстандық табыс. Осылайша, елімізде адамның КТ мен МРТ-дан түскен кез келген органын көзілдірік көмегімен жинақтап көретін етіп шығару қолға алынды. Алдағы қазан айында 3 D көзілдірік отандық дәрігерлердің негізгі құралына айнала бастайды. 

Цифрлы технологиялардың қарыштап дамуы әр саланың өркендеуіне, адамзат баласына қызмет етуіне үлес қосуда. Болашақта жұмысқа кетіп бара жатып, 3 өлшемді принтерді тағамның шикізатына толтырып түскі асқа мына тағамды әзірлеп қой деп бағдарлама түзу қалыпты жағдайға айналса, адам ағзасының ішкі органдарын донор іздемей-ақ 3 өлшемді принтер арқылы жасап шығару мүмкіндігі тууы да ғажап емес. 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»