Кино • 20 Қыркүйек, 2017

Жас таланттардың бағы жанды

536 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Байқоңыр» кинофестивалі осымен екінші рет өткізіліп отыр. Фестивальдың басты мақсаты – жас кинематографистердің тырнақалды туындыларын көрерменге таныстыру және отандық қысқаметражды фильм­­дерді насихаттау. 

Жас таланттардың бағы жанды

Фес­тивальдың үздіктерін анықтауға қатысқан қазылар алқасы мүше­лерінің ішінде Қазақстан Кинематографистер одағының төр­ағасы Ахат Ибраев, «Қазақ­фильм» киностудиясы жа­нын­­дағы «Дебют» шағын өн­дірістік бірлестігінің басшысы Анар Қашағанова, режиссер Жаңабек Жетіруов, қоюшы-суретші Өмірзақ Шманов және басқалары бар.

Екі күнге созылған «Байқоңыр» қысқа метражды фильмдер фестивалының қоры­тындысы бойынша, төмендегі фильмдер топ жарып шықты. 
Олар:  «Малыбайдағы оқиға» үшін Тұран Мұрал «Үздік оператор»,  «Куб» фильмі үшін Бекен Нарбай «Үздік қоюшы-сурет­ші», – «6 пәтердің» авторы Олжас Ахметов «Үздік сце­нарий», Сәбит Әбдінің «Ғай­ша» фильмі «Үздік эксперименталды фильм»,  Жайық Белқо­жаевтың «Мен оралдым» фильмі «Үздік деректі фильм»,  Тоғжан Байсабаеваның «Си­қыр­лы бақшасы» «Үздік ани­мациялық фильм» болып танылды. Перизат Маденова «Үздік актриса»,  Ерболат Ержанов «Үздік актер» атанды. «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» Самғар Рақымның «Малы­байдағы оқиға» фильміне бұйырды. 

Атауы айтып тұрғандай, рухы биік, білімді бола тұра, бас­­пананың азабын тартқан екі жас алып шаһардан пәтер іздеп жүріп, түрлі адамдармен бет­пе-бет келіп, шытырман оқи­ғаларға тап болады. Бүгінгі қоғам­ның шындығын трагикомедия арқылы жеткізген  режиссер Ербол Бораншының «Пә­­тер» фильмі Камбоджадағы VІ-ха­лықаралық Chaktomuk қысқа­метражды фильм­дер фести­валінің іріктеуінен өтіп, негізгі бағдарламасында бақ сынайды. Фестиваль Пномпен қаласында 25-30 қазан ара­лығында өтеді. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше