Спорт • 20 Қыркүйек, 2017

Азия ойындарында қазақстандық жеңіл атлеттер екі күнде 10 медаль жеңіп алды

862 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түрікменстан астанасы Ашхабад қаласында өтіп жатқан жабық кешендегі Азия ойындарында қазақстандық жеңіл атлеттер алғашқы екі жарыс күнінде 10 медаль жеңіп алды. 

Азия ойындарында қазақстандық жеңіл атлеттер екі күнде 10 медаль жеңіп алды

ҚР Жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі хабарлауынша, жарыстың екінші күнінде әйелдер арасында үш қарғып секіруден Қазақстан намысын 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен 2017 жылғы Азия чемпионы Мария Овчинникова қорғады. Рыпакова өз кезегінде 14, 32 метрге секіріп жеңіске жетті. Овчинникованың көрсеткіші - 13,21 метр болды. Қола жүлдеге 18 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы қытайлық Тан Кичжао ие болды.

Осылайша, Ольга Рыпакова Ашхабадта өтіп жатқан Азия ойындарын екі алтынмен аяқтады. Ол 18 қыркүйек күні ұзындыққа секіруден де ешкімге дес бермеген еді.

Шығыс Қазақстан облысының тағы бір тумасы Элина Михина 400 метрге жүгіруден топ жарып, Қазақстан құрамасының осы жарыстағы бесінші алтынын еншіледі.

Михина финалдық кезеңді 53, 37 секундта жүгіріп өтті. Күміс жүлдеге вьетнамдық Тхи Ханг Нгуен қол жеткізді. Оның уақыт көрсеткіші - 54, 41 секунд.Үздік үштікте Таиландтан келген Атчима Энг-Чуан (54, 45 с) бар.

- Маған қолдау білдірген жандардың барлығына алғыс білдіремін. Ашхабадта чемпион атану үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Қуанышыма орай, алтын медальға ие болдым. Менің осы жетістігіме еңбек сіңірген жеке бапкерім Любовь Никитенкоға қандай мақтау айтса да жарасады. Нағыз өз ісінің маманы. Сол кісіге ерекше рахметімді айтқым келеді. Енді командалық эстафета бар. Ел мерейін өсіріп, тағы бір медаль жеңіп алуға тырысамыз, - дейді жарыстан кейін Элина Михина.

19 қыркүйек жеңіске жеткендердің қатарында 60 метрге жүгірген Виктория Зябкина да бар. Ол Азиядағы ең үздік спринтер екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жартылай финалда екінші болғанымен, финалдық кезеңде өзіне бәсекелес жоқ екенін байқатты. Зябкина бұл қашықтықты 7,32 секундта жүгіріп өтті. Екінші орынға вьетнамдық Ле Ту Чин (7,36 с) тұрақтаса, қола жүлде тағы бір қазақстандық атлет Ольга Сафроноваға бұйырды. Соңғысы жартылай финалда сегізінші орында қалып қойған еді. Бірақ финалда Сафронова бар күшін салып, Қазақстан қоржынына тағы бір жүлдені сыйлады. Одан бөлек қола жүлдеге ерлер арасында 400 метрге жүгірген Михаил Литвинде ие болды. Финалда Литвин осы турнирдегі ең үздік нәтижесін көрсетті - 46,51 секунд.

Ашхабадтағы Азия ойындарының алғашқы екі жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан жеңіл атлеттері 10 медальмен (6 алтын,1күміс, 3 қола) жалпы командалық есепте бірінші орында тұр. Айта кетейік, жарыстың алғашқы күнінде Иван Иванов (ядро серпу),Ольга Рыпакова (ұзындыққа секіру), Сергей Григорьев (сырықпен секіру) чемпион атанған болатын. Ал 60 метрге тосқауылдар арқылы жүгірген Анастасия Виногродова қола медаль еншіледі.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Қазақстан құрамасы жалпы есепте 6 алтын, 6 күміс, 10 қола медальмен үшінші орынға көтерілгенін хабарлаған болатынбыз. Ал көш басында 43 алтын, 28 күміс, 18 қола медаль жеңіп алған түрікмен спортшылары келе жатса, 7 алтын, 4 күміс, 15 қола медаль еншілеген Иран спортшылары екінші орында келеді.

Соңғы жаңалықтар