Театр • 20 Қыркүйек, 2017

«Астана Опера» балет труппасы Оман сұлтандығына жол тартты

237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана Опера» балет труппасы Маскат қаласындағы (Оман) Корольдік опера театрының сахнасында П.И. Чайковскийдің «Аққу көлі» спектаклінің премьерасын ұсынбақ. Жаңа хореографиялық редакцияның авторы – балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова.

«Астана Опера» балет труппасы Оман сұлтандығына жол тартты

«Аққу көлі» спектаклі, © Astana Opera

«Астана Опера» балетінің 80-ге жуық әртісі техникалық қызмет жұмыскерлері, сахна механиктері, жарық берушілер, грим жасаушылар, костюмерлер, реквизиторлар және басқа да қызметтердің жұмыскерлерімен бірге 24 қыркүйек күні алыс жолға шықпақ, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.

– Корольдік опера театрының сахнасында өнер көрсету біз үшін үлкен мәртебе. Бұл біздің Омандағы алғашқы гастроліміз. Сапарымыз аса маңызды, себебі балет шеберлігінің жоғары сапасын көрсеткіміз келеді. «Астана Опера» театрының труппасы П.И. Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінің жаңа редакциясын ұсынбақ, сондықтан турнеміз екі есе жауапты. Кейбір өзгерістерді енгізе отырып, біз Л. Иванов – М. Петипаның канондық қойылымын сақтап қалдық. «Аққу көлін» көрсетуге шешім қабылдадық, себебі – бұл классикалық балеттің нышаны, әлемдік бренд. Композитор П.И. Чайковский осы музыканы ұлы мұра ретінде бізге мирас етіп қалдырды. Бұл балет мәңгілік, оны біздің аға буын тамашалаған, болашақта ұрпақтарымыз тамсанатын болады. Алдымызға қойылған міндет – көрерменнің ерекше әсер алуы үшін бар күш-жігерімізді салу, - деп атап өтті Алтынай Асылмұратова.

Аққулардың жас ханшайымы партиясын – нәзік Одетта мен қатты ұқсайтын Одилияны «Астана Операның» жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Баспаева мен Әйгерім Бекетаева орындайды. Ханзада Зигфридті театрдың жетекші солистері, халықаралық байқаулардың лауреаттары Еркін Рахматоллаев пен Олжан Тарланов ұсынады. Ротбард рөлінде балет солисі Арман Оразов дебют жасаса, омандық театр сахнасында зұлым кемеңгер бейнесінде Жәнібек Иманқұлов болмақ.

Қойылым маэстро Джузеппе Акуавиваның басқаруымен Карло Феличе театрының (Генуя қаласы, Италия) симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше