Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2017

Алматы – тәуелсіздігіміздің алтын бесігі

546 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімдігі мен әкімшілік ғимараттар кешенін аралап көрді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Алматы – тәуелсіздігіміздің алтын бесігі

Алматының жаңа ауданын аралады

Елбасы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Наурызбай ауданының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығына барды.

Қазақстан Президентіне Алматының жаңа ауданын салған кезде елімізде жасалған құрылыс материалдарын пайдалану деңгейі 95 пайызға жеткені мәлімделді. 2 мектеп, 3 емхана, 17 спорт және балалар ойнайтын алаңдар салынды. 33 балабақша құрылысы мемлекет-жекеменшік әріптестігі қағидаты бо­йынша жүзеге асқан. Ауданның 100 пайыз газбен қамтамасыз етілуі маңызды инфрақұрылымдық жетістік саналады.

Бұдан бөлек, Наурызбай ауданының әкімі С.Сайфеденов Мемлекет басшысына салық түсімдерінің 11 есе артқаны, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны төрт есе өскені және Алматының полицентристік стратегия аясында табысты дамып келе жатқаны жөнінде баяндады.
– Жаңа әкімшілік орталық ашылғалы мемлекеттік қызметтердің барлығы бір жерден көрсетіледі. Жуық арада мұн­да жаңа спорт және мәдениет нысан­дары пайда болады, тұрғын үй мен бала­бақ­шалар салынуда, – деді аудан әкімі.

Соңында Мемлекет басшысы ау­данның Ардагерлер кеңесі мүшелерімен әңгімелесті.

– Алматы қаласы тұрғындары са­ны­ның артуы сәйкесінше оның аумағын да ұлғайтуды қажет етеді. Үш жыл бұрын жаңа Наурызбай ауданын құру жөнінде шешім қабылданды. Осы уақыт ішінде тиісті инфрақұрылым жасау жолында көп жұмыс атқарылды. Қала орталығымен ыңғайлы әрі жылдам қатынас орнату үшін көлік мәселесіне қатысты қажетті шешімдер де қабылданатын болады, – деді Елбасы.
Ардагерлер кеңесінің мүшелері аудан жұртшылығының атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа аудан құрылғаннан бергі үш жылда оң өзгерістер болып жатқанына орай алғыс білдірді.

Наурызбай ауданының жаңа әкім­шілік-іскерлік орталығында жергілікті әкімдік, сот, прокуратура, халыққа қызмет көрсету орталығы, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі, Қазпошта бө­лімшесі, зейнетақы төлеу орталығы, мемлекеттік кіріс, әділет басқармалары және т.б. мекемелер орналасқан.
Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында сондай-ақ, Наурызбай ауданындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында салынған жаңа емханада болды.

Қазақстан Президентіне бұл емханада алғашқы медициналық көмек көрсетуден бөлек, асқазанның қатерлі ісігін алдын ала анықтау мақсатымен скринингтік зерттеулер жүргізу жоспарланып отырғаны баяндалды. Сондай-ақ мұнда рентген диагностикасы бөлімшесі, офтальмолог, оториноларинголог, торакалды және абдоминалды колопроктология кабинеттері ашылған, тағы басқа бөлмелер жабдықталған.  
Емханада азаматтарды электрондық тіркеу орны, Call-орталық бар. Онда Наурызбай ауданының тұрғындарына шұғыл көмек көрсететін жедел жәрдем бригадасы орналасқан.

Елбасыға жуық арада «Қалқаман» шағын ауданында тағы бір медициналық мекеменің ашылатыны және «Тау самалы» шағын ауданында да емхананың құры­лысы басталатыны жөнінде мәлім­делді.

Жөнделген көшелер мен «Астана» алаңын көрді

Қазақстан Президенті Алматы қа­ла­сына жұмыс сапары барысында жаяу жүргіншілерге ыңғайланып қайта жөн­делген Жібек жолы, Панфилов көшелерін және «Астана» алаңын аралап көрді.

Мемлекет басшысына Алматы қала­сының тұрғындар мен қонақтар үшін жайлылығын арттыру мақсатымен жүр­гізілген ауқымды қайта жөндеу жұмыс­тарының басты нәтижелері туралы мәлімделді.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев­қа қаланы абаттандыру, жаяу жүргін­шілер мен жол қозға­лы­сындағы көлік жүргі­зу­­ші­лердің қауіп­сіздігін қамта­масыз ету­дің тиімді­лігіне бағытталған заманауи шешім­дер жөнінде айтылды.

Еліміздің қаржы, мәдени және ғылыми орталығы

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласын дамыту жө­нін­де кеңес өткізді. Кеңесті ашқан Мем­лекет басшысы Алматы қаласы бүгінде Қа­зақ­­станның қаржы, мәдени және ғылы­ми орталығы болып саналатынын атап өтті.

– Ширек ғасыр ішінде қала экономикасы 100 есе, шағын және орта бизнес өнімінің көлемі 130 есе өсті. Қала аумағы мен оның тұрғын үй қоры 2 есе ұлғайды. Біз елдер арасындағы бәсекелестіктің қалалар арасындағы бәсекелестікке ұласып бара жатқанына куә болып отырмыз. Бүгінде 600 қала әлемдік ішкі жалпы өнімнің үштен екісін өндіреді, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Алматының ин­фрақұрылымы жақсарып келе жатқанын атап өтті. Соңғы екі жыл ішінде қалада 100 мың ағаш отырғызылып, 42 шақы­рымдай арық жүйесі қалыпқа келтірілді, 60 шақырымнан астам велосипед жолы са­лынды.

Қазақстан Президенті қалаға келетін туристер санының артқанына назар 
ау­дарды.

– Бүгінде шетелдік туристің әрбір екіншісі Алматыны келіп көреді. Қалада көптеген қонақүйлер, театрлар, музейлер мен спорт нысандары бар. Биыл турис­тер санының артқаны байқалуда. Бұған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өтуі де септігін тигізді. Көрмені табысты өткізуіміз Астана мен Алматының ғана емес, бүкіл Қазақстанның абыройын асқақтатты, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Алматы біз үшін мәңгілік  Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі болып қалатынын айтты.

– Мұнда ел тағдыры үшін ма­ңыз­ды шешімдер қабылданды. Ата Заңы­мыздың, мемлекеттік рәміздеріміздің, ұлттық валютамыздың тұсауы осы шаһарда кесілді. Елорданы Арқаға көшіру Алматының дамуына тың серпін берді. Мықты саяси орталықтың және ірі мегаполистің болуы – көптеген дамыған мемлекеттерге тән, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы кез келген қаланың экономикасын тұрақты дамыту оның өркендеуіне негіз болатынын атап өтті. Ел дамуының жаңа кезеңі басталған кезде бұл ерекше маңызға ие болады.   

– Біз еліміздің үшінші жаңғыруы басталғаны туралы жарияладық, билік өкілеттіктерін қайта бөлу жөніндегі конституциялық реформаны жүзеге асырдық, қоғамдық сананы жаңғырту үдерісін бастадық, «Цифрлы Қазақстан» бағ­дарламасы әзірленуде. Осы бастама­лардың тиімді іске асуы көп жағдайда өңірлерге байланысты болмақ. Алматы бұл ретте басты рөл атқарады. Қала елі­міз­дің ірі экономикалық орталығы әрі рес­публикалық бюджеттің доноры ре­тін­де қалыптасты, – деді Қазақстан Прези­денті.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев Алматының теңгерімді дамуының және оның экономикалық әлеуетіне әсер ететін бірқатар мәселелерді жүйелі түрде шешудің  маңыздылығын атап өтті.

– Мен осы жылдың басында өңірлердің барлығына жаппай кәсіп­кер­лікті, соның ішінде отбасылық биз­нес­ті белсенді дамытуды тапсырдым. Қа­зір Алматының шағын және орта биз­несі негізінен банк несиесі есебінен қаржыландырылуда. Бұл орайда биыл шағын бизнеске берілген банк несиесінің 43 пайызға азайғаны байқалып отыр. Әкімдік пен «Даму» қоры тарапынан бизнеске көрсетілген қолдау көлемі небәрі 2 пайызды құрады, – деді Елбасы.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев көлеңкелі бизнесті заңды жұмыс істеуге көшіруді тапсырды.
– Қалада 4 триллион теңгені құрайтын мүлік пен қаражат заңдастырылған. Ол қосымша салық түсімдерін шамамен 100 миллиард теңгеге көбейтуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы өсімнің көрінбейтін ре­зервтерін анықтау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігіне және мемлекет-жеке­меншік әріптестігі саласындағы әлеу­еттің толық пайдаланылмай отыр­ғанына ерекше тоқталды. Инновациялық өнім көлемінің 2 есе қысқарғанына да назар аударылды.
– Алматыда еліміздің барлық негізгі жоғары оқу орындары, соның ішінде Сәтбаев атындағы ірі техникалық оқу орны орналасқан. Алайда, әлі күнге дейін елеулі инновациялық әзірлемелер жасалған жоқ. Әкімдік мүдделі мем­лекеттік органдармен бірлесіп, осы мәсе­леге қатысты тиісті шаралар қабылдауға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы инновациялар өсімін қамтамасыз ету үшін «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін мейлінше пайдалану қажет екенін атап өтті.

– Оның құрылысына бюджет есе­бінен 20 миллиард теңге жұмсалып, 12 жыл ішінде арнайы экономикалық аймақтың жұмысына 22 миллиард теңге жеке инвестиция тартылды. Әкімдік оның жұмысына ықпал ете алмай отыр.  Арнайы экономикалық аймақ қызметіне тиімді бақылау жасауды қамтамасыз етіп, бұл ретте тәртіп орнататын кез келді, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті Алматыда құ­рыл­ған индустриялық аймақ туралы да айтты.

– Бүгінде онда 191 миллиард теңгені құрайтын 40 жоба тіркелген. Әзірге тек 1 жоба іске қосылған, 13 жобаның құрылысы жүріп жатыр, ал қалғандарына әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Әкімге индустриялық аймақты жаңа жобалармен толықтыруды тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы тиімді инфра­құ­рылым қаланы табысты дамытудың ма­ңызды мәселелерінің бірі екенін айтты.

– Соңғы бес жылда оның дамуына бюджеттен 430 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. 30 жолайрық желісі салынып, 330 шақырым инженерлік желі іске қосылды, метро дамып келе жатыр. Алматының тарихи орталығының үштен бірі жаңғыртылды. Бұл қала тұрғындарын қуантып, экономиканы дамытады әрі туристерді тартады. Сонымен бірге, мұнда шешімін таппаған мәселелер әлі де көп. Ең алдымен, бұл қаланың көлік жүктемесіне қатысты. Күн сайын 700 мың автокөлік қатынайды. Бұл мәселені смарт-технологиялар базасында көлік жүйесінің «ақылды» элементтерін енгізу арқылы шешу қажет. Ол қала тұрғындарының тұрмысын мейлінше жайлы ету үшін көліктің тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев қала тұрғын­дарының саны өсіп, оның аумағы ұдайы кеңейіп бара жатқанын ескеріп, қаланың бас жоспарын әзірлеуге жауапты инс­титутты қалпына келтіру мәселесін кө­терді.

– Соңғы 10 жылда қала 2 еседен ас­там өсті, жаңа екі аудан – Алатау және Нау­рызбай аудандары құрылды. Алайда, қаланың бас жоспары 2004 жылдан бері өзгертілген жоқ.  Бас жоспарды әзірлеуге жауапты институт 2008 жылы жабыл­ды. Егер қажет болса, осындай институтты қай­тадан ашу керек, – деді  Мемлекет бас­шысы.

Елбасы әкімдіктің пайдаланылмаған жер учаскелерін анықтап, қайтарып алу және оны тиімді пайдалану жөніндегі жұмыстарды жалғастыруы қажет екен­дігіне назар аударды.

– Бүгінде қаладағы жердің 500 гектары әлі игерілмеген. Жер – кез келген ірі қаланы дамытудың басты активі. Сәулет және құрылыс органдарының жұмысын түбегейлі қайта қарастыру қажет. Қала құрылысы саясаты қазіргі заманғы трендтерге сай болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы қаланың сәулетін жақсартуға және оның орталық бөлігін жаңғыртуға, ескі және апатты үйлерді азайтуға, көшелерді абаттандыруға арналған бағдарлама әзірлеу қажеттігін атап өтті. Қаланың көптеген айтулы ны­сан­дары орталық мемлекеттік орган­дар­дың қарауында екені және оларға тиісті күтім жасалмай отырғаны жөнінде айтылды. 

– Баум тоғайы, Ботаникалық бақ қараусыз қалған. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы күрделі жөндеуді қажет етеді. Министрліктер бұл нысандарға қаражатты мардымсыз бөліп отыр, ал әкімдік бюджет заңнамасындағы тәртіпке сәйкес оларға көмектесе алмайды. Егер орталық мемлекеттік органдар аталған нысандармен айналысқысы келмесе, оларды жергілікті атқарушы органдардың қарауына беру керек, – деді Мемлекет басшысы.  

Нұрсұлтан Назарбаев экология мәселесіне ерекше назар аударды.

– Соңғы жылдары ауаны ластау индексі 20 пайызға төмендеді. Осы жұмысты жалғастыра беру керек. Әкімге «Самұрық-Қазынамен» бірге 2020 жылға дейін ЖЭО-2-ні газбен жұмыс істеуге көшіру үшін тиісті шаралар қабылдауды және жеке секторды газбен қамтамасыз ету ісін аяқтауды тапсырамын. Қалада жас көшеттер отырғызу жөніндегі жү­йелі жұмысты және бақылауды жолға қою қажет. Былтырдың өзінде бес мың ағаш кесілген. Бұл мәселе бо­йын­ша бақылауды күшейтіп, кесілген ағаш­тар­дың орнына жаңасын отырғызу жөнін­дегі норманы арттыру қажет.  Жас көшет­терге күтім жасауды қамтамасыз ету керек, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қала әкімдігіне қоқысты кешенді түрде қайта өңдеу және оны толық жоюды қамтамасыз ету мәселесін жүйелі түрде шешу қажеттігін айтты. 

Соңында Қазақстан Президенті жиынға қатысушылардың Алматы мен бүкіл Қазақстанның игілігі жолындағы жұмыстарына  табыс тіледі.

Суреттер Президенттің баспасөз 
қызметінен алынды