Ауыл • 21 Қыркүйек, 2017

«Батыр бабалар» мемориалы

1183 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бағзыдан бүгінге дейін

«Батыр бабалар» мемориалы

Әр өңірдің дамуы үшін жер­гілікті кәсіпкерлерді іске тарту, әріптестікке шақыру соңғы кездері жиі естіп қалатын жайттардың бірі. Жеке кәсіпкерлікті дамытуға, бастаған әр іске қолдау көрсетуге арнайы жасалған бағдарламалар аз емес. Алмақтың да салмағы бар, кәсібі дөңгеленіп, ісі оңға басқан кәсіпкерлер ендігіде елдің дамуына үлес қоспағы шарт. Алматы облысы мұндай әріптестікте біраз жетістікке жетіп үлгерген ай­мақ­­тың бірі. Өңірде салынып жатқан ғимараттар мен атқарылып жатқан шаруалардың біразында мемлекеттік бюджеттің ғана емес меценаттардың үлесі де аз емес. Бұл алдағы уақытта дамудың бар­лық саласында көрініс табуға тиіс. Себебі, инвестицияны сырттан ғана емес, ішкі кәсіпкерлерден тарту да аса маңызды.

«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында соңғы айда екі ірі нысан іске қосылды. Соның бірі Қарасай ауданында ашылған «Батыр бабалар» мемориалды кешені. Жалпы құны 465 миллион теңгені құрайтын кешеннің салынуы демеушілердің үлесіне тисе, әрлеу, көркемдеу жұмыстарына жұмсалған қаржы облыстық бюджеттен бөлінген. Бұл бір бүгін ғана атқарыла салған шаруа емес дейді істің басы-қасында жүргендер. Осыдан біраз бұрын дәл осындай әріптестік негізінде жүзеге асқан «Нұр-Мұсахан» мешіті мен оның жанынан ашылған «Күлиман Ана» медресесінің салынуы, одан соңғы «Анаға құрмет» деп аталатын рес­публика көлемінде баламасы жоқ музей қолданысқа берілген. «Батыр бабалар» мемориалы сол істердің заңды жалғасы. 

Мемориалды кешен ақ мәр­мәрмен әрленген. Шеңберлене биіктейді де, төбесіне орналасқан болат стеласы алыстан мен мұн­­далайды. Әрі-бері өткен жолау­шылардың назарын бірден тартып тұратын нысанның экс­позициялық-көркемдік безендіру жұмысына бастан-аяқ жауапты болған «Заманту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мемориалды қоршай орналасқан қабырғалар да бос тұрған жоқ. Қазақ халқының сан ғасырлық ерлік жолының ше­жіресі осы қабырғаға бедерленген. Бұл кешеннің салыну мақсатын облыс әкімі Амандық Баталов былай түсіндірді:

– Жер жәннаты Жетісуда осындай тарихтан сыр шертетін бай мұраға толы орталықтардың ашылуы үлкен қуаныш. Елбасы­мыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласына сәйкес өңірімізде түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Мемориал кешенінің батыр бабалар рухын асқақтатып, болашақ ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, ой салары сөзсіз. Бүгінгі ашылып отырған «Батыр бабалар» мемориалы халық жадында қалған хандар мен билердің, батырлардың қаһармандығын насихаттайтын болады. Жастардың өз Отанының на­ғыз патриоты болып шығуы үшін осындай игі істердің пайдасы мол. 

Ықылым замандағы Сақ дәуі­рінен тартып, жаңа заманға қазақты қалай да сүйреп шығамыз деп жүріп шәһит кешкен алашордашы­лар дәуіріне дейінгі кезеңдерді рет-ретімен баяндайтын кешенді аралап шыққан жан ұлт тарихының негізгі жүлгелерінен хабардар болады. Экспозициялардың негізгі мазмұны жорыққа шыққан батырлар мен шейіт болған боздақтарды, жаугершілік заманда шайқаста жан қиған жауынгерлерді жерлеу рәсімі – тас қорымдар, жер шарына орнатылған ат үстіндегі батыр бейнесі – тарихын ат тұяғымен жазған, елі мен жерін ат тұяғымен қорғаған, сөйтіп, ізін ат тұяғымен қалдырған қазақ атты жауынгер халықтың тарихынан сыр шертеді. Ұзындығы 15, ені 3 метр болатын панорама Тұмар ханшайымның атақты жеңісті жорығы мен қазақ-жоңғар соғысын бейнелепті. Қа­быр­ғаларға қойылған тақталарда хан-сұлтандар, даңқты қолбасылар мен батырлардың бейнесі бедер­леніп, қазақ тарихындағы орны мен атқарған істері жазылған. 

Аумалы-төкпелі замандарды бастан өткеріп, үздіксе де үзіліп кетпей, бүгінге жеткен Қазақ елінің аса күрделі тарихы көрініс тапқан кешен «Туған жерге тағзым» бағдар­ламасы аясында іске аспақ 104 жобаның бірі екенін айта кеткен жөн. Кешен 1,04 гектар жерді алып жатыр. Аумағы толықтай абат­тандырылған.