Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2017

ЭКСПО-2017 Маңғыстау облысына қуатты серпін берді - Е.Тоғжанов

286 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Орталық коммуникациялар қызметінде cөз сөйледі. 

ЭКСПО-2017 Маңғыстау облысына қуатты серпін берді - Е.Тоғжанов

Баспасөз конференциясында облыс басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндап, ЭКСПО-2017 xалықаралық мамандандырылған көрмесі Маңғыстау облысына экономикалық диверсификацияға, өндірістік қуаттарды жаңартуға, жаңа технологиялар мен инвестицияларды тартуға қуатты серпін бергенін айтты.

«ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Түркия мен Қытайдың трансұлттық компанияларымен және 20-дан астам елдің 40 делегациясымен кездесулер өтті. Маңғыстау облысы әкімдігі инвестиция көлемі 1,5 млрд. АҚШ долларын құрайтын 7 меморандумға қол қойды, - деді облыс әкімі, - Қол қойылған меморандум аясында «Reach Energy» малазиялық компаниясы Маңғыстауда табиғи газды сұйытатын зауыт құрылысын бастап кетті.»

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 28,6 %-ға өсіп, 110,8% құрады. Шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер саны өткен жылмен салыстырғанда 2000-ға артқан.

ЭКСПО көрмесінде көрсетілген «жасыл» жобалардың бірқатарын Маңғыстау облысында енгізу жоспарлда. Олар Қаламқас кен орнында, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ жұмысында қолданылатын болады.

«ЭКСПО-2017 тақырыбы - «Болашақтың энергиясы» экология мәселесіне жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік берді, бұл біздің аймақтың өзекті мәселесі», - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Облыс әкімінің пайымдауынша, ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарк мәртебесін иелену үшін аумақты зерттеп, ЮНЕСКО-да таңдалған жерлерге номинациялау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, шетелдік және отандық туроператорларға және БАҚ өкілдеріне арналған инфотур, инвестициялық форум өткенін жеткізді. Тағы бір айта кететін жайт, Nomad Explorer командасының бастамасымен М.Сейсембаевтың басшылығымен «Үстірт құпиясы» атты автоэкспедиция ұйымдастырылды. Облыста демалыс аймағын салу үшін бөлінген жағалау аймағын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Ералы Тоғжанов аймақ тұрғындарының халықаралық Көрмеге келуі туралы айтып өтті. Маңғыстау облысы мен Астана қаласының қашықтығына қарамастан, ЭКСПО-2017 көрмесі кезеңінде 80 040 маңғыстаулық (жоспар бойынша - 65 мың адам) барған. Оның 14 120 - мектеп оқушылары, колледждер мен ЖОО студенттері және еріктілер.

«Көрме аяқталғаннан кейін оқушылар мен студенттер баламалы энергия көздері мен инновациялық технологиялар саласында 20-дан астам жобаны бастады, бұл балалар санасының өзгеруін дәлелдейді. Мысалға, 5 балабақша мен 2 мектепте энергия үнемдеу жобасы электр қуаты шығындарының 40% төмендеуіне әкелді,» деді өңір басшысы.