Қазақстан • 21 Қыркүйек, 2017

Біртанов МӘМС бойынша жиын өткізді

467 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен жекеменшік денсаулық сақтау ұйымдары үшін кедергілерді төмендету мәселесін қайта реттеуге байланысты өткен жиында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ел ішіне енді енгізілген реформаның қазіргі аяқ алысы туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі. 

Біртанов МӘМС бойынша жиын өткізді

Жиынды өткізуге биылғы жылдың 4 қыркүйегіндегі Парламент сессиясының ашылуы кезінде Президенті Н.Назарбаевтың міндетті әлеуметтік медицианалық сақтандыруды енгізуге байланысты туындаған өзекті мәселелерді шешуге орай жүктеген міндеттері себеп болды.  «Дөңгелек үстел» деп аталғанымен, кең ауқымда ұйымдастырылған басқосуға Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық кеңесінің мүшелері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, медицина университеттерінің, Ғылыми-зерттеу институттарының, аймақтық денсаулық сақтау басқармаларының, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» өкілдері қатысып, қоғамға жаңадан енгізіліп жатқан жүйенің артықшылығы мен кемшілігін бірге отырып саралады.

Сақтандыру жүйесін енгізу мәселелеріне орайластырылған жиында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ басқарма төрайымы Елена Бахмутова баяндама жасап, «Қорға осы уақытқа дейін қанша қаржы келіп түсті? Ол қаржыны кім және қайда сақтайды? Қаржы қалай реттеледі?» деген сияқты халықты толғандырып келе жатқан өткір сауалдарға нақты жауап берді. Е.Бахмутованың мәліметіне қарағанда, қазақстандықтар 15 қыркүйекке дейін Қорға 8 100 000 000 теңге аударып үлгерген. МӘМС Қоры медициналық қызметті тұтынушылардың саны мен түскен қаржы туралы әр апта сайын есеп беріп отырады. Қазір сақтандырылған медицина қызметін пайдаланатындардың саны 3,9 миллионға жеткен. Бұлар жарна төлеп отырғандар саны. Бұл көрсеткіш әзірге Денсаулық сақтау министрлігінің алдын ала жобалаған жоспарымен сәйкес келеді. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  туралы» Заң бойынша Қор активтерінің сақталуына мемлекет кепілдік береді. Жиналған қаржы тек Ұлттық банкте сақталады және осы банк арқылы басқарылады. Олармен сенімді басқару туралы келісім шарт жасалған» деді Е.Бахмутова. 

Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласындағы жеке меншік секторды дамыту мен оның қызметіндегі кедергілерді төмендету мәселесін қайта реттеуге байланысты да баяндама жасалып, аймақтан келген медицина ұйымдарының басшылары, осы саланың кәсіби жетекші мамандары жеке меншік клиникалар төңірегіндегі мәселелерді талдады.

 Медициналық сақтандыру қорына 2018 жылы мемлекеттік тапсырыс негізінде қызмет көрсету жөнінде өтініш берген ұйымдардың жартысына жуығы – жеке меншік клиникалар.  2018 жылы медициналық көмек көрсетуден үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорына барлығы 1519 денсаулық сақтау мекемесі өтініш берген. Оның 45 пайызы, яғни 686-сы жеке меншік медицина мекемесі болып табылады. Реформаны тиімді жүргізуге байланысты алғаш рет жасалып отырған дерекқорға медициналық көмектің негізгі көлемін көрсететін жеткізушілер де, медициналық қызметтің жекелеген түрімен айналысатын қосалқы денсаулық ұйымдары да енгізіліп отыр.

Дерекқор тұрақты түрде жаңартылып отырады. Сондықтан белгілі бір себептермен базаға қосу туралы өтініш беріп үлгермеген денсаулық сақтау мекемелері де алдағы уақытта тиісті құжатын тапсырып, дерекқорға қосыла алады. Қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде пайда болған қызмет көлемін дерекқорға жариялайды.

Азаматтарды емдеу мекемелеріне тіркеу науқаны – алдағы жылдағы медициналық қызметтерді сатып алу үдерісінің заңды жалғасы. Тұрғындар бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарға биылғы қыркүйек айының 15-і мен қарашаның 15-і аралығында тіркеле алады. Тіркелу кезінде азаматтар емхананы еркін таңдау құқығын пайдалана алады. Ал медицина ұйымдары әр дәрігерге қанша жүктеме түсетінін және алдағы жылы жан басына шаққанда түсетін қаржы көлемін айқындау үшін осы екі айда тіркелген халық санын нақтылап алуы тиіс.

Министр Е.Біртанов жиын басталмас бұрын алдын-ала тілшілерге берген сұхбатында, медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенімен, мемлекет азаматтар алдындағы өз жауапкершілігінен ешқашан бас тартпайтынын айтып, көңіл демдеді. Өйткені Ата заңда әр азаматқа тегін медициналық көмек көрсету кепілдігі берілген. МӘМС жүйесіне сәйкес болмаса да,  әр азаматқа тегін медициналық көмек беру жоспарланған. Ол: біріншіден, жедел жәрдем көмегі, екінші, иммунизация және қосымша сырқатына орай диагностика мен емдеу. Министр онкология, туберкулез, психиатриялық сырқатқа шалдыққан азаматтар бүгін де, келешекте де мемлекет көмегінен тысқары қалмайтынын жеткізді.  МӘМС негізінде сақтандырылмаған тұрғындарға екі жылға дейін тегін алғашқы амбулотриялық жәрдем, түрлі диагностикалық көмек және дәрі-дәрмекпен қамтасыз етуді де Үкімет өз міндетіне алуды жоспарлап отыр.  МӘМС-тің негізгі қаржы көзі жұмыс беруші мекемелер мен жеке кәсіпкерлер болғандықтан, алғашқы кезеңнің жұмысы толығымен жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді. Жыл соңына дейін 25 млрд теңге сақтандыру қорына келіп түсуі тиіс. Бұл қаржы тек азаматтардың денсаулығын жақсартуға бағытталады. Е.Біртанов Елбасының МӘМС-ті жетілдіру мәселесіне байланысты берген нақты тапсырмалары мен талаптарын орындауды басты міндеті ретінде белгілеп, жүйенің кемшін тұстарымен жұмыла жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Президент айтқандай, елімізде экономикалық жағынан белсенді, жұмыс істеуге қабілетті, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған тұрғындар саны басым. Олар мемлекеттің дамуына үлес қосып, салық төлеп отырғандықтан, осы топтың мүмкіндігінше міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру әлеуетін жетілдіруге байланысты барлық түйінді мәселелерді шешу жолдары қарастырылып жатыр. Әзірге нәтижесіз емес.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,   

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар