Қазақстан • 21 Қыркүйек, 2017

Дәурен Абаев: ИЫҰ саммитінің мәртебесі ЕҚЫҰ саммитінен кем түспейді

274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Хабар» арнасында «Дәурен Абаевпен ашық диалог»  бағдарламасының кезекті шығарылымы көрсетілді.

Дәурен Абаев: ИЫҰ саммитінің мәртебесі ЕҚЫҰ саммитінен кем түспейді

Бағдарлама барысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бағдарлама жүргізушісі Михаил Дорофеевтің қойған өзекті сұрақтарына жауап берді.

Алғашқы талқыланған мәселе өткен бірнеше ай көлемінде орын алған маңызды тақырыптар төңірегінде болды.

«Өткен жаз жаңалықтарға толы болды. Соның ішінде ЭКСПО көрмесінің өткізілуін атап өткім келеді. Шара елімізге оң әсер еткені сөзсіз анық. Бұл туралы Елбасымыз Н. Назарбаев та, көрмені тамашалауға келген қонақтар да айтып жатыр. Бұдан бөлек, өзге де жаңалықтар болды: латынға көшу, жаңа оқулықтар, медициналық сақтандыру. Бірақ мен ерекше назарды Ислам Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне аударғым келеді. 83 делегацияның басын бір жерде қосып, саммит өткізу - мықты ел үшін де оңай шаруа емес,» деді министр.

Дәурен Әскербекұлының пайымдауынша, ОИҰ саммитінің мәртебесі  Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы саммитін өткізуден кем түспейді. Бүкіл Ислам әлемінің өкілдерін жинап, үлкен шара өткізу - Елбасымыздың абыройының арқасында жүзеге асты дейді министр.

«83 делегаттың 15-і мемлекет басшылары болды. Саммиттің тақырыбына да ерекше назар аударғым келеді – ғылым, инновация, технология және жаңғыру. Бұл тақырыпты Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынды. Қазіргі таңда ислам әлеміне радикалдану қаупі төніп тұр. Сондықтан таңдалған тақырып өте орынды әрі маңызды болды деп ойлаймын. Астанада қабылданған декларация бүкіл Ислам әлемінің дамуына үлкен әсер беретініне сенемін», деп мәлімдеді Дәурен Абаев.

Естеріңізге сала кетейік, апта сайын «Хабар» арнасында «Дәурен Абаевпен ашық диалог» бағдарламасы көрсетіледі. Бағдарлама барысында министр өзекті жаңалықтарға тоқталып, маңызды сұрақтарға жауап береді.