Парламент • 22 Қыркүйек, 2017

Зейнетақы қорының қаражаты қайтарылады

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үстіміздегі жылдың мамыр­ айын­да Мәжілістің «Халық ком­­­му­нистері» фракциясының Ай­қын Қоңыров бастаған мү­ше­лері Ұлттық банктің төра­ғасы Данияр Ақышевқа де­пу­таттық сауал жолдап, Зейнет­ақы қорынан Әзербайжан халық­аралық банкінің (ӘХБ) облигацияларын 250 млн долларға алғанын, ал 2017 жылғы ақпанда Moody`s халықаралық кре­диттік агент­тігінің деректері бойынша ӘХБ-ның рейтингі теріс бол­жамды «В1» деңгейіне дейін төмендегенін, сондықтан БЗЖҚ-ға облигацияға салынған қаражатты қайтару қалай шеші­летініне алаңдаушылық білдіріп, сауал жолдаған еді. 

Зейнетақы қорының қаражаты қайтарылады

Оған Ұлттық банк төрағасынан жауап келіп, «Әзербайжан Республикасының Қаржы министрлігіне және Әзер­байжан халықаралық банкі­не хаттар жіберілгені, сонымен қа­тар облигацияларды ұстаушы­ның мерзімінен бұрын өтеуді та­лап ету құқықтарына, ӘХБ о­блигацияларын мерзімінен бұрын өтеу жөніндегі рәсімдерге түсініктеме алу үшін мәмілені ұйымдастырушы Citi Group-қа хат жазылғаны айтылған. Алайда, Citi Group-тан 2016 жыл­­ғы сәуірде алынған ресми жа­уапта ӘХБ берешегін мерзі­мінен бұрын өтеуден бас тар­тылғаны жеткізілген. Келіс­сөз­дер барысында Ұлттық банк ­ӘХБ-да қаражаттың жоқ еке­нін ескере отырып, ӘХБ-ның бас­қа өтімдірек облигациялары­на не­месе Әзербайжан Республи­касының мемлекеттік бағалы қағаз­дарына айырбастау мүм­кіндігін қарауға дайын екендігін айтқан. Сонымен бірге Ұлттық банк облигациялардың құны Bloomberg ақпараттық-талдама­лық жүйесі бойынша есептеліп, 2017 жылғы 10-24 мамыр ара­лығы кезеңінде номиналдық құн­нан 92,28%-дан 81,69%-ға дейін төмендегенін жеткізген. Жауаптың қорытындысында Лондонда шетелдік кредиторлар­мен өткен кездесу барысында Әзер­байжан халықаралық банкі борыштың тиісті түрлері үшін қайта құры­лымдаудың 3 нұсқасын ұсы­нғаны айтылған.

Ал өткен сәрсенбі күні Үкі­мет үйінде өткен баспасөз мәс­лиxатында «Астана» халық­ара­лық қаржы орталы­ғының бас­қарушысы Қайрат Келімбетов үш­ айға созылған келіссөздердің нә­тижесінде ӘХБ-ның 250 млн АҚШ долларына тең негізгі қарызы қайтарылатын болып келісілгенін мәлімдеді. Алайда, өсім пайызы төмендетілген, бірақ ӘХБ-ның Әзербайжан қаржы министрлігінің кепіл­дендірілген еурооблигацияларына ауыстырылатындығын жеткізді. Сөйтіп, қоғамдық алаң­даушылықтың, соның ішінде депутаттардың сұрау салуымен БЖЭҚ қаражаты орнына келетін болыпты.

Әзірлеген

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»