22 Қыркүйек, 2017

«Харви» дауылы және мұнай бағасы

434 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Американың мұнайлы өңір­леріне үлкен зардап әкелген таби­ғи апаттар әлемдік рыноктағы мұнай бағасының тұрақтануына оң ықпалын тигізетін түрі бар. Соңғы уақытта АҚШ-та мұнай өндіру көлемінің артуы және оның қорының ұлғаюы әлемдік нарық­­тағы мұнай бағасының күрт құл­ды­­рауына әкеліп соқтырған еді.

 

«Харви» дауылы және мұнай бағасы

Қыркүйек айының басында Техас штатын су тасқынының астында қалдыр­ған «Харви» дауылы АҚШ-тың ішкі мұнай өндірісін тоқырауға ұшыратты. Қазіргі таңда АҚШ әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елдердің үштігіне кіреді. Соны­мен бірге бұл елдің экономикасы дүние жүзіндегі жетекші экономика ретін­де мұнай өнімдерін тұтыну көлемі бойын­ша әлемде бірінші орынды иеленеді. Сондықтан АҚШ-тың мұнай өндіру және оны тұтыну деңгейі әлемдік нарықтағы мұ­най бағасының реттегіші рөлін атқарады.

«Харви» және «Ирма» жойқын дауылдары Американың мұнай өндіру және өңдеу индустриясы шоғырланған өңірлерін басып өткенін ескерсек, әлем­дік мұнай нарығында шешуші рөл ойнап тұрған АҚШ мұнай қорына елеу­лі нұқсан келгенін байқауға болады. Маман­дардың пікірінше, АҚШ-тың мұнай өндіретін қуатының бестен бір бөлігіне, мұнай өңдеу өндірісі қуатының төрттен бір бөлігіне «Харви» дауылының әсері тиген көрінеді. Әлемдегі экономикасы ең қуатты елдің мұнай өндірісі саласына тигізген «Харви» дауылының кесірі 2008 жылы АҚШ экономикасына зор шығын әкелген «Густав» және «Айк» жойқын дауылдарының табиғи апаттарымен пара-пар болып отыр. Сонымен бірге әлемдік мұнай бағасына 2017 жылдың алғашқы айларынан бастап, АҚШ-тың стратегиялық қорларын пайдалана бастауы да әсерін тигізбей қалған жоқ. Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында АҚШ-тың стратегиялық мұнай қоры 16 миллион баррельге азайған екен. Қыркүйек айын­дағы бірқатар штаттарды су астында қалдыр­ған табиғи дауылдардың салдары­нан бұл көр­сеткіштің одан әрі өсетіндігі дау­сыз. Ендеше, таяу болашақта мұнай бағасы­ның 50 доллардан кем болмай­тынды­ғына сенім арта түспек. Бұл өз кезе­гінде экономикасы негізінен мұнай шикізатына тәуелді болып отырған Қазақ­стан сияқты дамушы ел­дер­дің тынысын кеңейтіп, табысын арт­тыратыны да анық.

Сарапшылардың айтуы бойынша, таяу болашақта мұнай, газ және көмір энергетикалық баланстағы өзі­нің көшбас­шылық рөлін сақтайтын болады. Бүгінгі таңда жаһандық электр қуатына деген сұраныстың 86,8 пайызы көмір, мұнай, газ және уран шикізаты арқылы қамтама­сыз етіледі. Нақты болжамдар бойынша, алдағы ширек ғасырда бұл көрсеткіш­тің 80 пайыздан төмен түсетіндігі де екіталай. Осы ретте «Мұнай мен көмірдің заманы өтті. Сондықтан жер астындағы мұнай қорларын жылдамырақ игеріп, кәдеге жаратып алуымыз керек», деген пікірдің жаңсақ ойдың салдары екендігін де атап айтуымыз керек. Қазіргі нақты есептеулер бойынша, 2018 жылы әлем­дегі мұнайға деген сұраныс тәулігіне 100 миллион баррельге жетіп жығылатын көрінеді. Ал осыдан он жыл бұрын ғана, планетамыздағы тәуліктік мұнай тұтыну көрсеткіші 90 миллионға жетіп тоқтайды, одан әрі әлемдегі мұнай тұтыну деңгейі күрт төмендейді деген пікір үстемдік құрған болатын.

Дәл қазіргі күні әлемдік нарықтағы мұнай бағасының бір баррелі 55 дол­ларға жетіп отыр. Өткен жылы ғана қара алтынның бағасы 40 долларға дейін құлдырап, мұнай шикізатын экс­порттаушы елдер бюджеттерінің бүйірі сола бастап еді. Әлемдік мұнай нары­ғындағы осындай жағдайға қарап, елі­міз жыл басында экономикамызды дамы­тудың базалық мүмкіндігін мұнай баға­сының жылдық көрсеткішінің бір баррельге 45 доллардан айналатын баға­­мын алған болатын. Соңғы уақытта әлем­­дік нарықтағы мұнай бағасы сенімді түрде 50 доллардан төмендеген жоқ. Мәселен, тек соңғы он күндегі әлемдік рыноктағы мұнай бағасын саралайтын бол­сақ, 11 қыркүйекте мұнайдың бір бар­релі 53,86 АҚШ долларына бағалан­са, 12 қыркүйекте – 54,24, 15 қыркүйекте – 55,55, 20 қыркүйекте 56,20 долларға тең болды. Яғни тұрақты түрде өсім бар.

Дуалы ауыз сарапшылардың айтуын­ша, әлемдік нарықтағы мұнай бағасы­ның алдағы уақытта бір баррелі – 56-58 АҚШ долларына дейін өсіп, жылдың аяғында психологиялық 60 долларлық межені де алуы мүмкін. АҚШ-тың мұнай өндірісіндегі табиғи дауылдардан кейін қалыптасқан тоқырау жағдайы сақта­латын болса және бұл елдегі тақтатас мұнайын өндіру саласындағы бұрғы­лау ұңғы­ларының банкротқа ұшырау жағдайы жалғасатын болса, әлемдік нарықтағы мұнай бағасы 60 долларлық межеден де асып жығылатыны даусыз. Ендеше, Қазақстан экономикасы биылғы жыл­ды айтарлықтай өсіммен аяқтап, келесі жылды жақсы табыспен бастамақ. Өкі­ніш­ке қарай, экономикамыздың өсуі де, мұнай бағасының қымбаттауы да төл теңгеміздің жағдайын жақсарта алатын емес. Оның себебін саралау алдағы уақыттың еншісінде.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»