Әдебиет • 22 Қыркүйек, 2017

Поэзия антологиясы

1187 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Поэзия антологиясы

Өмір сүрейік алмасып

Жапырақ жүрек жас қайың!
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын.
Келісесің бе, жас қайың?

(Көрінер, мүмкін, кімге ерсі),
Өміріңді маған бір берші!
Дүрбелең мына дүниені,
Адам көзімен бір көрші.
Қайың боп мен де бағайын,

Орманнан орным табайын.
Беймәлім маған өмірге
Қайың көзімен қарайын.
Сен-дағы жерден нәр алдың,
Мен-дағы жерден нәр алдым.
Біреуден сен де жаралдың
Біреуден мен де жаралдым.

Тілің жоқ, жанды қайың сен,
Айырмашылығым – Адаммын.
Мендегі бары бір жүрек,
Беріпті жүрек саған мың.
Сондықтан ұзақ жасайсың –
Құрдасы келер заманның.

Бар-жоғы менде бір жүрек,
Ол өлсе – мәңгі кеткенім.
Сендегі семсе мың жүрек,
Келгенде жасыл көктемің,
Тірілер қайта дүркіреп.

Жапырақ жүрек жас қайың!
Жанымызды айырбастайық.
Адам боп жүрсең қасқайып,
Қайың боп тұрам қасқайып,
Тәуекел, айырбастайық!

Өмірге өмір жалғасып,
Анамыз жерге жармасып.
Бірде адам, бірде қайың боп,
Сүрейік өмір алмасып…

Мұқағали МАҚАТАЕВ

 


Дастанымды тарихи тақырыпқа арнамақпын

Мені әрқашан әр дәуірдегі адамдардың ой-санасы, мінез-құлқы, таным-түсінігі, психологиясы қызықтыратын. Яғни әр тұл­ға – өз дәуірінің бет-бейнесі. Әр дәуірді идеялар ашатын болса, әр тұлғаны оқиғалар қалып­та­с­тырады ғой. Кез келген тұлға өз оқиғасымен туады. Тарихи та­қырыптарға бару қазір аса тар­тым­ды көрінбейді. Дегенмен фор­ма бәрібір мазмұнды өзгерте алады деп ойлаймын. Адамзат тарихының 5 – 6 – 7-ші ғасыры тұ­манды, күңгірт ғасырлар. Дәл осы алтыншы ғасырда жер бе­тін бірнеше айға созылған қа­лың түнек, қараңғылық бас­қа­нын білесіздер. Бұл кезең та­рихта Күннің сөну кезеңі ре­тінде қашалып қалған. Мұны көп­теген тарихшылар, архео­лог­­тар, жанартаутанушылар Кра­к­атау жанартауының ат­қы­­лауы­мен байланыстырады. Осы кезең, түнек заманы біз­д­ің ұлы даланың тарихын­да қа­лай кө­рі­ніс тапқаны, қан­дай та­ри­­хи оқиғалардың болғаны ме­ні ерекше қызықтырды. Қарап отырсаңыз, осы кезең Бұ­мын қағанның тарих сахна­сына шығуы, Жуан-жуан­дар­ды талқандап, Ұлы Түркі қаға­на­ты­ның негізі қалануымен есте қал­ды. Менің қазіргі жазып жат­қан тарихи-метафизикалық дас­таным да осы кезеңді жырлай­ды. Яғни «Бұмын қаған» атты кө­лемді дастан жазып жатырмын. Алайда шығармашылық мақ­­сатым – құрғақ тарихи оқи­ға­лар­ды қуалап жазу емес, Бұ­­мын­ның та­рихи-фило­со­фи­я­лық тұл­ғасын аша отырып, қағанды біз­дің заманға алып келу. Қағанның өзін емес, сол кезеңдегі таным-тү­сі­нікті, қасиеттер мен сезім­дер­ді қайта жаңғырту. Ұлы Түр­кіден бізге мұраға, аманатқа не қалғанын ашып көрсетуге ты­рысу. Бұйырса бұл дастан­ды осы жылдың соңына дей­ін оқыр­манға ұсыну ойда бар. Со­ны­мен қатар Жетісу дала­сы­ның аңыздарын арқау ете­тін циклді толғаулар жазу үстіндемін.

Ерлан ЖҮНІС,
ақын

Соңғы жаңалықтар