Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2017

Бесқарағайда Нұрлыбек Баймұратовтың 130 жылдығы аталып өтті

714 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бесқарағай ауданында заманында жыр алыбы Жамбылдан бата алған, Мұхтар Әуезовтің жоғары бағасына ие болған, Иса Байзақов, Нартай Бекежанов, Төлеу Көбдіков сынды дүлдүлдермен сөз қағыстырған дауылпаз ақын Нұрлыбек Баймұратовтың 130 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті.

Бесқарағайда Нұрлыбек Баймұратовтың 130 жылдығы аталып өтті

Екі күнге созылған мерейтойлық шаралар 22 қыркүйек күні республикалық ақындар айтысынан басталып, бес сағатқа жуық уақытқа созылған сөз сайысының бас жүлдесін Қытай халық республикасынан келген Саягүл Бірлесбекқызы иеленген болатын. Бұл туралы газетіміздің сайтында жазған болатынбыз. Ал екінші күнгі мерейтойлық шаралардың шымылдығы ақын дүниеге келген, еңбек еткен Қарағайлы ауылындағы тұлға атындағы мектепте «Өз дәуірінің үні болған ақын» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен түрілді.

Тағылымды шара барысында абайтанушы Асан Омаров, аудандық «Бесқарағай тынысы» газетінің бас редакторы Асылбек Қожахметов пен ақынның көзін көрген замандастары тағдыры талайлы тұлға жайында естеліктерін айтты.

Нұрлыбек Баймұратов

«Тамырсыз дүние болмайды. Біздің тамырымыз Абайда жатыр. Абайды бекерге айтып отырған жоқпын. Нұрлыбек ақын да Абайдың шәкірттерінің бірі. Бұл кісінің ақиқат пен әділдікті жырлауы, қазақты өнер, білімге шақырғаны, шаршамай, талмай жұрттың қамын ойлағаны данышпанның шәкірті екендігін көрсетеді», - деді Асан Омаров.

Конференция аясында «Нұрлыбек Баймұратов» атты жинақтың тұсаукесер рәсімі өтіп, ақын туралы деректі фильм жұртшылықтың назарына ұсынылды.  Жастайынан ақынның жырын тыңдап өскен, 13 құрсақ көтерген, «Алтын алқа» иегері Балкүміс Солтанбекқызы Нұрлыбек Баймұратовқа арнаған толғауын да көпшілік жылы қабылдады. Конференциядан кейін мерейтойға келген қауым мектептегі ақын мұражайын аралап, білім ордасы алдындағы Нұрлыбек Баймұратов бюстінің ашылу салтанатын тамашалады. 

«Биыл біздің аудан үшін ерекше жыл болды. Өйткені, биыл ауданымыздың ғана емес, облысымыздың, еліміздің мақтанышы деуге тұрарлық дауылпаз ақын Нұрлыбек Баймұратовтың 130 жылдық мерейтойы. Біз биылғы жылды ауданымызда «Нұрлыбек Баймұратов жылы» деп жариялап, қаңтар айынан бастап көптеген іс-шаралар өткіздік. Осы ретте ақын есімі ұмытылуға шақ қалғанда бозторғайдай шырылдап 110 жылдығын өткізіп, мектепке есімін бергізіп, дара тұлғаның даңқын асырған Уәлихан Түкісов пен Тоқтаған Кәкенов ағаларымызға аудан жұртшылығы атынан ерекше алғысымды білдіргім келеді. Дүлдүл ақынның мерейтойы құтты болсын», - деді Бесқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Рахметуллин бюстің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Ақын мерейтойына арналған екі күндік шаралар ат бәйгесімен түйінделді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы.

Суреттерді түсірген - автор