Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2017

Саяққа су келе жатыр

573 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының Балқаш қаласына қарасты Саяқ кентінде өзекті проблемалардың бірі – сумен қамту мәселесі. Тұрғындар жылдар бойы ауыз судың тапшылығын көріп отыр. Су тәулігіне небары бірнеше сағатқа ғана беріледі. Оған себеп, кентті сумен қамтып отырған «Тоқырау-Саяқ» су таратқышының әбден тозығы жеткен. 

Саяққа су келе жатыр

Кентті ауыз сумен қамту мәселесін Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов қатаң бақылауға алды. Бүгінгі таңда бұл мәселені ең тиімді жолмен шешу тәсілі табылып отыр. Геологтар жер астындағы суға барлау жасап, оң нәтижеге қол жеткізген. Сумен қамту мәсе­лесі келесі жылы тұрақталуы тиіс. 

Ерлан Қошанов Саяқ кентінде болып, атқарылып жатқан жұмыстармен таны­сып қайтты. Аймақ басшысы сапар барысында тұрғындармен де кездесті. 

Кентте жер асты суларының қорын зерт­теу мақсатында іздеу-барлау жұ­мыс­тары жүргізілуде. Жоба бойынша тереңдігі 200 метр 20 ұңғыма қазылуы тиіс. 

«Азимут геология» ЖШС мердігер ұйымы 14 ұңғыма қазды, оның сегізінде су табылды, – деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа кент тұрғындарымен өткен кездесу барысында. – Біз бүгін соның біреуіне барып қайттық. Ол ұңғымадағы су қоры секундына 5 литрді құрайды, ол дегеніміз тәулігіне 432 текше метр. Бұл кентке қажетті көлемнің жартысына тең. Бүгінгі таңда қазылған 8 ұңғымада секундына 10,6 литр су шығатыны расталған. Ол Саяқ кентін ауыз сумен қамтуға жеткілікті. 

Облыс әкімі ұңғымадан шыққан судың дәмін татып, пайдалануға келе­тінін тексеріп көрді. 

– Мен жаңа өзім сол ұңғымадан шыққан судан ішіп көрдім. Шынымды айтсам, балалық шағым есіме түсіп кет­ті. Кезінде біздің құдықтан алып іш­кен суымызды еске салды. Сәл ащылау, бірақ біз оның сапасын жақсарту үшін тазарту құрылыстарын салатын боламыз. Барлық нысандардың құрылысына келесі жылы 1 млрд теңге қарастырамыз. Ең бастысы, жер қойнауы мемлекеттік комиссиясының құптауы. Сол шешімге барлығы байланысты болып тұр, – деді Ерлан Қошанов. 

Процедуралық жайттар бірнеше айға созылады. Мемлекеттік комиссия­ның шешімі келесі жылдың жазында шығады деп болжам жасалып отыр. 
Алайда билік басындағылар қол қусы­рып отырған жоқ. Биылғы жы­лы облыстық бюджеттен қазіргі таң­да жұмыс істеп тұрған негізгі су тарат­қышты жөндеу мақсатында 232 млн теңге бөлінген. Мердігерлер су тарату құрылысының торабын жөндеуге кіріскен. 
Жиналыс барысында тұрғындар неліктен Кеңес өкіметі кезінде осылай ұңғыма қазудың орнына, Балқаштан құбырлар тартылғанын сұрады. Бүгінгі күні таңдалып отырған тәсіл анағұрлым тиімді және де шығыны да азырақ деп сендірді мамандар. Егер жаңадан су құбырларын Балқаштан тартар болса, оған шамамен 3 млрд теңге қажет болады. 

– Кеңестік кезде геологиялық барлау компанияларында қазіргідей жағдай мен қажетті құрылғылар болмаған. Ең көп дегенде олар 60 метрге дейін ғана ұңғыма қазып, сол тереңдікте жердің астынан су таба алмаған. Сондықтан Балқаш қаласынан құбыр тартуға мәжбүр болған. Қазір біз 200 метрге дейін тереңдедік, су табылды, – деп түсіндірді «Азимут геология» ЖШС инженерлік-экологиялық бөлімнің бастығы Наталья Костикова. 
Ауыл тұрғындары кездесу барысында өзге де өзекті проблемаларымен бөлісті. Олардың қатарында мектепті, жолдарды жөндеу, темір жол қатынасы, кентті абаттандыру мәселелері бар. Ерлан Қошанов бұл мәселелер бойынша тапсырмалар берді. Ал «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы болса, елді мекендегі қоқысты шығару мәселесін шешіп, ойын алаңдарын салып беруге уәде берді.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы

Суретті түсірген 
Дмитрий КУЗЬМИЧЕВ