Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2017

Астанада тоғызқұмалақшылардың әлем чем­пионаты өтті

584 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Астанада жаһанның төрт құр­лы­ғы­нан жиналған тоғызқұма­лақ­шы­лардың қаты­суымен IV әлем чем­пионаты жоғары деңгейде өтті. Ақыл мен алғырлық, түйсік пен төзім­ділік тартысқа түскен осы дү­ниежүзілік дода барысында ел ішін­де ғана емес, әлемде танымал бола бастаған ұлттық зияткерлік ойынымыз жайлы Дүниежүзілік то­ғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменовпен әңгімелескен едік.   

Астанада тоғызқұмалақшылардың әлем чем­пионаты өтті

– Қазақтың мыңжылдық байырғы ойыны дәл қазіргі қоғам үшін несімен ма­ңызды деп ойлайсыз? Ұлтымыздың бұл асыл мұраны ұлықтағаннан ұтары қандай болмақ?

– Адамзат өркениеті мен әр ұлт мәде­ниетінің қалыптасып, жетілуі барысын­дағы зияткерлік ойындардың орны айрық­ша. Ғасырлар бойы олар үздіктерді анық­тайтын спорттық бәсеке, жарыс түрі ғана емес, өскелең ұрпақ тәрбиесінде, ұлттар­дың интеллектуалдық әлеуетін көтеру­де маңызды феномен болып келеді. Жүйелі, қисынды ойлау, білім мен ғылым­ға бе­йім­­ділік негіздерін қалауда, ыждағат­ты­лық пен табандылықты тәрбиелеуде тоғыз­құмалақ секілді зияткерлік ойындар ұтымды әрі таптырмас тәрбие құралы. 

Тарихы сан мың жылдық тоғызқұмалақ ойыны – қазақ ұлтының әлемдік өр­кениет­ке қосқан жарқын үлесінің бірі.­ Әр деңгейдегі жарыстарымызға ортақ, тұрақты қағида бар: «Біздің са­йыс­тарда жеңімпаздар болса да, же­­ңі­ле­тіндер жоқ. Ұтатын – ұлттық мәде­ни­е­тіміз». Себебі бүлдіршіндерден арда­гер­лерге дейін барлық ойыншылар мен жат­тықтырушылар, тоғызқұмалақ наси­хат­шылары мыңдаған жыл тарихы бар төл ойы­нымызды жандандырып, тү­ле­ту арқылы мә­дени мұрамызды жаңа дең­гейге көтеруде. Әлем чемпионаттары, халықаралық жарыстар мәдениеттер әріптестігі мен үндестігіне де өз септігін тигізетіні сөзсіз.

– Қазіргі таңда тоғызқұмалақ қан­ша­­­лықты кең тараған спорт түрі? Ел ішін­дегі оның даму деңгейіне қандай баға берер едіңіз? 
– Әлемнің көптеген аймақтарындағы тоғызқұмалақ жанашырларының жасампаз еңбегінің, Елбасының ұлттық спортты қол­дауға бағытталған ұстанымының, Үкі­мет пен демеушілердің қолдауының нә­ти­­же­сінде ұлттық ойын бұқаралық си­пат алып, өрісі кеңейіп, қарыштап даму­да. Бұл игі істерде ардагерлеріміз бен жат­тық­тырушылардың, ойыншылар мен төре­ші­лердің еңбегі ерекше. 

Қазір елімізде тоғызқұмалақпен айна­лы­сатындар саны 200 мыңнан асты, оның 9 мың­дайы кәсіби спортшылар. Жыл са­йын­ғы ұлттық деңгейдегі додаларға екі мың­нан астам, аймақтардағы жа­рыс­­тар­ға тоғыз мыңға жуық кәсіби спорт­­­шы қатысады. Қазіргі таңда тоғыз­құмалаққа ден қойғандардың ба­сым бөлігі – жастар. Ресми деректер бойынша, мектеп жасындағы 190 мың­нан артық бала тоғызқұмалақ ойнайды. Мектептерде 10 мыңнан астам үйірме бар. Спорт мектептеріндегі 127 тоғыз­құмалақ бөлімшесінде 300-ден астам жат­тықтырушы жұмыс істейді. 
– Бүгінгі күнде төл спортымыз то­ғыз­­­құмалақты төрткүл дүние таны­ды деп айта аламыз ба?

– Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі аясында 3-8 қыркүйекте өткен IV әлем чемпионатында 25 елден 70 ойыншы сайысқа түсті. Бұл – тоғызқұмалақ спорты дамуының жаңа деңгейге шыққанының айғағы. Тоғызқұмалақ дүниежүзілік федерациясы 2008 жылы құрылғаннан бері шетелдегі қазақтардың ғана емес, Ұлыбритания, Швейцария, Франция, Германия, Испания, Түркия, Чехия және тағы басқа мемлекеттерде жергілікті халықтардың ұлттық ойынымызға ықыла­сы артуда. Федерация президентінің Еуропа бойынша орынбасары қызметін профессор Жан Решитскийдің (Швей­цария) атқаруы да соны аңғартса ке­рек. Колумбиялық Оскар Фахардо, гер­маниялық Юрий Нольд және чехиялық Хана Котинова сияқты спортшылар қазақтың ұлттық ойынының Америка мен­ Еуропада таралуына атсалысуда. Ал тоғызқұмалаққа құмарту арқылы шет­елдіктер қазақ тілі мен мәдениетіне қызы­ғушылық танытуда. 

Тоғызқұмалақтың ұрпақ тәрбие­сін­­­де­гі маңызын кейбір елдер түсініп, мысалы, Қытайда екі жылдан бері то­ғызқұмалақ қосымша пән ретінде оқытыла бастады. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданындағы 100-ге жуық мектепте жас­тар мен жасөспірімдер арасында то­ғыз­құмалақ ойналады. Биыл Түркия тоғыз­құмалақты қосымша берілетін сабақтар қатарына қосты. Моңғолия мектептерінде тоғызқұмалақ үйірмелері ашылып, мек­теп аралық, жоғары оқу орындары ара­­сын­да жарыстар, олимпиадалар өткізі­луде. Ресейдің Қосағаш ауданында тоғыз­құ­малақ үйірмесі жұмыс істейді.
– Жалпы, бұл жоғарыда айтқан мем­­лекеттер қазақтың ұлттық ойыны жай­лы ақпаратты қайдан және қалай ала­ды? 

– Тоғызқұмалақ әуесқойлары мен ма­ман­дарына көмек ретінде кітаптар мен ең­бектер елімізде ғана емес, шетелдерде жа­риялануда. Мәселен, Ә.Ақшораевтың «Тоғызқұмалақтың 60 сабағы» кітабы, М.Шотаевтың «Тоғызқұмалақ әліппесі» фе­дерацияның демеушілігімен Қытайда, «Тоғызқұмалақ есептері мен этюдтері» ағыл­шын, италия тілдеріне Астана мен Миланда жарық көрді.

Тоғызқұмалақ ойынын көпшілікке ке­ңірек таныстыру мақсатында федерация қол­дауымен 2013 жылы теледидарлық жоба да жасалды. Бұл 30 сабақ 2013 жы­лы Qazasport телеарнасында қазақ жә­не орыс тілдерінде көрсетілді. Қазір де ин­тер­неттен немесе телеарнаның мұрағат қорынан бұл сабақтарды тамашалауға болады. Жоба тек Қазақстанда ғана емес, көр­шілес Өзбекстан, Қытай, Моң­­ғо­лия, Ресейде үлкен сұраныспен қай­та­дан көрсетілуде. Сондықтан ұлттық ойы­нымызды үйренгісі келетіндерге мүм­кіндік мол. 

Жалпы, соңғы он жылда тоғызқұмалақ­тан Еуропа, Азия және Америка елде­рі кі­ре­тін 20-ға жуық мемлекетте халық­аралық семинарлар мен жарыстар өткі­зіл­ді. Былтыр оннан астам мемлекет спортшылары Швайнфуртта (Германия) Еуропа чемпионатына қатысты. Ұлттық ойынымыз Ұлыбританиядағы, Чехиядағы дүниежүзілік зияткерлік ойындар олим­пиа­далары бағдарламаларына енді. 2009 жыл­дан бастап Азия чемпионаттары ұйымдастырылды. Алғашқы әлем чем­пионаты 2010 жылы 16 мемлекеттің қаты­суымен Астанада өткен. Жыл өткен сайын әлемдік додаға жаңа мемлекеттердің қаты­суы тоғызқұмалақтың әлемдік зияткерлік ойынға айнала бастағанын аңғартса керек. 

– Халықаралық аренада біздің мық­­ты ойыншыларымызға қай елдің спорт­шылары лайықты қарсылық көрсетіп жүр?

– Бұрыннан Орталық Азия елде­рі спорт­шылары, оның ішінде, қыр­ғыз бауырлар тоғызқұмалақтан жақ­сы нәтиже көрсетіп келеді. Соңғы жыл­­дары Германия, Чехия, Моңғолия тоғыз­құмалақшылары жүлделі орындар алуда. 
Тоғызқұмалақтан басқа елдерден де мықты спортшылардың шығуына осы спорт түрінің әлемге кеңінен насихатталуы әрі оның интернет нұсқаларының пайда болуы әсер етсе керек. Өйткені еуропалық көптеген спортшылар ойынның интернет нұсқасы өзіндік жаттығу алаңына айналғанын айтқан.

– Расында да виртуалды тоғыз­құ­ма­лақ ойыны қаншалықты дамуда? 

– Канадалық Арти Сандлер, германия­лық Ральф Геринг және қазақстандық Се­рік Ақтаевтың бастамасымен 2009 жы­лы ғаламторда тоғызқұмалақ ойыны алғ­аш тіркеліп, оны www.iggamecenter.com сайтында онлайн жүйеде ойнайтын бағдарлама жасалынды. Қазір осы әлем­дік ойын порталында тоғызқұмалақ та­ны­мал 145 ойынның арасында бірінші орында. Сонымен бірге тоғызқұмалақтан қазақ, чех, ағылшын, орыс, түрік тілде­рінде сайттар ашылды. Ал 2010 жылы бағдарламашы Ернар Шамбаев спорт шеберлері Серік Ақтаев, Диана Кенинамен бірігіп, тоғызқұмалақтың Қазақстандағы жетілген компьютерлік бағдарламасын дайындады.

Пардубицеде (Чехия) өтетін жыл сайын­ғы зияткерлік ойындар олим­пиа­­дасындағы тоғызқұмалақтан компью­терлік бағдарламалардың халық­аралық жарысы қазіргі кезде басқа ел спорт­шыларын да қы­зық­тырып отыр. Осы бәсекеге биыл шілдеде Камерун, Чехия, Қырғызстан бағдарламашылары өз туын­дыларын әкеліп қатыстырды. 

Оған қоса жақында Қытайдағы қазақ сту­денттері тоғызқұмалақтың жаңа элек­­­тронды нұсқасын әзірлепті. Соңғы жыл­дары федерация жұмысын Қытайда күшейтіп, бірнеше семинарлар мен жа­рыстар өткізген. Мысалы, Бейжіңде Қаз­ақ хандығының 550 жылдығына ар­нал­ған семинар-жиынға 150 спортшы қатысты. Сондықтан бұл елде ұлттық ойынымыздың қарқын алуына осы жұ­мыстардың да әсері болса керек. Жал­пы ақпараттық технологиялардың, интер­неттің дамуы тоғызқұмалақ ойыны тари­хы­ның жаңа парағын ашты. Көптеген ел­дің спортшылары өз шеберліктерін интернеттегі онлайн бағдарламалар арқы­лы жетілдіріп, құрлықтық додаларда жүл­де алып жүр. 
– Ал осы жолғы әлем чемпионаты қандай ерекшеліктерімен есте қалды?

– Әлемдік дода өте тартысты өтті. Се­бебі осы әлемдік чемпионатқа бұрын­ғы­­лармен салыстырғанда мемлекет саны да, спортшылар да көбірек қатысты. Қырғызстан, Чехия, Германия, Моңғолия мен Қытайдың халықаралық дәрежедегі мықты спортшылары бәсекеге түсті. Ал­ Аустрия, Камерун, Польша, Сирия жә­не Украина спортшылары тұңғыш рет чемпионатта бақ сынады. Бұл да тоғызқұмалақтың халықаралық деңгейдегі беделінің көтерілуі мен бұқаралық сипа­тының артуының көреткіші болса керек. Осы жолғы чемпионатқа алғаш рет коман­далық блиц түрінен жарыс өткізіліп, әлем­дік сайыстың көрігін қыздырды. 

Сонымен бірге Қазақстан құрама­сындағы Хакімжан Елеусінов (Қызыл­орда), Нұрбек Қабиев (Ақтөбе), Сайлан Матылов (БҚО), қыздар арасында Әсел Далиева (ОҚО), Диана Кенина (Ақ­төбе), Ақерке Кенжебекова (Қы­зыл­орда), Лина Каримова (ОҚО), Қымбат Нөсерова сияқты үздік спорт­шыларымыз шеберліктерін паш ет­ті. Жарысқа қаты­сушылар арасында жас­тардың көптігі де қуантты. Мысалы, біздің құраманың ең жас спортшысы Ақерке Кенжебекова небары 16 жаста. 

– Тоғызқұмалақты дамыту бойынша ал­­­дағы уақытта қандай жобалар мен жос­­­парлар іске асырылуы тиіс деп ой­ла­й­­­сыз?
– Тоғызқұмалақты ұлттық тәрбиенің бөлшегі ретінде мектеп бағдарламасына енгізу – негізгі міндеттердің бірі. Сонымен бірге жоғары оқу орындарының дене шынықтыру мұғалімдерін дайындайтын барлық факультеттерде тоғызқұмалақты міндетті пән ретінде қосу қажет. Мы­са­лы, қазіргі таңда тоғызқұмалақ үйір­мелері Қостанай мемлекеттік универ­си­теті, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік университеті, Еура­зия ұлттық университеті және тағы бас­қа оқу ордаларында ашылған. Қос­танай мемлекеттік педагогикалық инс­титутында дене шынықтыру және спорт мамандығының студенттері тоғызқұмалақ мамандығын қоса алып шығады. Сон­дықтан осы ұсыныстарды Білім және ғылым министрлігі қолдайды деп үміттенеміз.

Жалпы, спортшыларды даярлау­дың жаңаша әдістемелерге сай бағдарла­ма­ларын жасап, жаттықтырушы-оқытушы кадр­лардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлау жүйесін жетілдіру қажет. Оған қоса оларды көрнекі құралдармен қам­тамасыз ету, құнды еңбектерді әлем тілдеріне аудару, ел ішінде және шет­ел­дерде семинарлар өткізу ісі жалғасын тап­пақ. Осы шаралардың барлығы ұлттық зияткерлік ойынымызды аймақтарда, әлемде кеңінен таратуға, оның ұзақ мер­зімді дамуына жол ашар еді. 

Сондай-ақ тоғызқұмалақты ЮНЕСКО мәдени мұрасы тізіне қосу бойынша жұмыс басталып та кетті. Бұл игі істе мем­ле­кеттік органдар қолдауына үміт арта­мыз. Жаңа технологиялар мен жаңа мүм­кіндіктерді пайдаланып, ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық ойынымызды дамытып, жаңғыртып, қанатын кеңге жаюына үлес қосу – ортақ азаматтық парызымыз. 
– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен 
Қайрат ЖҮНІСҰЛЫ