Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2017

Жұмақтың қайығында жүздіргендей

1187 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бейнелеу өнерінде бояулар үндестігіне өз өктемдігін жүргізе алатын бір әлем бар – бұл батик жанры. Осы жиырма жылдағы табанды еңбек Атырауда тұратын батик шебері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Суретшілер академиясының корреспондент-мүшесі Кәмила Жапаловаға тек танымалдылық пен шығармашылық ләззат әкелді. Көптеген халықаралық байқауларда көркем әлем арқылы Қазақстан деген елге шетелдіктер құрметін арттырды. 

Жұмақтың қайығында жүздіргендей

Кәмила батик техникасы арқылы қайталанбас туын­дылар жасады. Оның қолы­нан шыққан жауһарлар тамаша қонақүйлердің төрінде, өнерді бағалайтын коллек­ционерлердің үйінде тұр. 

Кәмила 5 сыныпта оқып жүргенде бір кезде жұрттың бәрі оқитын «Балдырған» жур­налының 3 бірдей бетіне өзінің суреттерін басқанда, бүкіл ауыл қуанып, ол өзін осы бір сұлу әлем жетектеп бара жатқанын сезбеген болар. 

Бояу үндестігінде барынша кірпияз қылқалам шеберінің жұмыстарына қарап отырып, ол батик өнеріне әйел­дің ғана бо­­йын­да болатын ертегідей нәзіктік пен бояу­лардың қуатын қатар сыйлады десек қателеспеген болар едік. Не құдіреті бар екенін, маталарға салынған мінсіз әлем суреткердің ерекше тал­ғам-болмысымен үндесіп, кем­пірқосақтай құбылып, талант­­пен суарылған құн­ды­лыққа айналып шыға ке­леді. Әйтпесе, бұл өнермен айналы­са­тындар аз емес. Алай­да Ж­а­палованың жұмбағы бас­қа, өйт­кені ол бұл өнерге шек­сіз мүм­­кіндіктер сыйлаумен келеді.

Сол сияқты суретші батик өнеріндегі тағы бір дәстүрлі әдіс – ыстық батик техникасы немесе «кракле» арқылы әбден машықтанған фольклорлық, декорациялық, абстракциялық ғажайып туындыларын талай халықаралық көрмелердің төріне шығарды. Астарынан сыр іздетіп әуре етпейтін бұл жұ­мыстарда хас шебердің анық қолтаңбасы мен ән салып тұрғандай әлем бар. 

Ол кейде тауыс құсындай көркем, кейде көлде жүз­ген ақ­қудай нәзік. Бірде са­мұ­­рықтай көкті шарласа, біресе жұмақтың қайығында жүз­­­гендей жастықтың бау-бақ­шасын шарлатады. 

Кәмиланың бидай, қоңыр­қай, алтын дала түсті жылы реңктерге толы туындыларында қазақи лирикалық қолтаңба бар.
Санкт-Петербургтегі батик жанрындағы маман­дан­дырылған сурет колледжін бітірген шебер Ресейде жүр­генде ауыл тіршілігіне деген сағынышы тулаған теңіздей жүрегін тербеп, өзіндік бағытқа ие болуға септескенін айтады. 

Оңтүстікте өскен қыз кілем тоқуды, киіз басуды, қыз жасауын қалай дайындайтынын анасының қасында жүріп дарытып, осы нақыштарды өзіндік қабілетімен байытып отыр. 

Киім дизайнына қатар құлаш ұрған дарын иесі күнделікті өмірдегі киімдерге, беташар орамалдарға, ұзатылатын қыз­дың көйлегіне, жеңгелердің камзолына батиктің мүмкін­діктерін дарытуға көшті. 

Халықаралық көрмелерде қабілетін мойындатқан қыл­қалам шебері облыстық әкім­діктің де қолдауына ие болып, «Даму» қоры арқылы қайта­рым­сыз грантқа ие болып, дизай­нерлердің өз елімізде, Ита­лияда өткен жарыстарында көзге түсті. 

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ