Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2017

Рухани жаңғыру өзіңнен басталады - Ғани Нығметов

3290 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Америкалық саясаттанушы Карл Дойч өткен ғасырдың 60-шы жылдарында-ақ «жаңғырудың сыни мәселесі — бұл экономикадағы құрылымдық өзгерістер емес, құндылықтар жүйесіндегі өзгерістер» деген болатын. 


Рухани жаңғыру өзіңнен басталады - Ғани Нығметов

Қазақстанның үшінші жаңғыруы экономиканы инновациялылыққа қарай реформалау бойынша ауқымды міндеттер қояды. Бұл көптеген жаңашылдықтарды талап етеді.

Сәйкесінше рухани жаңғыру экономиканың жаңа жаңғыруын нығайтуы керек. Бұл тұста мынадай сұрақ туындайды: қазақстандық қоғамның әлеуметтік-мәдени ортасы осынша жаңашылдықтарға дайын ба? Себебі,  олар қоғамның икемділілік қабілетіне, білім деңгейіне, ғылым сапасына, халықтың кәсіпкерлік және азаматтық белсенділігіне көптеген талаптар қояды.

Қоғамның мәдени ерекшелігі, ұлттық менталитет — реформаларды тиімді ілгерілетуге де, оған кедергі келтіруге де ықпалын тигізе алады маңызды фактор. Қоғамда ғасырлар бойы қалыптасқан мінез-құлық пен құндылықтардың дағдылы үлгілері белгілі бір сәтте оның дамуын тежей бастайды, олардан міндетті түрде арылу керек. Қазақстанның табысты жаңғыруы жолында туындайтын әлеуметтік-мәдени кедергілер қандай болуы мүмкін?

Олардың қатарында аграрлық секторы басым елдерге тән дәстүрлі сананың нығаюын атауға болады. Сонымен қатар, бұл ауылдардағы білім беру сапасына да байланысты. 

Бұған біздің қоғамда әлі де орын алып жатқан сыбайлас жемқорлық пен протекционизм фактілері, жұмысқа орналасу және мансаптық сатымен ілгерілеу үшін туыстық және жеке байланыстарды пайдалану жатады. Трайбализма мен аймақшылдық қалдықтары да кедергі келтіруі мүмкін. Бірқатар тосқауылдардың ішінде халық пен билік арасында белгілі бір дәрежеде сенімнің жоқтығын атап өту керек. Десек те, бұл бағытта ашықтық пен мемлекеттік органдардың қоғам алдында есептілігін арттыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Сол себепті рухани жаңғыру халыққа ғана емес, рухани ойлаудың қозғаушы күшіне айналуы тиіс мемлекеттік аппараттың өзіне де әсер етуі тиіс. 

Жаңғыруға біздің менталитетке жат, соңғы уақытта кеңінен насихатталып жүрген дінді айқын экстремистік түсіндіру кедергі келтіруі мүмкін, ол азаматтарды әлеуметтік қарым-қатынастардың ескі формаларына оралуға үгіттей отырып, адастырады. Мұндай миссионерлер бірінші кезекте кез келген реформалар мен инновацияларды күнәлі әрекеттерге жатқызып, мойындамайды.

Сонымен қоса жаңғырту процестерін жүзеге асырудағы ұлттың ділдік ресурсының әлеуетін дұрыс бағаламауға болмайды. Халықтың ділдік негізінде жаңғыртудың қозғаушы күші бола алатын құндылықтар мен дәстүрлер бар. 

Бір жағынан, халық дәстүрлері қоғамның қажетті негізін құрайды, жалпы, үйреншікті құндылықтар негізінде ұйымшылдыққа ықпал етеді. Екінші жағынан, халықтың тарихи зердесі бетбұрысты даму кезеңінде өзгерістердің қажеттігін сездіреді, жаһандық деңгейде ұлт орнын айқындау, алдағы тарихи тағдыры осы өзгерістерге байланысты болады.

Осы тұрғыдан, қазақстандық қоғамда ынтымақтастық, бірлік пен келісім құндылықтарының, толеранттылық, инновацияларға ашық болудың дәстүрлерінің, сондай-ақ орташа прагматизмнің болуы реформаларды іске асыруға берік негіз болады. 

Қарап отырсаңыз, қазақстандықтар өзіне жат кез-келген әлеуметтік-мәдени ортаға тап болғанда, мәселен, шетелге оқуға немесе жұмыс істеуге барса, оңайлықпен сіңісіп кетеді. Біздің бәсекелік артықшылықтарымыздың бірі осы. Көшпелі өркениет ұрпақтары ретінде біз тағдырдың кез-келген өзгерістерін аяғымыздан нық тұрып қарсы ала аламыз.

Дегенмен бүгінде мұның өзі аздық етеді. Біз аталған барлық факторларды ескере отырып, ұлттық жаңғырту процесін технологиялық және экономикалық аспектілерде ғана емес, идеялық кеңістікте де жүргізуіміз керек. Бізге ойлау жүйесін жаңғырту қажет. Елбасының биыл сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар — рухани жаңғыру» терең бағдарламалық мақаласы осы мәселені қозғайды. 

Реформалардың табысты болуының маңызды факторы барлық қазақстандықтардың «Рухани жаңғырудың» мақсаттары мен міндеттерін түсініп, қабылдауы болуы тиіс. Институтымыздың әлеуметтік зерттеуі бойынша, бүгінде ел халқының 82% өзгерістердің қажеттігін қолдайды. Алайда, қазір өзгерістерді тек қолдау ғана емес, іс жүзінде қолға алу да маңызды, ол әрбір қазақстандықтың өмірінде басталуы тиіс.

Психологтардың айтуынша, түптің түбінде барлық өзгерістер адамның мінез-құлқының өзгерістеріне келіп саяды. Біздің барлық қорқыныштарымыз, шектеулеріміз, тілемейтін ойларымыз тек өз басымызда ғана. Сондықтан, жеке мақсаттарды іске асыруымыз тек біздің өзімізге, алдағы міндеттерді қалай сезініп, түсінетімізге, табысқа жетуге қаншалықты ынталы екенімізге, әрқайсымыздың өз өмірімізде оң өзгерістер болуы үшін қандай әрекеттер жасауымызға байланысты. 

Аталған өзгерістердің өзекті бағыттары Елбасының мақаласында айқын баяндалып, ұсынылған. Махатма Ганди айтқандай: «Егер сен әлемнің өзгергенін қаласаң, өзің сол өзгеріс бол».