26 Қыркүйек, 2017

Балалы елдің бәрі бірдей базар ма?

475 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Халқымыз «Балалы үй – базар» де­йді. Ол баласы бар үй­дің ойы­нға, у-шуға толы болаты­нын біл­ді­реді. Ал қызыққа толы ойын, сың­ғыр­­лаған күлкі бар жерде – ба­қыт­ты ба­лалық шақ бар.

Балалы елдің бәрі бірдей базар ма?

ЮНИСЕФ-тің қыркүйек айын-да жасаған баяндамасында атап көрсетілгендей, бүгінде бес жасқа дейінгі 85 миллион бала отбасыларына екі жыл тегін мектепке дейінгі білім беру, жаңа туған нәрестенің алғашқы алты айында оның анасына ақылы үзілістер беру және бала күтіміне байланысты тиісті ақылы демалыс беру сияқты қызметтер көрсетілмейтін 32 елде тұрып жатыр екен. Ал бұлар, яғни екі жылдық тегін білім беру, алғашқы алты айда және бала күтіміне байланысты демалыс балалар миының ерте жастан дамуын қамтамасыз ету үшін қажетті үш шешуші стратегия болып табылады.

Тағы да сол ЮНИСЕФ-тің баяндамасында келтірілгендей, ата-ананың кіш­кентай балаларының миының дұрыс дамуын қамтамасыз етуіне қажетті уақыт пен ресурстарға кепілдік беретін үш ба­залық стратегия бүкіл әлемде тек 15 мем­лекетте ғана бар екен. Ал баланың күтімі мен тәрбиесі үшін ешқандай мүм­кін­дік туғызылмаған әлемнің 32 елін­де дү­ние жүзіндегі бес жасқа дейінгі бала­лар­дың әрбір сегізіншісі тұрып жатыр. 

Баяндамада алғашқы сәттердің бала өмірі үшін өте маңызды болып табылатыны, екі жылдық тегін мектепке дейінгі білім беру, бөбектің алғашқы алты айлығында оны емізу үшін ақылы үзіліс беру, анасына бала күтімі үшін алты ай­лық және әкеге төрт айлық ақылы демалыс беру баланың оңтайлы ерте дамуы үшін аса маңызды өміршең іргетас қалауға жағдай туғызатындығы атап көрсетілген. Бұл стратегиялар ата-ананың өз балаларын ойдағыдай қорғауына, оларды толыққанды тамақпен қамтамасыз етуіне, ойынға үйретуіне және өмірінің алғашқы жылдарындағы маңызды сыни кезеңге сәйкес баланы ерте жастан дамытуына көмегін тигізбек. Өйткені баланың миы да дәл осы кезеңдерде қарқынды дамитын көрінеді және ондай даму одан кейін ешқашан қайталанбайды.
Бір қызығы, жоғарыда аталған үш стратегия кепілді түрде жұмыс істейтін елдердің қатарында Куба, Португалия, Ресей, Франция және Швеция бар болып шықты. Ал енді осы үш стратегияның бірде-бірі жұмыс істемейтін мемлекеттер әлемде екеу ғана болса, солардың бірі – Америка Құрама Штаттары да, екіншісі Бангладеш көрінеді. Осы екі елде тұратын балалар бүкіл дүние жүзінде өмір сүретін балалардың 40 пайызын құрайды екен.
Баяндамада сонымен бірге бес жасқа дейінгі миллиондаған балалардың қауіпті және дамуды мүлде ынталандырмайтын жағдайларда өмір сүріп жатқандығы келтірілген. Мәселен, бес жасқа дейінгі 75 миллиондай бала дау-жанжалдар аймағында тұрса, тойып тамақ ішпеудің салдарынан, ортаның қолайсыздығы мен ауруларға ұшыраудан 155 миллион баланың өсуінде тежелу бар екендігі анықталған. Сол сияқты 300 миллиондай баланың ауасы уланған аудандарда өмір сүріп жатқандығы да нағыз даму сатысында олардың миларына орасан зор нұқсан келтіруде.

Тұрмыста ауыр жағдайларға душар болған балаларды қорғауға және олардың ерте бастан дамуына мүмкіндіктер туғыза алмау бүтіндей алғанда қоғам мен экономиканың әлеуетті өсуіне нұқсан келтіретіні де дәл осы баяндамада нақты атап көрсетілген. Мәселен, жүргізілген зерттеулер кішкентайында ойын ойнап үйренген және ерте жастан білім алған балалардың есейген кезде мұндай мүмкіндіктерге қол жеткізе алмаған балаларға қарағанда табысты 25 пайызға артық тапқанын дәлелдеген. 

Балаларды ерте жастан дамыту бағдарламасына үкіметтер бүкіл әлем бойынша өз бюджеттерінің 2 пайыздан сәл астамын ғана жұмсайды екен. Сонымен бірге балалардың ерте жастан дамуына бүгінгі күні салынған инвестицияның келешекте айтарлықтай экономикалық тиімділік әкелетіні де белгілі болып отыр. Айталық, бөбекті емізуге қолдау жасау бағдарламасына салынған әрбір доллар – 35 доллар, ал ерте жастан ауыр тұрмыстық жағдайларға тап болған балалардың тәрбиесі мен білім алуына салынған әрбір доллар кем дегенде 17 доллар қайтарым беретін көрінеді. 

Біздің елімізде ана мен балаға мемлекет тарапынан елеулі қамқорлықтар жасалатыны белгілі. Ол үшін тым алысқа бармай-ақ соңғы жылдардан бірер дерек келтірсек те жетіп жатыр. Мысал үшін айтар болсақ, тек үстіміздегі жылдың өзінде ғана бала туғанда берілетін жәрдемақылар көлемі екі рет өсірілді. Егер өткен 2016 жылы жаңа туған бірінші, екінші және үшінші балаға берілетін жәрдемақы мөлшері 66621 теңгені құраған болса, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап ол 71270 теңгеге, ал 1 шілдеден бастап 86222 теңгеге көтерілді. Сол сияқты төрт және одан да көп бала туғандарға берілетін жәрдемақы да өткен жылғы 111035 теңгеден 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 142947 теңгеге өсті. Сонымен қатар осы жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 жасқа дейінгі бала күтіміне төленетін жәрдемақы мөлшерінің 7 пайызға артқанын да еске сала кеткен жөн.
Демек, «Балалы үй – базар» деген сөзді Қазақстанда тура мағынасында қолдануға әбден болады. 

Сейфолла 
ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»