Аймақтар • 26 Қыркүйек, 2017

Дендемеген дерттің емі бар

425 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алдағы уақытта еліміздегі дәрігерлерді қатерлі ісікті ерте бастан анық­тау­дың заманауи цитологиялық әдістеріне үйрету жалғасады. Осы мәселеге орай таяуда Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғы­лыми-зерттеу институты Халықаралық цитологтар академиясымен бірлесіп, алғаш рет аталған мектепті жүргізе бастады. Бұл шараға «Қатерлі ісікпен күресейік» қоғамдық қоры да қолдау білдіріп отыр.

 

Дендемеген дерттің емі бар

Цитопатологиялық сараптама – за­манауи медицина талаптарына сай, ісік ауруларын сапалы әрі дер кезінде анық­тауға мүмкіндік беретін, салы­с­т­ыр­малы түрде арзан да қарапайым әдіс. 

Отандық мамандарды онко­ло­гия­лық аурулардың салдарынан болатын өлім-жітімнің өсуі алаңдатады. Ал са­палы цитопатологиялық диагности­ка қа­терсіз және қатерлі ісіктерді ер­те бас­тан анықтаудың тиімділігін арт­ты­руға айтарлықтай ықпал етеді. 

– Қазіргі таңда бұл салада үлкен мә­­селе туындап тұр. Бізде цитолог ма­­ман­дар тапшы. Өйткені оларды озық диагностикалық әдістерге бау­литын семинарлар, шеберлік дәріс­те­рі болған жоқ. Және ма­ман­­дық­тың қадірін арттыруға мүд­де­лілік бай­­­қалмады. Біз еліміздегі ци­то­ло­гия­­лық қызметті жетілдіруге мін­дет­­­тіміз. Дәрігерлеріміз диагнозды дәл әрі ауруды асқындырмай қоюға әб­­ден машықтануы керек. Кейде науқастар біресе ана дәрігерге, біресе мы­на дәрігерге жүгіреді. Қатерлі ісік­ті дер кезінде анықтап, ем шарала­рын уақтылы бастаудың өмірлік ма­ңы­­зы бар, – дейді Қазақ онкология жә­­не ра­диология ғылыми-зерттеу инс­­­ти­ту­ты­ның директоры Диляра Қай­да­рова.

Оның айтуынша, алдағы уақытты елі­міздегі онкодиспансерлер бір же­лі­ге біріктіріліп, телепатология жа­салады. Бұл – қашықтықтан жүр­гі­зі­­летін па­то­мор­фологиялық зерттеу. 

– Кейбір өңірлерде мамандар мен ди­агностикалауға қатысты үлкен мә­селе бар. Сондықтан онлайн-ре­жі­мінде дәрігерлік кеңестер беретін бо­ламыз. Мәселен, Өскеменнің дәрі­герлері диагностикалауда қиы­н­дық­тарға тап болса, олар бізге ма­териалды онлайн нұсқада жібереді де, бір мезетте консилиумға Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтынан бастап, барлық аймақтардағы мамандар қосыла алады. Бұл істі жылдың соңына дейін жолға қоюды көздеп отырмыз, – дейді Д. Қайдарова. 

Қалай десек те, мұндай семинарлар қазақстандық цитологтарға әр елден келген әріптестерінің озық әдіс­терімен жақын танысуға, іс жү­зін­де және зерттеу жұмыстарында жақсы нәтижелерге жетуге мүмкіндік береді.

– Алғашқы үш күндік туториал барысында заманауи диагностиканың өзекті мәселелері ортаға салынып, инновациялық медицина технологиялары, патоморфологиялық және мо­лекулалық-генетикалық зерт­ха­на­лардың мүмкіндіктері ұсы­ныл­ды. Туториалдың жұмысы кли­ни­­калық цитологияның әрі қарай да­муы­на септесіп, цитологтар мен ци­то­­техтологтарының білімі мен ма­­шы­ғын көтереді. Алматыдағы ту­­­то­риа­лға қатысуға АҚШ, Жа­по­ния, Ге­р­мания, Люксембург пен Түр­кия­дан Халықаралық цито­ло­гия ака­де­миясының мүшелері тар­­тылды. Ту­то­риалдың жұмысы он­кологиялық ау­ру­ларды емдеудегі ци­тологиялық ди­агностиканың ти­ім­ділігін арттыруға ық­пал етеді Әрі ци­­тология саласында тәжірибелер мен инновациялық технологияларды бі­­ріктіру алаңы болатынына се­нім­ді­міз, – дейді Д.Қайдарова.

Алматыда әлемнің жоғары да­мы­ған жетекші емханаларының профес­сорлары жедел оқыту курстарын жүр­гізіп, бейне-микроскопия бойынша дә­рістер мен тәжірибелік семинарлар ұсы­нды. Семинар қатысушылары ди­агностиканың озық әдістерін, оның ішінде қалқанша, ұйқы, сүт жә­не сі­ле­кей бездерінің, тыныс алу жол­да­рының, қуыстық сұй­ық­тық­тар­дың, лим­фалық түйін­дер­дің, несеп-жыныс жо­­лындағы ісік ауру­ларының сирек түр­­лерін, ге­нетикалық және моле­ку­­лалық тес­тіл­еуді, гине­ко­логиялық ци­тологияны және АПВ-тестілеуді тал­қылады.

Туториалда тәжірибе байыту үшін әлемдік жетекші емханалар профессорларының бірқатары Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Олардың арасында Джонс Хопкинс кли­ни­ка­сының цитопатология бөлімінің дирек­торы, профессор Сиед Али (АҚШ), Цитопатология бойынша халықаралық қа­былдау емти­ха­нының төрағасы, профессор Волкер Шнайдер (Германия), Ұлт­тық денсаулық зертханасының ци­топатологиялық бөлімінің басшы­сы, профессор Филиппе Виель (Люк­сем­бург), Халықаралық цитологтар ака­демиясының президенті, профес­сор Роберт Осамура (Жа­пония), Пор­то университетінің ме­ди­циналық фа­ку­ль­теттің патология бөлімінің басшы­сы, професор Фернандо Шмидт (Пор­ту­галия), Анкара университетінің пато­логия және цитопатология бөлімінің бас­шысы, профессор Биннур Унал (Түркия) бар.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ