Әдебиет • 26 Қыркүйек, 2017

Сәбең көңілінен су ішкен

883 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

қызылжарлық ақын Ғалым Малдыбаев ғибраттарынан бір үзік сыр

Сәбең көңілінен су ішкен

Өткен жылдың жадыраған жазында Түркияның Антальясына жол түсті. Сондағы сапарластардың ішінде «Казахстанская правда» газетінде бас редактордың орынбасары қызметін біраздан бері абыройлы атқарып келе жатқан әріптес ініміз Сәбит Малдыбаевтың аты мен сойы әлдебір қимас қымбатымды еске түсіргендей, біртүрлі қызықтыра беріп еді. Топшылау-түйсігім алдамапты: ол шынында да кеңестік кезеңдегі қазақ әдебиетінің аға буын санатындағы көрнекті өкілдерінің бірі Ғалым Малдыбаевтың кенже ұлы болып шықты. Осынау ақын ағаның есімі көкейіме бала кезден ұялап қалған-ды. Біздің әкейдің дастаншыл қиссақұмарлығы бар еді. Сонысына бағып үйде де, ел ішіне шыққанда да Шәкір Әбеновтің «Кейпін батыр», «Таңшебер-Жапал» дастандарымен бірге Ғалым Малдыбаевтың «Қырым қызы» поэмасы басылған кітабын да жанынан тастамай ала жүріп, әсіресе жиын жердегі алқа-қотан ақсақалдар жағына, сол арадағы құлақ тіккен үлкен-кішіге мақамдатып оқып отырудан әсте жалықпаушы еді, жарықтық.

Біздің әкей өзінің ақын әкесінің насихатшы оқырманы болғанын білген соң сапарласым Сәбит те саң­ғырлап сала берген, әзиз әке жайлы әңгіме бұлағы сылдырлаған көмейінен. Одан елге оралған соң бұл Сәбит­тің тағы бір журналист­ ағасы Шашубаймен танысып, Ғалым ақынның ғибраттары ха­қын­дағы мағлұматтарым молая түс­ті. Қарт қолындағы түсіп бара жат­­қан қаламды қағып әкетіп әке жо­лын жалғағандары бір бөлек, жақсы әкенің балаға қырық жыл азық болатыны туралы мақалдың да айна-қатесіз дұрыстығына ай­ғақ жетерлік. Соның біріне ғана тоқ­талсақ, ана жылы Президенттің Мәдени орталықтың директо­ры болып тұрған кезінде ұлт руха­ниятының белгілі қайраткері Мыр­­затай Жолдасбековтің алды­на газеттің шаруасымен біздің Сә­бит бауыр өтініш айтып кіріпті. Бір­ мақаласын әбден сүрлеп, әрең шығарған ба, әйтеуір, сол тұс­та Мырзекең «Казахстанская правдаға» кішкене ренжіп жүр­­ген­­діктен, газеттің бас редак­торының орынбасарын да салқындау қа­былдаса керек. Бірақ алдына кел­ген жас жігіттің ақын Ғалым Мал­дыбаевтың ұлы екенін біл­генде Мырзекең өзінің бәз-баяғы мыр­за бейілімен жадырап сала беріп­ті. Өтініш орындалады, ша­руа­ шешіледі. «Казахстанская прав­даның» сол жолғы жобалаған іс-­шарасы сәтімен тамаша өтіп, Мырзатай аға оны салиқалы сөзімен бас-тап беріп, басынан аяғына дейін басы-қасында жүріп, риясыз жәрдемдеседі. Бұл, сайып келгенде, қазақтың үлкен ақыны Ғалым Малдыбаевтың аруақ-рухының арқасында мүмкін болған нәрсе еді. «Жақсыдан – шарапат» деген осы да. 

Жалпақ қазақ жақсы білетін Мырзатай аға осылайша құрмет тұтқан Ғалым Малдыбаев шын мә­нінде де өз заманында бәсі биік ақындардың бірі болатын. Ал біз өз әңгімемізге оның айкөл жазушы Сәбит Мұқановпен қандай алмағайып сын кезеңдерде де сызат түспей жарты ғасыр жарасқан достығын, сырбаз сыйластығын арқау етпекпіз.

Ғалекең өзі, сірә, көкейлеріне түйе жүрсін деген оймен балаларына Сәбеңмен алғаш танысуын былайша әңгімелейді екен: «Мен көркем әдебиеттің кемеңгері, жерлесім, қаламдас досым, сырласым Сәбит Мұқановпен 1925 жы­лы Қызылжарда таныстым. Алыстағы ауылдан қалаға оқуға келгенмін. Ол кезде Төңкеріс болысында комсомол жетекшісі едім. Сәбитті Ямская көшесіндегі партия-совет мектебінде көрдім. Ол осында сабақ береді екен». Ал енді С.Мұқановтың «Өлеңдері өмір­шең» атты мақаласынан бұл­ сөздерді растайтын мына жол­дарды оқимыз. «Ғалым Қызыл­жардағы Совпартта оқыған жыл­дары мен осы мектепте сая­си сабақ жүргіздім. Сол кезде қала­ның ынталы жастары көркем әде­биет үйірмесін құрды.

Белсенді мүшелері Мәжит Дәулетбаев, Ға­лым Малдыбаев, Есмағанбет Ысмайылов, т.б. Ғалым – ұйым­ның секретары...», – дейді. Бір айтарлығы, бұл жылдарда Мағжан Жұ­мабаев та осы мектепте жұмыс істеген екен. Демек, ақындық талабы қаулап оянған, әрі жерлестігі тағы бар, Ғалым осы кездерде Мағжанмен де інілік жолымен ізетті аралас-құраластықта болмады дей ал­масақ керек. Жоғарыда Сәбең атағандардан басқа, мектепте бірге оқыған замандастары арасында кейінгі үлкен драматург-жазушы Шахмет Құсайынов, сондай-ақ Абдолла Садуақасов сынды қазақтың белгілі азаматтары болған. Қызылжардағы кездесулері жайында С.Мұқанов аталған мақаласында егжей-тегжейлі жазып кеткен. Осы жылдардан ескерткіш іспеттес Сәбиттің Ғалымға сыйлаған фото­­­суреті сақталған. Сыртында: «Ға­лымға Сәбиттен 1928» деп араб емлесімен жазылған қол­таңбасы бар екен.

Міне, осы жылдардан бастап Ғалым Малдыбаевтың әдеби шы­ғар­машылықпен мақсатты түрде айналыса бастағаны байқалады. Отызыншы жылдарда «Балға-орақ», «Доңғалақ» атты поэмалары өлеңдерімен қоса кітап болып басылады. Сөйтіп, ақын ретінде ерте танылады. Мәскеудегі Шы­ғыс университетінде оқып келе­ді. Осының бәрінде аға дос Сә­бит­тің қамқорлығы, ықпалы бол­ғаны сөзсіз. 1936-37 жылдары Ал­матыда Сәбиттің маңында қыз­мет еткен. Ал қуғын-сүргін басталған тұста тағы да Сәбеңнің ақылымен еліне қайтып, 1939 жылға дейін Ресейдің Түмен облысында бас сауғалауға мәж­бүр болған. 1940-44 жылдары қайтадан Алматыда тұрып, С.Мұқановтың төңірегінде жұмыс істейді. Соның арасында соғыстың алғашқы жылдарында майданда болып, Панфилов дивизиясында әскери тілшілік қызмет атқарып, елге жараланып оралады. 1944 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Солтүстік Қазақстан облысының кезінде Октябрь, кейін Сергеев атанған, қазіргі Шал ақын ауданында, ауылда тұрды. Ауылда тұрса да, Қызылжар өңірінің Ас­қар Тоқмағамбетові атанып, қала­мын қолынан түсірмей, көп­теген жыр кітаптарын тудыр­ды, атақты «Қырым қызы» поэмасын жазды, қазақ ақын-жазушыларының әдеби өмірінен ешқашан шет қал­мады. Сонымен бірге, ұзақ жылдар бойы облыстық «Ленин туы» газетінің меншікті тілшісі болып, журналистік, қоғамдық тұрғыдан белсенді жүрді, азаматтық-ада­ми беделі жоғары болды. Ал­ Сә­беңмен арадағы достық өле-өлгенше жалғасты. Екеуара жа­зысқан хаттар, елжірескен кө­ңілдер, бірге түскен суреттер, рия­сыз аралас-құраластық соған айғақ. 
Ғалым Малдыбаев Сәбеңмен ғана емес, сол жылдарда әдебие­ті­міздің тағы бір классигі Ға­бит Мүсіреповпен, өнер-мәде­ниетіміздің басқа да жақсы-жай­саңдарымен сыйлас болған, бір-бірінің қадіріне жеткен. Өзінің балаларына айтқан әңгімесіне ден қойсақ, 1949 жылдың мамыр айында республикалық үлкен делегация құрамында Мәс­кеуге, қазақ әдебиеті мен өне­рі­нің онкүндігіне барады. Сол жо­­лы Ғалекең Алматы – Мәскеу пойызының бір купесінде төрт тәулік бойы қазақтың өлеңі мен өнерінің жұлдыздары Шашубай Қошқарбаев, Нартай Бекежанов, Нұрпейіс Байғаниндермен сапарлас болады. Ән-жыр, ағыл-тегіл әңгіме де осы купеде. Жасы кіші Ғалекең жол бойы ақсақалдарға құрақ ұшып қызмет көрсетеді. Үйден мол қылып алып шыққан қазы-қарта, жал-жая, май-құртын қарттардың алдына тартады. Шашекең ырза болып: «Ғалым, келіннің аяғы ауыр емес пе еді?» деп сұрайды. Сөйтсе, апамыздың аяғы шынымен де ауыр екен. Соны естіген бойда абыз қарт қолын жайып жіберіп ақ батасын ағылтыпты. Соңында: «Құдай бұйыртса келін ұл туады, атын Шашубай қоясың» деп бетін бір-ақ сипайды. Сол кездегі атағы дүрілдеп тұрған өнер жампозы, орақ ауыз, отты тіл сәуегей қартқа қарсы сөз айту қайда, «болсын» дейді бас изеп. Содан сол жылы қазан айында дүниеге келген торсық шеке ұлдың аты Шашубай деп қойылады. 

Ғалым ақын ауылда тұрды дедік қой. Жаздың жайлы кеште­рінде үй алдындағы көкмайса көгалға бала-шағасын жинап, ота­ғасы домбыра тартып, «Бір ба­ла» әнін салады екен. Он құрсақ көтерген, отыз жылдан аса отасқан жас-қосағы Зураш жү­реді жымия күлімсіреп, үйге кіріп-шығып. Кенжесі Сәбиттің айтуынша, шанағының өңі кетіп, сағағына дейін ақжем болған қолтоқпақтай ғана домбырасын отағасы қимас мүлік, қымбат жәдігердей қастерлеп өтіпті. Күрең қошқыл бояуы кетіп, өңі тарғыл тартып домбыра әбден көнерсе де қолынан тастамапты. «Әке, жаңа домбыра неге алмайсың?» деп сұрағанда барып оның себебін айтыпты:

– Ә, балам, бұл домбыра тегін дом­быра емес. Ескі болса да ескерткіш домбыра. Сондықтан, маған қымбат, әрі аманат болған аспап, – деп күйін шерте отырып сол бір қымбат домбыраның сырын да шертіп беріпті. 

Бұл да жаңағы Мәскеудегі дека­даға сапар шеккен пойыз­ купесінде болған оқиға. Ша­шекеңнің Ғалымға берген батасын, мұндағы болып жатқан әңгімені көрші купедегі, тіптен, бүкіл вагондағы ақын-жазушы, әнші-күйші өнерпаз қауым түгел естиді. Бұлар енді Ғалымды бо­лашақ ұлына Шашубайдай ел ардағының ат қоюымен жа­­­ғалай келіп құттықтасын. Көңіл көкке өрлеген сол бір сәтте қазақ­тың белгілі партизан ақыны, көк­шетаулық тілектес інісі Жұмағали Саин өзінің осы мәртебелі сапарға үйден арнайы ала шыққан домбырасын әкеліп: «Мына қазақтың қасиетті қара домбырасын алда өмірге келетін ұлыңызға тарту етемін. Аға, сізге аманат, алыңыз» деп сыйлап қолына ұстатады. 

Сәбит Мұқанов ауылда тұра­тын ақын досы Ғалымның үйіне 1957, 1960 және 1964 жылдары қонаққа келіп, апталап жатып дем алады. Соның алғашқысын сол кездегі бала Шашубай, қазіргі ардагер журналист былай деп еске алады: «1957 жыл. Мезгіл – жаз, ұмытпасам, шілде айы болса керек. Біздің үйге «советтік сөзге қаламы көрмеген әсте мұқалып... кәдімгі Сәбит Мұқановтың» өзі келді... Әкем Ғалым, анам Зураш қонақ күтіп  бәйек болып жүр. Ауыл-аймақ, көрші-қолаң мәре-сәре, бәрі біздің үйдің маңайында. Қуаныштарында шек жоқ. Күнде кешкісін есік алдындағы көк майсаға ауылдың бар жақсысы жиналып, Сәбеңнің сан түрлі әңгімесін тыңдайды. Соңында қариялар жағы қол жайып бата береді, ал жастар болса ән айтып, домбыра тартады. Қонақ қуанышты, ауылдастар олжалы. Үстіне кестелі жаға, ақ жібектен көйлек киген Сәбиттің сұлу сымбаты шапақ шашып, ұясына қонып бара жатқан күн сәулесімен шырайлана түседі... Осы жолы Сәбең бізді мойнына асып жүрген «Смена» фотоаппаратымен суретке түсірді. Жазушының бұл жә­дігері менің қолымда күні бү­гінге дейін сақтаулы. Үрпе-түр­пе болып әке-шешеміздің бауырына тығыла түскен апа, іні-қарындастарымның бейнесін көрген сайын мәз болып, күліп аламын».

Иә, шынымен де Сәбең құтты қонақ болғанға ұқсайды. Атақты досының сапарынан кейін Ғалым Малдыбаев тың серпіліспен, зор ақындық шабытпен қолына қалам алған сыңайлы. Себебі, сол жылдары ол көптеген жаңа шығармаларын өмірге әкеледі. Ал 1958 жылы «Жазушы» баспасынан қызылжарлық ақынның әйгілі «Қырым қызы» кітабы басылып шығады. 

Ең үлкен қуаныш, Сәбит келген жылы туған ұлдың атын Ғалекең Алтай деп қояды. Өйт­­кені, бұл өзі жазушының «Сұ­лушаш» поэмасы дүркіреп тұрған кез. Ондағы басты кейіп­кердің есімі – Алтай. Осы Алтай есімін өмірге жаңа іңгәлап кел­ген баласына беру арқылы Сә­бең­дей санатты досына, оның шығармашылығына шынайы құрметін білдіреді. 

1960 жылы С.Мұқановтың 60 жылдық тойы өзінің туған жері Жаманшұбарда, кітаптарынан белгілі Дос көлінің жағасында өтеді. Сәбең осынау ұлан-асыр, дүбірлі тойының қат-қабат қарбалас-сапырылысында досы Ғалымды есінен шығармай, оған арнайы «Волга» мәшинесін жіберіп алдырып, тойының құрметті қонағы етеді. Тағы да атын әулиедей үлкен Шашекең қойған, сол тойға әкесі ертіп барған кіші Шашекеңе жүгінсек, елі Сәбеңді хан көтеріп қарсы алған. Әсіресе, қарапайым ха­лық­тың жазушыға деген сүйіс­пеншілік сезімі, ризашылық ние­ті, қошемет-құрметі арнасынан асып төгіледі. Тойға жиналған жұртта қисап жоқ. Ойын-сауық, сән-салтанат. Ас-су ағыл-тегіл, қонақтардың жол-жорасы өз алдына бір төбе. Дүркіреген ат бәйгесі, күркіреген түйе балуан күресі де болмай қалмайды. Жарты күндік жерден құстай ұшып Балуан ауылының күрең аты келді, дейді. Той иесі Сәбит Мұқанов бәйгелі жүй­­ріктің үстіне кілем жауып қошемет көрсетеді. Өзі қайда барса Ғалым досын қасынан бір елі қалдырмайды. Сонымен бірге бұл тойға Ғабит Мүсірепов, Жүсіпбек Елебеков, Сырбай Мәуленов, Ғали Орманов, Нұрмұхан Жантөрин, Шабал Бейсекова сияқты қазақтың белгілі тұлғалары қатысып, Сәбеңнің шашбауын көтеріпті. 

Атақты жазушының Ғалым Малдыбаев досының ауылына 1964 жылы арнайы қонақтап келіп, аунап-қунап, ел ішінің тірлігімен тыныстап кеткен сапары да із-түзсіз қалмайды. Сол жылы туған көпей ұлдың аты Сәбең досының құрметіне ырымдап Сәбит деп қойылады. Осынау ырымның ақ тілегі періште құлағына шалынғаны емес пе, бүгінде кіші Сәбит те елге белгілі қаламгер, абыройлы азамат екенін жоғарыда айттық.
Сәбең туған еліне соңғы рет 1972 жылы келіпті. Бұл жолғы сапары ақын Ғалым Малдыбаевтың 70 жасқа келген мерейтойына байланысты. Мамыр айы. Қасына қашанғысынша Мәриям апай мен сол кездегі жас жазушы Ахат Жақсыбаевты ерткен. 

Жергілікті ақынның 70 жыл­дығының салтанатты жиыны аудан орталығы Сергеевкадағы Мәдениет сарайында өтеді. Төрде – Сәбең мен Ғалым, олар­дың жар-қосақтары Мәриям мен Зураш апайлар. Екі достың мерейлі сәті. Сарайға жиналған қауым С.Мұқановтың мінбеге көтерілуін қуана қол соғып қарсы алады. Әйгілі қаламгер етжеңді денесін еркін ұстап, дос туралы көсіле сөйлейді. Әңгіме төркінін әріден бастап, Ғалекеңнің әдебиеттегі жолын кеңінен толғап баяндайды. Ақын досын кең құшағына алып, бауырына басып құттықтайды. Сөз ретінде тебіреніп, өзінің жолдастық парыз жөнімен жа­саған қамқорлықтарын да айтып өтеді. Жиналған жұртшылық академик жазушы, үлкен парасат иесінің аузынан шыққан әр сөзді зейін қойып тыңдап, ырза көңілден мерейленіп отырады. 

Ертеңіне С.Мұқанов бір топ адаммен Ыбыраев атындағы кеңшардың орталық қонысы – Ленин ауылындағы Ғалымның үйіне келіп түседі. Сәбеңе сә­лем беруге ауылдың кәрі-жа­сы тегіс жиналады. Жиылған қа­уым қонақасы дастарқанына жайғасқан кезде Сәбең орнынан  тұрып, көпшілікке сәлем беріп, риясыз құрметін білдіреді. Дәм үстінде тағы бір ежелгі жолдасы, халық ақыны, әнші Игібай Әлібаев бір орайда үкілі домбырасын қағып-қағып жіберіп, ән-жырды көкке өрлетеді. Мәжіліс шырайланып, Сәбең де, Ғалым да шаттана күліп шалқып отырады. Бұл – заңғар жазушы, ұлы жүректің туған жерге соңғы келуі, өмір бойы бауыр боп өткен екі достың соңғы кездесуі еді. 

Сәбең көңілінен су ішкен ақын Ғалым Малдыбаевтың да өмірде үлкен ізі қалды. 1982 жылы көз жұмғанша қаламы қолынан түскен жоқ. Сонау өткен ғасырдың жиыр­масыншы жылдарынан бастап жазған туын­дылары, оның ішінде 17 поэмасы тегіс жарық көрді. 110 жыл­дығында балалары Шашубай мен Сәбит «Жылдар, жырлар» атты таңдамалысын шығарды. Ол жайында талай естеліктер, өлеңдер, әңгіме, хикаят жазылды. Есімі де ескерусіз емес. Ақын атында Шал ақын ауданындағы туған ауылы Жаңажолда мектеп, екі қалада көшелер бар. Ең ғанибеті, Ғалым Малдыбаевтың жыр әлемі оқырман жүрегінде жатталған, рухы терең тамыр жайған ұрпағының санасында сақталған. Ақын үшін осыдан асқан бақыт бар ма?!  

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»