Кино • 26 Қыркүйек, 2017

Ақанның айы оңынан туды

572 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құрамына үздік отандық кино және телевизия қыз­меткерлері мен кино өне­рінің дамуына, танылуына үлес қосқан шет­елдік кинематографистер кіретін «Ұлттық кине­ма­то­­графиялық өнер және ғылым академиясы» қо­ғам­дық бірлестігі тағайын­даған ұлттық «Тұлпар» кино­жүлдесін табыстау рәсі­мі биыл екінші рет өткізілді. 

Ақанның айы оңынан туды

Мұнда отандық картиналар 8 аталым бойынша, ал түркітілдес елдер және көршілес мемлекеттерден қатысқан фильмдер бір аталымда бақ сынады. 

Биылғы «Тұлпардан» үміт­кер­лердің ішінде Нұртас Адамбайдың «Тараз», Катерина Су­ворованың «Ертең теңіз», Гауһар Нұртастың «Тоқал», Светлана Фортунаның «А.Л.Ж.И.Р» фильмдері де бол­ған еді. Әдеттегідей, кино мереке­лерінде қызыл кілемнің үстімен қуаныш құшағында жүріп өтетін режиссер Ақан Сатаевтың жеңісті жолы бұл кеште де жалғасын тау­ып, ол түсірген «Аудандардың» төбесінен жүлде жауған күн болды.

Сонымен «Үздік фильм» де, «Үздік режиссерлік жұмыс» та, «Үздік сценарий» де, «Фильмге жа­зыл­ған үздік музыка» да, «Үз­дік ер адам» да режиссер Ақан Са­таев­­тың «Аудандарында» болып шықты. Тимур Жақсылықов үздік сценарийдің иесі атанса, үз­дік композитор Әлім Заи­ров пен үздік актер Елтеріс Нұр­жанов осы «Аудандардың» ішінен табылды. А.Сатаевтың фильмінен кейін ең көп жүлдені иеленген фильм «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» болды. «Алмас қылышта» жарқылдаған Қайрат Кемалов та Елтеріспен бірге «Үздік ер адамның рөлін» бөлісті. Бұл тарихи туындыдағы Сапар Койчуманов, Александр Плотников «Үздік опе­раторлық жұмыс», Сәбит Құр­манбеков пен Өмірзақ Шманов «Үздік қоюшы-суретші жұмысы» үшін марапатталды. «Ғаламторда» ойнаған Айсұлу Әзімбаева «Үздік әйел рөлін» жеңіп алды. Асанәлі Әшімовке «Қазақстан кине­мато­­­графиясына қосқан үлесі үшін» жүлдесі табысталды. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ