Саясат • 26 Қыркүйек, 2017

Азаттыққа қол созған Каталония

884 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Испания – Қазақстанның Еуропадағы басты саяси әріптестерінің бірі және елімізбен Стратегиялық әріптестік жөнінде келісім-шарт жасасқан екінші еуропалық мемлекет. Пиреней түбегіндегі корольдікпен тауар айналымы да жолға қойылған. Таяуда Испанияны үлкен сынақ күтіп тұр. Елдегі автономиялық аймақ Каталония 1 қазанда егемендік жөнінде референдум өткізетінін мәлімдеді.

Азаттыққа қол созған Каталония

Сурет BBC жаңалық порталынан алынды

Испания билігі дауыс беруге үзілді-кесілді рұқсат бермейтінін, каталондықтардың әрекетін заңсыз деп есептейтінін жеткізген-ді. Межелі мерзім жақындаған сайын Испаниядағы жағдай шиеленісіп барады.

Пиреней түбегінде Каталонияның тәуелсіздікке талпынысы талайдан бері әңгіме болып жүр. Мәселен, 2014 жылы аймақта тәуелсіздік алу жөнінде халықтық референдум өткен. Онда электораттардың басым бөлігі Испаниядан бөлінуге дауыс берді. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесуді» жөн көрді ме, бір жылдан кейін тағы бір мәрте референдум ұйымдастырылып, қатысушылардың көбі тәуелсіздік жариялауға келісімін берді. Былтыр Каталония үкіметі егемендік жөнінде партия аралық дауыс беру өткізген. Каталония парламентінің 50 пайыздан астамы азаттық алуды қолдайтынын білдірді. Соның нәтижесінде, алдағы қазанда елде жалпы халықтың референдум ұйымдастырылады. Алда-жалда Каталония тұрғындары осы жолы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса», онда жер жаһанның картасына тағы бір мемлекеттің атауы түсетін күн алыс емес.

Испания автономиялық аймақтың бұл тағдыршешті жоспарын құптап отырған жоқ. Ел премьер-министрі Мариано Рахой Каталонияның тәуелсіздік жөнінде референдум өткізуі заңға қайшы деп есептейтінін айтты. BBC арнасы таратқан ақпаратқа сүйенсек, Испания үкіметі Каталония тұрғындары 48 сағат ішінде райынан қайтпаса, шаралар қолданатынын мәлімдеген. Яғни, аймаққа бөлінетін қаржы көлемін қысқартып, дауыс беру парағын таратқандарды жауапқа тартылады.

Каталонияның тәуелсіздікке сонша ұмтылуының, оған ресми биліктің қарсы болуының сыры неде? Бұған экономикалық, саяси және тарихи оқиғалар әсер етіп отыр. Солтүстігінде Франциямен шектесіп, шығысын Жерорта теңізінің суы шайып жатқан муниципалитет азаттықты күні кеше майшаммен іздей бастаған жоқ, оның тарихи тамыры тереңге кеткен.

Каталония – Испанияның солтүстік шығысында орналасқан автономиялық аймақ. Халқының саны 6,5 миллионнан асады. Талай қанқұйлы басшының тепкісіне төзген территория XV ғасырда жеке патшалық болып жарияланды. Жеріне көз алартқан жауларының ортасында қалған Каталония патшалығы 1714 жылы тарих сахнасынан кетіп, Испанияның бір бөлшегіне айналды. Содан бері азаттықтың тәтті дәмін татқан каталондар тәуелсіздікке талпынысын тоқтатқан жоқ. Генерал Франко биліктен кеткен соң, Испания жаңа даму бағытын ұстанған-тұғын. Каталония осы сәтті ұтымды пайдаланып, 1977 жылы автономия мәртебесіне қол жеткізді. Аймақ 2006 жылы автономия атағын тағы да бекітіп алды. Бірақ, 2010 жылы Испания билігі Каталонияның бірқатар автономиялық құқығын шектеп, бар «бақытынан» айырды.

Тәуелсіздікке ұмтылудың келесі бір парасы – елдегі экономикалық жағдаймен тікелей байланысты. Каталония – Испаниядағы ең ауқатты және индустриясы дамыған аймақ саналады. Сонымен қатар, Барселона – туристер ағылатын сүйікті мекенге айналғалы қаш-а-ан. Шаһарға бизнес өкілдері көптеп келіп, мемлекеттегі үлкен банктер орналаса бастады. Euronews арнасының мәліметі бойынша, Каталонияның бір өзі елдегі ішкі жалпы өнімінің 20 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Испанияда еш облыс мұндай жетістігімен мақтана алмайды. Әйтсе де, үкіметтен аймаққа бөлінетін қаражат үлесі ІЖӨ көлемімен сай емес.

The Telegraph басылымының есептеуіне сәйкес, алда-жалда Каталония егемендігін алса, онда «су жаңа елдің» ІЖӨ мөлшері 314 миллиард долларға тең болып, әлем бойынша 34-ші орынға тұрақтайды. Салыстырмалы түрде қарасақ, Каталонияның ІЖӨ көлемі Португалия және Израильден көп. Жан басына шаққандағы ІЖӨ де көбейіп, 35 мың долларды құрайды. Яғни, Каталония экономикалық тұрғыда ұтпаса, ұтылмақ емес.

Тіл мәселесі де каталондықтардың азаттыққа ұмтылуының бір себебіне айналған. Испанияда каталонша ресми статусы бар кастилия тілімен қатар қолданылады. Бірақ Каталониядан басқа аймақта ол тілде сөйлейтіндер шамалы. Яғни, қағаз жүзінде құқығы болса да, ана тілі Каталония халқынан басқа ешкімге керек емес.

Financial Times журналының көзқарасына сүйенсек, Каталонияның референдум өткізуге талпынысы заңға қайшы келеді. Өйткені, Испанияның 1978 жылғы конституциясының 2-бабында испан халқының бірлігі мен ортақ аумағы бұзылмайтыны жөнінде жазылған. Журнал тәуелсіздікке ұмтылған халықтың бәрін заңға сай жасайтынын алға тартады. Мәселен, 1995 жылы Квебек провинциясы Канададан тәуелсіздік сұрағанда немесе Шотландия Ұлыбритания құрамынан шығуды көздегенде ел билігімен ынтымақтаса әрекет еткен-ді. Алайда Каталония мен Испания арасында тәуелсіздік референдумі жөнінде ортақ келісім жоқ.

Шартараптағы жанкүйерлер үшін «Барселона» футбол клубы сүйікті команда болса, каталондықтарға азаттықтың символы іспетті. Клуб ойыншылары да референдум өткізуді, тәуелсіздік алуды қолдайтынын баспасөз беттерінен оқып жүрміз. Екі жыл бұрын Барселона қаласына жолым түскен еді. Сонда әр үйдің сыртында Каталония туы ілініп тұрғанын көрген болатынбыз. Ал Испания жалауы ресми мекемелерде ғана ілінген. Яғни, азаттықты аңсау каталондардың етінен өтіп, сүйегіне жеткені анық байқалады.

Испанияның ұстанымын түсінуге болады. Каталония бөлініп кетсе, корольдік майлы шелпегінен айрылады. Сондай-ақ, басктар елі секілді тілі мен ділі бөлек басқа аймақтар да тәуелсіздік сұрап шығуы ықтимал. Мұндай жағдай дағдарыстан әрең есін жинаған Испания үшін қажеті жоқ. Бұдан бөлек, корольдіктің шет елдерге 836 миллиард доллар берешегі бар. Каталония егемендік алса, қарыздың қандай жолмен қайтарылатыны да түсініксіз. Алдағы референдум аймақтың егемендігін қолына ұстатады дегенге сену қиын. Әйтсе де, азаттыққа ұмтылған ұлттың бір қадамы болатыны анық.