Аймақтар • 26 Қыркүйек, 2017

Алматыда барлаушылар туралы тұңғыш көлемді кітап жарық көрді

728 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының Алматыдағы өкілдігінде белгілі журналист, «Айқын» газетінің тілшісі Қайыржан Төрежановтың «Сыртқы барлау» атты кітабының тұсаукесері өтті. Оқырманға жол тартқан су жаңа кітап еліміздегі барлау қызметі туралы жазылған тұңғыш деректі туынды.

Алматыда  барлаушылар туралы тұңғыш көлемді кітап жарық көрді

Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті ел тыныштығының берік қорғаны. Алайда, қызығы мен құпиясы мол бұл саланың қызметі жайлы көп айтыла бермейді. Автор аталмыш еңбегінде барлаушылардың былайғы жұрт аңғара  бермейтін ерекше қасиеттерін, жауапты жұмыстың қыр-сырын бүкпесіз де боямасыз бейнелеуге тырысқан. Кітапта осы саланың өрістеуіне өрелі үлес қосып, қажырлы еңбек еткен азаматтардың ғибратты жолы кейінгілерге үлгі ретінде көркем көрініс тапқан. «Қайыржан Төрежанов қалам қуатын сыры көпке белгісіз осы саланың ұңғыл-шұңғылын зерттеуге жұмсаған. Жарық көріп отырған «Сыртқы барлау» кітабы осының анық дәлелі,» дейді кітаптың тұсаукесеріне жиналған зиялы қауым өкілдері.

Тың туындының тұсаукесер рәсімінде қазақстандық барлау қызметіне басшылық жасаған генералдар – Талғат Әмірғалиев, Мұрат Сыздықов, Ғабиден Бекмұхамедовтер оқырмандарға жол тартқан жаңа еңбекке ақжол тілеп, алдағы уақытта барлаушылар өмірінен сыр шертетін осы тектес кітаптар көптеп жазылса деген тілек пікірлерін білдірді. Сондай-ақ Елордадан арнайы келген республикалық ҰҚК ардагерлері кеңесінің төрағасы Кенжеболат Бекназаров әріптесімізді ҰҚК төрағасының бұйрығымен берілген «Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне 25 жыл» төсбелгісімен марапаттады. Ал, Сыртқы барлау қызметі тарапынан Алматы ардагерлер кеңесінің төрағасы генерал-майор Болат Мешінбаев «Сырбар» офицерлер жиналысының шешімімен тағайындалған 500 мың теңгенің сертификатын және ТМД арнайы қызмет ардагерлері кеңесінің атынан ардагер-барлаушы Қабдолда Бекжанов «П. Судоплатов» атындағы медальді тапсырды.

Еске салсақ, еліміздегі «Барлау» қызметі Елбасы Жарлығымен 1997 жылдың 5 қарашасында құрылған еді. Осылайша, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органның құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр.

– Жалпы, барлаушылар деген кімдер, олар дәл қазір немен айналысып жүр деген сұраққа ешкім жауап бере алмайды. Барлаушының қандай қызметте екендігін тіпті тығыз қарым-қатынас жасайтын көршілерінің де білмеуі заңды. Олардың өздері атқаратын қызметтері жайлы ең жақын адамдарына, балаларына, тіпті немерелеріне де құпиялылығы ашылғанша кейбір операциялар туралы ештеңе айта алмайды. Сондықтан осындай деректі кітап керек. Кітаптың жарық көруіне «Сырбар» – Сыртқы барлау қызметі тікелей қолдау көрсетті. Алдағы уақытта осы бағытта сериалы кітаптар жазсам деген жоспарым бар, – дейді «Сыртқы барлау» кітабының авторы Қайыржан Төрежанов.

Шынайы дереккөздерден, архивтерден алынған мақалалардың негізінде жазылған өрелі еңбек арқылы оқырмандар отандық барлаушылардың қызметі жайлы мол мағлұматқа қанығатын болады. Сондықтан тың туынды барша оқырмандардың қызығушылығын тудырады деген сенімдеміз.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ