Әдебиет • 27 Қыркүйек, 2017

Шерағаммен екі ай бірге өткізген күндерім

538 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

1999 жылы болған Парламент сайлауы өте тартысты өтті. Ол кезде қазіргідей партияның атынан тізім арқылы Парламент мандатына ие болу жоқ. Депутат болам деген азамат ел аралап, күндіз-түні өзін насихаттау жұмысымен айналысты.

Қазақтың біртуар азаматы, халық жазушысы Шерхан Мұртаза еліміздің көптеген жерлерінен «біздің окургтен дауысқа түсіңіз» деген шақыруларын қанағат сезіммен қарсы ала отырып, бұл жолы тұңғыш рет туған өлкесінен Парламент Мәжілісіне депутаттыққа кандидат болып тіркелді. Сол күннен бастап мен Шерағаңның сенімді өкілі ретінде Талас, Сарысу, Жамбыл және Жуалы аудандарының сайлаушыларының алдына шығып, Шерағаға депутат мандаты не үшін керек екенін айтумен болдым. Шерағаммен екі ай бірге өткізген мағыналы, тағылымды күндерім ұмытылмас оқиғаларға толы болды. Сол кезде болған кейбір оқиғаларды, Шерағаның айтқан сөздерін қағазға түсірген едім. Қазақстанның халық жазушысының сол кезде айтқан ой-пікірлері өмірімізде көрініс тауып жатқандығы қуантады.

Шерағаммен екі ай бірге өткізген күндерім

Шерхан Мұртаза

«Әркім білгенін жазады...»
Қарасаз ауылы. 
11.08. 1999 жыл. Сағат 9.30. 

Шераға баспалдақпен көтеріліп бара жатып, қыран қабағын керіп тастап, залға қарады да, бар даусымен сөйлей жөнелді.
– Хан алдына барғанда қай­тармады тілімді,
Би алдына барғанда би таппады мінімді,
Өз еліме келгенде итке берсін күнімді, – деген екен бір ғұлама. Сіз­дер­дің қараңызды көріп мен де сол күйді басымнан кешіп отыр­ғандаймын. «Еліміз» деп, «жеріміз» деп келгенде көретініміз осы ма еді? «Жуалымыз дарқан, мұнда ешқашанда аштық болмаған, руға бөлу жойылған» деп жүргенімізде жиналған түріміз осы ма? Аздың аты шықпайды, жолы қия болады. Сәл қателессең болды ана-а-ау құзға бірақ құлайсың, – деді де, Шерағаң сайлаушылармен сөзді бірден өзі бастап кетті. Бұған мен қатты қуандым. Себебі Шер­ағаң­ның сенімді өкілі ретінде ең алдымен мен сөйлеуім керек. Шерағаң туралы ел алдында сөйлеу оңай шаруа емес. Сөзімді халық жазушысы қалай бағалайды, гәп сонда. 

Шерағаңның арқасы қызған, тоқтамай көсіле сөйледі. Баспал­дақпен көтеріліп бара жатқанда айтқан назын да ұмытқандай. Оның да өзіндік себебі бар, асық­пайтын қазақ біртіндеп келіп, үлкен Мә­дениет үйінің ішін толтырды. Содан күш алды ма әйтеуір Шерағаң көсілді. Сонысына қарай сұрақ­тар да шашылды. Кездесу аяқталуға жақындағанда алдыңғы қатарда өзгелерден орындығын оқшаулау қойып отырған ақсақал орнынан тұрмай-ақ:

– Сен... (тура осылай бастады сөзін) өзіңнің туыстарыңнан бас­қаларды жазбайсың. Атап айт­қанда, Тұрарды көп жаздың. Неге сіргеліден шыққан Елшібек батыр туралы жазбайсың?

Жиналғандар тып-тыныш. Мен демімді ішке тартып Шерағаға қарадым. Астыңғы салыңқы ерні жыбырлап, жер тарпыған тұл­пар­дай салмағын бір аяғынан екін­ші аяғына ауыстырып, одан соң екі аяғын да тең басып, алтын жалат­қан көзәйнегін жоғары кө­те­ріп, әлгі кісіге емес елге тура қа­рады. 

– Кім айтты?!

Дауысы саңқ ете қалды. Кейбі­реулер селк етті.

– Кім айтты, мені тек туыстарын ғана жазады деп! Мен Қара­ғандының көміршісін, Арқалықтың диқанын, Жаңатастың кеншісін, Теміртаудың шойын қорытқан батырын жазғанымды ұмыттыңыздар ма? Рас, Тұрар Рысқұловты жазу үшін өмірімнің отыз жылын сарп еттім. Тұрардың маған туыс бол­ғаны­на жазықтымын ба? Ал, тіпті жазуға тұрарлық туысың болса оны жазса айып па? Елшібек батыр сіздің туысыңыз болса неге жаз­байсыз? Біреу қолыңыздан қақ­ты ма?..

Тағы да бір сәт үнсіз қалды. Ойын жинақтап тұр деп айту қиын, мұндайда Шерағаң түйдек-түйдек сөз ағынын тасытады. Сол кезде айтқан шындыққа толы сөзі біреуге оқтай болып тиіп, жазушыға деген көңілі қалып қоятын сәттер де болады. Қазір көкем сондай сөздерін жұтып жатқандай көрінді. Өзіне өзі басу айтқандай.

– Бір сөзбен айтқанда, білге­німді, көргенімді жаздым. Бала кезден санама сіңген қасиетті сөз еттім. Әркім білгенін жазады! Со­лай болуы да керек.
Залды ду қол шапалақтау кернеп кетті.

Шераға бір сәт үнсіз қалды. Қа­бақтарын кере, салмағын бір аяғынан екіншісіне аударып, айтатын сөзін жұптап тұрғандай, қалың еріндері жыбырлайды. Әлден соң тағы да сөйлей жөнелді.

– Сөзімнің басында айттым ғой, талай жерді араладым. Американы, Еуропаны, Араб жерлерін араладым. Сөз сөйледім, тыңдады. Пат­ша­­ның алдына да бардым. Сөзіме ұйыды.

 Депутат мандатын бір сәт қа­жет­сінбей, жазумен айналысайын деген ойымды айналамда бо­лып жатқан дүрбелең бұзды. Қазақ­станның о түкпірінен де, бұ түкпірінен де телефон шалып, «біздің округтен депутат бо­лы­ңыз» дегендер көбейді. Одан кейін ойландым. Елімізде түйінді мәселе көбейіп кеткендей көрінді. Сонда қалай болғаны жыртық пен тесікті мен ғана жамай алам ба?! Бұл күпірлік емес пе? Сығалап қа­расам менен олар ой тастауды, сөз бастауды сұранып тұр. Түйінді заң арқылы, Парламенттің ақылымен шешуге бола ма?! Мен білетін болсам, төрт жылда бес жүз­дей заң қабылданыпты. Бірақ соның барлығы жұмыс істеп жатыр ма?! Қабылданған заң, сайланған Парламент құнарлы, қауқарлы бол­са, елге құт, бос сөз болса, жұт болмай ма?! Бос сөзге тойғанбыз. Ойланып қалғандай жиналғандарға көз тастады. Қолдау күткендей. Бірақ ешкім үн қатпады. Төрдегілер тұнжырады. 

– Біздің тәңіріміз – ауыл! Себе­бі, ауыл – қазақтың жаны, ру­хы, тілі, діні. Одан айырылсақ, қа­лаға келіп жұтылып кетсек, ха­­лық­­тық бейнемізден айырыламыз. Сондықтан орнығып, толысып алған соң, өзімізді-өзіміз танып, жо­ғымызды түгендеп, айналамызды біліп алғаннан кейін, қалада қазақилықтың белгілері орныға бастағанда ғана шаһарға қарай қозғалуға болады. Қазір жабылып қалған клуб, кітапхана ашылсын! Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар ауылдастарының алдына шығып, болып жатқан дүр­белеңнің тұздығын түсіндірсін! Мұн­дай істі 1917 жылы Тұрар бас­­таған Әулие­ата жастары жүзеге асырған...

Шераға тоқтады. Зал үнсіз. Ба­ғанағы орынсыз сұрақ қойған ақса­қал орнынан тұрды. 

– Аналайын, Шерхан, жырты­ғы­мыз көбейіп бара жатыр. Ауы­лымыз азып, сары уайымға салыну бар. Сен осындай сөздеріңмен, отты ойларыңмен бізді оята, ойландыра бер. Жолың болсын! Біз сенің сүйенішің боламыз. Әумин... 

«Парламент бөдененің қанатындай ...»
Жетітөбе ауылы. 
11.08.1999 жыл. Сағат 12.00. 

Мінбеге көтерілген өндірістік кооперативтің төрағасы Нұралы Абашев, Тасбастау ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ди­ханбек Айтбаев, Жетітөбе орта мектебі директорының оқу ісі жө­­­ніндегі орынбасары Рахым­жан Сатаев, «Жер-Ана» шаруа қо­­жалығының жетекшісі Елубай Ысмайылов, тағы басқалар Шер-аға туралы тебірене, толғай сөй­леді. Мақтады. Бастарынан өт­кен оқиғаларды айта отырып, Шераға­ның Парламент мінбесінен, теледидардан талай рет сөйлеген сөз­дерінен қуат алғандарын айтып жатты. Мінбеге жазушы көтерілді. 

– Сөйлегендердің сөзіңде қуат бар. Кедейді байытатын рух береді. Мен өзіме лайық мақтауларыңды қабылдаймын, қалғанын өздеріңе бердім...

Мен өмірімде көп нәрсе көр­дім. «Адал сөзіңді айт, әділдік төрелігіңді естуге келдім» деген соң, қара қылды қақ жарсам да боқ­тап кететіндер де болды. Қызық халықпыз. Біреудің бауыры өліп жатқанын пайдаланып, ұры оның жылқысын ұрлап әкетіпті. Тағы біреу көршісінің өртеніп жатқан отқа қойының басын үйітіпті. Тап осылай болған ба, болмаған ба, оны білмеймін. Бірақ қазақ туралы осындай сөз бар. Ондайлар имансыз. Оларда иман жоқ. Бірақ оның қазақ екенін ұмытпайық... 

Сөйлегендер менің көп сөз­де­рімді, ойларымды қайта­лады. Маған аманат ретінде халық­тың сөзін айтуды тапсырып жатыр­сыңдар, орындай аламын ба?! Бүгінгі Парламент бөдененің қана­тындай, сөзі де, ісі де қысқа. Ол ұзаққа ұша алмайды. Алдымен, қабылданатын заңның, Парламент мүшелерінің беделін көтеру керек. Ондай күн туатынына мен сенемін. Қазір «Жалаңаш барып жауға шап» деген сөз жараспас. Дегенмен де жылдар бойы жинаған тәжірибе, жүректе қатталған ой мені алға жетелейтіндігін жақсы білемін...

«Он волк... волк... в клетку не влезет...»

Күн сайын кешке кездесулер біткеннен кейін Шерағаны туған ауылы Талаптыға жеткізген соң, өзім ауылдарды аралап, елдің ішіндегі әңгімелерге құлақ түремін. Әр жерден әртүрлі әңгіме естиміз. Пәленше «ұн беріп жатыр екен». Түгенше құдайы тамақ беріп, ауыл ақсақалдарының иығына шапан жауыпты. Анау «ауылға диірмен салып беремін» депті. «Ананың ақшасы көп екен, теңге таратып жүр» дейді. Ауылда әлі теңгені қо­лына ұстап көрмегендер үй-үйді аралап байға дауыс беруге үгіттеп жүр дейді. Осы тақылеттес әңгіме өте көп. 

Күндегі қалыптасқан дәстүр бойынша таңертеңмен жазушының ауылы Талаптыға жеттім. Шәй үстінде естіген әңгімелерімнің ұшын шығардым.

Үнсіздік. Шер­аға­ның туған інісі Батырхан көкем де, жеңгейлер де үнсіз. Ешкім ешнәрсе естімегендей. Әлден соң Шераға маған бар дене­сімен бұ­рыл­­ды да: 

– Құдай сатып алған атақ-абы­ройдан, өтірік айтып бедел жи­на­ғаннан сақтасын! Ешкімнің ал­дына барып алақан жаймаймын.­ Халық өзі біледі кімнің кім екенін.­ Депутат болмасақ өліп қалмай­мыз. Қолымыздағы қа­ла­мымызды ешкім тартып алмайды.Өзгені қай­дам өзіміз ондайдан таза болайық, – деді де, – Бүгін қайда барамыз? – деп, маған тесіле қарады.

– Жамбыл ауданының Бесағаш жағын аралаймыз. Айшабибіден Нәбиді аламыз. Кеше дайын тұры­ңыз деп айтып кеткенмін.

– Жақсы, онда кеттік. Бұрылып Ақбілекке қарады. Кешкі тамақты осынан ішеміз. Әлгі көкпардың дамуына үлкен үлес қосқан шабандоз әрі ауыл әкімі Рүстемнің ұлы Нәбиді ерте келеміз. Ол әңгіменің кені, жақсы айтады, төндіріп, сендіріп айтады, – деді де машинаға қарай жүре берді.

Нәби Рүстемұлы бізді Айша бибі ауылдық әкімдігінің кеңсесінің алдында бір топ жігіттермен бірге көтеріңкі көңілмен қарсы алды.

– Шераға, мен кеше көкпар­шылармен сөйлестім. Бәрі сізді қалап отыр. Оның үстіне көкпар­шылар үшін ат үстінде тұрып, бә­туалас­қаннан аса қасиетті еш­нәрсе жоқ. Уәделерін бұзса жыл­қы­­ның киесі ұрады, – деді ол. 

Жа­зу­шы­ның көңілі көтеріліп қалды. Жы­мың-жымың етіп, бізге күле қарады.

– Апырай-а, ат үстінде тұрып бәтуаласқан аса қасиетті дедің бе? Сонда олар уәдесіне берік болады ғой...
– Иә, солай, – деді Нәби.
– Кеттік, – дедім мен. – Уақыт болып қалды...

Нәби Момынов тұтыға сөйлеп тұр. Кездесуге келгендер арасында орыс тілділер болған соң Нә­кең орысша сөйлей бастады. Бір сөзі­мен бір сөзі қабыспай, қайта-қайта ша­шала берді.

– Короче говоря, он волк...волк в клетку не влезет. Ни в какую клетку не пойдет. Он вольный волк, қасқы...р, – демесі бар ма.

Шерағаң маған бұрылды.

– Нәби бауырым не деп тұр? Мені қасқыр дей ме? Еш болмаса көкбөрі десе қайтеді.

Жазушы жымиып, тағы да Нәбидің сөзіне құлақ салды.

– «Ноқтаға басы сыймайды», дегені ғой, – дедім жай ғана.

– Солай ма? – деп жазушы тағы жымиды. – Ноқтаға талайлардың басы сыймаған. Мені де солай дей ме? Қызық екен, – деген Шерағаң бір сәт үнсіз қалды. Сәлден соң басын көтеріп алып жан-жағына көз тастады. Нәби аға әлі орысшалап, депутатқа кандидаттың «қол бала» болатын азамат емес екенін дәлелдеуге ұмтылып, шашалып, тұтығып сөйлеп жатыр. – Әттең есіл орысшасы шығын болатын болды ғой. Енді арыстан демесе болғаны. Оны дәлелдеу үшін де біраз уақыт керек ғой... Қоя қойғаны дұрыс...
Шерағаның ақылымен сөзге мен араласып, Нәбиді демалдырдық. 

Кешке Талаптыға келдік. Нә­кең­­нің бүгін сайлаушылар алдында сөйлегендегі шешендік өнерін еске алып, бір желпініп қалдық. Ал Шерағаң болса естімей отырған кісідей үн қатқан жоқ. Біз әңгімені ұзартып бара жатқан соң сөзге араласты.

– Болды енді. Нәкең барын салды. Шын жүрегімен айтты. Ондай сөз естір құлаққа тез жетеді. Жүректен шықпаған жалған сөзден құдай сақтасын...

«Халқымнан  қуат аламын...»
Жалпақтөбе ауылы
17.09.1999 жыл.Сағат 16.00.

Ауыл ақсақалы Қаби Биболов мінбеден түскенннен кейін ­Шер­ағам көтерілді. Көзәйнегін көзіне ыңғайлап алып, айналасына қарады.
– Бұл ауылдың тұрғындары негізінен дүнгендер ме? – деп, ауылдағы ірі өндірістік коопе­ра­тивтің бастығы, дүнген ұлы Тофик Ашировқа қарады.
– Иә, Шераға, бірақ бәрі қазақша біледі, – деді.

– Өркенің өссін! Шаңырағын тіккен жерге сіңемін, соны көр­кейтемін деген халық осылай болса керек. Осы ниеттерің сіздерді көбейтіп, көркейтіп жатқан. Көше­леріңнен облыс басшыларымен бірге жиі өтемін. Көшелерің гүл жайнап, аулаларың балалардың күлкісіне толып тұрады. Сондық­тан да мен сіздерді иманды халық деп ойлаймын. Мына Нәби мырза айтады. «Дүнгендер тасқа да гүл өсіреді» деп, «Сен ше?» деймін мен. Үндемей құтылады... Қой, негізгі әңгімемізді бастайық, келген шаруамызды айтайық... – деген көкем бір сәт үнсіз қалды. Бай­қағаным, Шерағам жұртты өзіне қаратудың, сөзін тыңдатудың шебері. «Әңгімені бастайық» дегені бекер. Бастап қойғанын өзі де жақсы біледі. Сондықтан да «сөзімді қалай қабылдады» деп, үнсіз қалғаны жиналғандардың көңіл-күйін бағдарлап тұрғаны.

– Бастай беріңіз, көке. Сөзіңіз мына Тофикке майдай жағып барады. «Көбейіңдер!» деп, 1992 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы ауылдың жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайларына неке куәлігін өз қолы­мен тапсырып тұрып айтқан. Бұлар басшыны қатты сыйлап, тыңдайды, – деген Нәби орнынан тұрып, сөзін одан әрі жалғастырды. – Бұл ауылға Дінмұхаммед Қонаев атамыз да жиі келетін. Келген сайын осындағы шаруашылықты ұзақ жылдар бойы басқарған Тофиктің әкесі Махмұд ақсақалмен кездесіп, дидарласып, сөйлесетін. Димекең де «өсіңдер, өніңдер» деп батасын берген. Содан ғой бұлардың өсіп жатқаны, – деп ол жымиды. Залдағылар күлді. Шерағам қабағын керді.
– Не сонда ол кісілер қазаққа неке куәлігін тапсырмапты ма, «өсіңдер, мына байтақ даланы балаға толтырыңдар» деп бата бермепті ме?! Жиналғандар тағы күлді. Нәби орнына отырды.

– Қалай айтсаңда мен өзінен көрі көршісінің жағдайын ойлайтын халқымнан, оның шуағынан қуат аламын. Көп болса қандай жақсы. «Көп қорқытады, терең батырады» деген аталарымыз. Сондықтан да халқым өссе, өзгенің алдында кішіреймесе, төмендемесе деймін. Оны биікке көтеретін салты, дәстүрі, тілі. Осыдан айырылып қалмаса деп жанталасам. Көп болсаң барыңнан айырылмайсың. Ащы болсада шындықты айтамын. Алдыңғы толқын ағаларымыз да солай істеген. Бауыржан көкем «Өтіріктің балын жалап өмір сүр­генше, шындықтың уын ішіп өлген артық!» – деген. Менің де жан ұраным осы!..

Көкем саңқылдап тұр. Бүгін көңілі көтеріңкі. Оны мен даусынан анық білемін. Көңілінде қаяу болса сөйлемей, дауысы баяу шығады. Бірақ елдің алдына барғанда мұның бәрін ысырып тастайды. Тістеніп, айтар ойын нығыздап айтқанымен халықтың ығына үнемі жығылып тұрады. «Сендер» демей «Сіздер» деп сөйлейді. Қазір де солай... 

«Иманның аздығынан, әзәзілдің көп болуынан сақтасын!»
Айшабибі ауылы.
20.09. 1999 жыл.Сағат 12.35.

Өндірістік кооперативтің төра­ғасы, атақты көкпаршы, депу­таттыққа кандидаттың сенімді өкілі Нәби Момынов біраз көсілді. Одан кейін ауыл тұрғындары Мәлік Бүтінбаев, Әлімбай Найзабаев де­ген азаматтар жазушының, қай­­раткердің шынайлығы мен шыншылдығын, қайсарлығы мен қай­раттылығын айтты. Артық-кемі жоқ, орынды. 

Мінбеге Шераға көтерілгенде жиналғандар дүрілдете ұзақ қол шапалақтады. Мұны күтпеген көкем біраз тосылыңқырап қалды. Алысқа шабатын тұлпардай тыпыршыды. Ерні жыбырлады. Қабағы мен қасын бір емес бірнеше рет көтеріп, керді.

– Бүгін күн ерекше ыстық. Оның үстіне бұл жердің шұ­ғы­ласы бар. Бұл ауылдың тұр­ғындары пендешілікке ұрын­баса деймін. Бұл жердің жоғары жағын Айша бибі нұрландырып тұр. Шаршап келе жатқанда мен осы жерге ке­ліп жеңілденіп қала­мын. Қыз­мет бабымен тай да міндік, тұл­пардың жалынан да ұстадық. Бірақ туған жер­дің қасиетінен артық еш­нәрсе жоқ. Жаңа ғана Бектөбе ауы­лында кездесуде болдым. Әулиеата қаласындағы Жамбыл атындағы мектепте бірге оқыған Махан Өтегенов деген клас­тасым алдымнан шыққанда сол бір жылдардың ауыр күндері көз алдыма келді. Бірақ бізді жақ­сылыққа деген үміт алға жетеледі. Адамды үміттендіретін оның бойын­дағы рух. Үмітті қасиет­теріміз нұрландырады. Айша бибі кесе­несінің жанында мектептің болуы жақсылық. Себебі олар жақ­сы­­лықтың, мейі­рім­діліктің, махаб­баттың шапа­ғымен нұрлана­ды! Он­дай жерден жақсы адамдар шықса керек. 

Аруағынан айналайын, Ай­ша бибінің кірпішін алып, бұз­ғандар болған. Олар құрыды. Күмбез тұр. Айша бибі күмбезі ас­қақтап тұруы керек. Анамыздың басы қирап тұрғанда жер басып жүрудің өзі ұят. Мен Тәж-Махалды көрдім. Сонда көрдім осындай оюлы, өрнекті кірпішті... Осы ою, осы өрнек біздің тари­хымыз терең, рухымыз биік ел болғанымызды танытады. Та­нығысы келмегендердің өздері қирайды. Алды басталды... Идео­ло­гиялық интервенция­дан сақ­танбасаң құрисың. Құдай иман­ның аздығынан, әзәзілдің көп болуынан сақтасын...
Шераға саясатты да, бүгінгі тыныс-тіршілікті де айтпады. Адамның рухани азығын молайтатын, жүрек қылын дәл басатын жүрек сөздерін айтты. Шерағаң мінбеден түсісімен, Нәби орнынан тұрды. Екі алақанын жайды:

– Е, Алла қолдасын! Шерағам­ның жолы болсын, әумин! – деді бар даусымен...

Құдай да, халық та қолдады. Шерағаң сайлаудың бірінші турында жеңіске жетті.

Парламент мінбесінен көкемнің – халық ұлының өзіне ғана тән дауысы саңқылдап, төрт жыл бойы естіліп жатты...

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
 журналист-жазушы

ТАРАЗ
Суретті түсірген Ерлан Омар,
«Егемен Қазақстан»