Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2017

Аягөз қаласында жас отбасыларға жатақхана берілді

193 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аягөз қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жас отбасыларға арнап салынған 50 пәтерлік жатақхана пайдалануға берілді. 

Аягөз қаласында жас отбасыларға жатақхана берілді

Олардың көптен күткен қуаныштарына облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі ортақтасып, баспана кілтін салтанатты түрде табыс етті.  «Бұл пәтерде қарындасым екеуіміз тұрамыз. Өзім балалар үйінен түлеп ұшқаныммен, жұмысты да сол жерден тапқанмын. Ата-ананың қамқорлығынан айырылған жандарға мемлекеттің осындай қолдау көрсетіп жатқанына ризамыз», - дейді «өз үйі – өлең төсегіне» қол жеткізген жастардың бірі Жандос Сейітқазин.

Жастар үшін салынған бұл жатақхананың Аягөз қаласында 1993 жылдан бері алғаш рет бой көтерген  тұрғын үй екенін айта кетейік. Баспаналы болған жас жұбайлар бес жыл бойы осында тұрып, тек коммуналдық төлемдерді ғана өтейді. Осы аралықта «Тұрғынүйқұрылыс жинақ банкіне» салым жинап, ипотека рәсімдеуі тиіс.

Аягөз ауданында жасаған жұмыс сапары барысында аймақ басшысы өңірдің білім саласы үшін маңызы зор жағымды жаңалықты жеткізді. Келесі жылдан бастап Шығыс Қазақстанда «Туған мектеп» атты бағдарлама қолға алынып, облыстағы 297 білім ордасының материалдық базасы Назарбаев зияткерлік мектебінің деңгейімен теңестірілмек. Сонымен қатар осы бағдарлама аясында 190 робот техникасы сыныбы ашылатын болады.

Азамат Қасым,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы

Суретті түсірген – Мәнап МҰРЗАТАЕВ