Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2017

Алматыда «Қазақстанның шығыстану ғылымы және рухани жаңғыру мәселелері» атты конференция өтті

663 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әбсаттар Дербісәлі 70 жаста

Алматыда «Қазақстанның шығыстану ғылымы және рухани жаңғыру мәселелері» атты конференция өтті

Алматыда белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі және Жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі Әбсаттар Дербісәлінің 70 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстанның шығыстану ғылымы және рухани жаңғыру мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ұйымдастырған ауқымды конференцияға белгілі шығыстанушы ғалымдар, филологтар, тарихшылар, дипломаттар, мәдениеттанушылар, дінтанушылар, саясаттанушылар, мемлекеттік билік органдары, бизнес, сонымен қатар, Қазақстан мен шет елдердің қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Әбсаттар Бағысбайұлын мерейтойымен құттықтап, арнайы жолдаған құттықтау хатын Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек оқып берсе, өз кезегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов жиналған қауымға ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.Тоқаевтың, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың, ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Қ.Мәмидің, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаевтың, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары М.Құл-Мұхаммедтің, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың құттықтап жолдаған ыстық лебіздерін жеткізді.

ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов қайраткер ғалымның өмір жолына, зерттеу еңбектеріне тоқтала келіп: «Көп жыл бойы Қазақстандағы Бас мүфти қызметін табысты атқарып, ислам дінінің қоғамдағы алатын орны мен мемлекет тұтастығы үшін қомақты үлес қосқан Әбсаттар Бағысбайұлының сонымен қатар, Мұхаммед Хайдар Дулатидің, Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерін зерттеуден өзге, Алматы қаласының мың жылдық, Түркістан қаласының кем дегенде мың жарым жылдық тарихы бар екенін дәлелдеп, көне тарихымыздың қайта жаңғыруына, ғылымымыздың алға дамуына сіңірген еңбегі ерен», – деді.

Сонымен қатар, діни басқарма өкілдері, атап айтқанда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Ресей Федерациясы Мұсылмандар діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Дамир Мухетдинов, Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің ректоры Дужад Абд әл-Ғани Басюнимен қатар, ҚР БҒМ ЖОО ректорлары атынан Қазақстан жоғары оқу орындары ассоциациясының президенті Рахман Алшанов, ҚР БҒМ Ғылыми-зерттеу институттары директорлары құттықтауынан өзге, Уахит Шәлекенов, Серік Қирабаев, Сұлтан Сартаев сынды бүгінгі қазақ ғылымының төрінде отырған ақсақал академиктер «берерінен беретіні көп жетпіс деген қырға шыққан» ғалым мерейтойында өз ыстық лебіздері мен ағалық тілек-әзілдерін жаудырды.

Жиынның «Қазақстанның шығыстану ғылымы мен руханияттағы Ә.Дербісәлінің шығармашылығы» атты екінші кезеңінде О.Сәбденов, Ж.Сейдуманов, Б.Аяған, Ө.Жалаири, Б.Жұбатова, С.Қорабай, сынды елімізге танымал ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, Жапония, Франция, Ұлыбритания сияқты шет мемлекеттерден ат арылтып жеткен ғалымдардың Әбсаттар Бағысбайұлының әлемдік деңгейдегі ғылыми еңбектеріне арнаған баяндамаларын ғылымсүйер көпшілік зор ықыласпен тыңдады.

Конференцияның «Рухани жаңғыру мен қазіргі ғалам» атты тағы бір бөлімінде филология, тарих, философия, мәдениеттану, археология, саяси, экономикалық ғылымдардың басын қосатын Шығыстану әлеміндегі бүгінгі өзгерістер мен жаңалықтар, кешегі тарих пен ертеңгі келешектің мәңгілік құндылықтары жайлы шығыстанушы ғалымдар жасаған тың баяндамалар ғылым атты әлемге енді аяқ басқан жас шәкірттер үшін қыруар азық болғаны анық. Тұтас Шығысты және оның жеке аймақтарын зерделейтін ғылымдар кешені саналатын қазіргі шығыстану ғылымындағы зерттеулер ауқымын кеңейту, түрлі өркениеттер арасындағы диалогты қалыпты арнаға түсіріп, қазіргі әлемдегі көптеген рухани, саяси және ұлттық маңызы бар проблемалардың әділ шешімін табу сынды мәселелер аталмыш конференцияда өз шешімін тапқандай да.

Қазақстан мен Орталық Азия тарихының деректеметану және тарихнамасы, Қазақстанның шығыстану ғылымындағы шығыс филологиясының рөлі, Қазақстан мен Орталық Азияның ортағасырлық көрнекті ойшылдары мен тұлғалары: мәні мен мaңызы, Қазақстандағы дін және қоғам: ынтымақ пен бірлік мәселелері, Қазақстанның рухани жаңғыруы және қазіргі заманның жаһандық сын-тегеуріндері сынды мәселелер де осы ғылыми басқосуда кеңінен талқыланды.

Мира Байбек,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

 

 

Соңғы жаңалықтар