Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2017

Атырау мұнай өңдеу зауытына айыппұл салынды

218 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әсіресе тамыз айында Атырауды жағымсыз иіс жайлады. Шіріген жұмыртқаның, енді бірде жанармайдың иісі мазаларын алған қала тұрғындары құзырлы органдарға арыз да жазған еді. 

Атырау мұнай өңдеу зауытына айыппұл салынды

Тіпті «Ауада зиянды заттар жоқ» деп жауырды жаба тоқығысы келген эколог мамандардың пікіріне сенбеген қоғамдық бірлестік өкілдері ауа құрамын бақылайтын жеке құрылғы сатып алу үшін халықты қаржы жинауға шақырған. Мәселенің мәнісі енді белгілі болды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық  экология департаментінің басшысы Қабижан Қапанов жағымсыз иіс Атырау мұнай өңдеу зауытынан тарағанын мәлімдеді.

Қала тұрғындары мен табиғат қорғау прокуратурасының шағымы бойынша жүргізілген тексеріс екі бірдей заңбұзушылықты анықтаған. Атырау мұнай өңдеу зауыты күрделі жөндеу кезінде қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасын жасақтамаған және ауа-райының қолайсыз жағдайына байланысты талаптарды орындамапты.

-Бірінші заңбұзушылық бойынша зауытқа 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Қала аумағында орналасқандықтан ауа-райының қолайсыз жағдайында жұмыс жүктемесін азайтулары керек еді. Бірақ олай болмады. Заң бойынша әзірге ескертумен шектеліп отырмыз, енді осы талап орындалмаған жағдайды зауытты сотқа беруге мәжбүрміз, - деді Қ.Қапанов.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ