Әдебиет • 28 Қыркүйек, 2017

Сыншы семсері

499 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Рухани ақпарат өрісінің айнасынан әлдеқалай шеттеп қалған жағдайда көркем ой жаңалығын өткеріп алып, өкініште қалатын сияқ­тысың. 

Сыншы семсері

Алыстағы, сонау жастық шақта әскери борышты өтеп қайтқан соң баяғы елдің аузын бағасың. Екі-үш туындыны қоймастан айтып, таңырқау аралас сүйсіністер бүкіл ықылас-пейілді сол кітаптарға аударып, қолыңа алғанша тағатыңды тауысып біткен еді. Десі жүріп тұрған әншілердің қазіргі заманындай жазушылардың жұлдызы ол уақытта жоғары. «Абай жолы» эпопеясы толық жа­­рық көрген дәуірде баласың, бала да болсаң бәлесің, халықтың көңіл күйі көтеріліп, мерейі үстем бола түскенін сезесің. Дәл мұндай жағ­дай үзілмей жалғасын тауып, мәңгіге орныққандай көрінген.Орта мектепті бітірердің аяқ шеніне таман «Қан мен тердің» алғашқы томдары қолға тиіп, соның әсерінен біраз уақыт айыға алмағанымыз да есте. Қолына қалам ұстағандар құдайдың назарына ерекше түскен бөлекше жаратылыс иелеріндей қызыға да қызғана қарайтын қай­ран сол аусар шақ-ай. 

Шарттылығы басым кейбір туындыларда мың-сан сұрақтарға жүрек қозғайтын жауап жоқтай. Солар­ды ауыздарынан суы құрып мақтаған көпшілік талғамында да ақау бар ма, кемшіліктері көрінеу тұрса да байқамағандары қалай? «Шуылдақтардан» айырмаң шамалы халде уақыт шіркінді елеусіз өткеріп жіберіп, сондағы мазаны қашырған жайлардың жауабын күтпеген жерден кезіктіргеніңе мейлің қайран қал, мейлің қайран қалма, дер кезінде аңғара алмаған сорың да баяғы.

Талғам деген жарықтықты үнемі жетілдіріп, рухани тәжірибені толық­тыру үстінде өзіңді сергек  ұстамасаң – байқампаз қасиетің қалғып кете­тіні хақ екен. Әскер қатарында жүріп әлдеқалай қолымызға тиген «Ма­хаббат, қызық мол жылдар» романын бір деммен оқып шығып, болашақ жарыңды жастық құлшыныспен армандағаның бар емес пе. Өмірге осынау ұстаныммен араласа бастаған кезде сыншы Бақыт Сарбалаевтың сол кітап туралы жазған пікірі жаңсақ та әділетсіз көрініп еді. Алғашқы әсер арқылы ақи-тақи төрелікке бару қауіп­ті-ау. Осы жасқа дейін сабыр, аял қылмастан айтып қалған ойың дүмбілез, тоқтамың шала-шарпы болса – біреуді кінәлау орынсыз. Үміт еткен жасың иненің көзінен өткен пысық, я ұрма-перме есерсоқ мінез иесі болса – ұяты өзіңе келеді.Талантты тану мен батагөй үлкендік мәдениетінің қазіргі қалыптасқан жағдайына қарасаң – жылап жіберудің о жағы мен бұ жағында еріксіз тұрасың. Өзің туралы тәуір лебіз жарған кісің әкең жасамаған жақсылықты үйіп-төгіп тастағандай міндетсінсе мейлі ғой. Шалыс басып, жазатайым мүлт кете қалсаң – кеші­рілмес күнәға батқандай теріс батасын беруден тайынбайды. Әдеби үдеріс үстінде не көріп, не қылмаған бас бұл. «Мендей жазушы қазақта әлі туа қойған жоқ. Оралхан Бөкеевтің қарасы көрініп қалып еді, орта жолда ол да өліп тынды» деген ақсақал жасындағы кісінің ажарында қылая қымсынудың қылдай белгісі сезіліп қойса ше. Осынау шалықты сөздердің иесі теледидарда өзін кісілікті де кішік ұстап, биязы, бипаз сөйлегенін көргенде сенер-сенбесіңді білмей дағдаратының бар. 

Көркем ойдың әлемдік қазы­насына құлаштап бойлап, шеберлік сиқырын жетік меңгерген перзент­теріміз қата­рының қарасы молдау. Олардың бойынан әлгіндей иненің жасуын­дай мақтанның осалдығын көрсетпей­тіндеріне қайран қаласың. Жазудың сәттілігі спорттық жат­тығудың бейнет сорын белшеден кешкеннен кейін қайталанатын құбылыс қана емес. Кейіпкерге келу тұрғысында кесек мінезді тағдыр иесі әуелі көкейге қонақтады. Оның көркем есею үдерісі ойда үзбей жал­ғасқаннан кейін барып қоры­тылуы тиіс. Сөз иесінің бұл жердегі қанағат рақымы есеп емес. Оқу­шының сыншыл сүзгісінен өтіп, қадау-қадау өлшемдер ақырында тағдыршешті ақиқаттан құралады. Қазақтың рухани ахуалында ақиқат ұстанымының асқақтығы қазір аздау. Кеудемсоқ жырынды пысық қол­таңба Әуезов құбылысына барабар бағаланған жағдайға душар болғаннан кейін осындай тоқтамға еріксіз келесің. Сонау жастық шақта көпшілік аса жылы қабылдаған әлгі үш туындының шарттылыққа толы шешімдеріне Сағат Әшімбаев кезін­де аянбай шүйіліпті.

Сағат Әшімбаевтың сілтесе тіліп түсетін сыншылық семсер сөзі қазір қазаққа ауадай қажет-ау.