Білімнің салтанат құруы: межелі міндеттер, түйінді түйткілдер

Отандық білім беру ісін қайтсек ақа­усыз атқарамыз деген ни­ет осы салаға қатысы бар, тіпті ұрпақ өсірген әр азаматтың көңіл түк­пі­рінде жай жатқан жоқ. Жа­сындай жарқырап тұр. Бәрекелдісіне жады­рап, әттеген-айына түй­ін­дей түйіліп, қалай оңал­туға болады, жолы қай­сы, жөні қандай дейді. Бұл толғақты мәселенің түп-тамырын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: руха­ни жаңғыру» атты ма­қаласында: «Табысты болудың ең іргелі, бас­ты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», деген еді.

Егемен Қазақстан
28.09.2017 6234
2

Осындай халықтық істі қау­за­ған алқалы жиын өткен аптада елордада болған еді. «Орта білім беру жүйесінің жай-күйі, проб­лемалары және заңнамалық рет­теу перспективалары» деген тақырыптағы парламенттік тың­дауда осы салаға қатысты көп­те­ген өзекті мәселелер қозғалып, тал­қыға түсті. Мәселен, Сенат тө­ра­ғасы Қасым-Жомарт Тоқаев ор­та білім жүйесінде сападан гө­рі сандық көрсеткіштерге кө­бі­рек көңіл ауып кеткеніне назар ау­дара келіп, мұғалімдер мәр­те­бесін көтеруге, грант бөлуге, оқ­у­лық сапасына қатысты тол­ғақ­ты мәселелер аз еместігіне тоқ­талған болатын. Адамның бә­се­­кеге қабілетті болуы  ұлттың та­­бысты дамуының негізгі факто­ры еке­нін айтқан Қ.Тоқаев осы жи­ын­да «мүмкін, білім ке­ңіс­ті­гіндегі ре­формалардың үздіксіз жүр­гі­зі­луін тоқтата тұру керек шығар» де­ген ойын да ортаға салған еді. 

Шынында, қазір еліміздегі білім беру ісі ойға оралғанда «Не істеу керек?» деген сұрақ көлденең шыға беретіні бар. Өйткені білім саласы бойынша реформалардан көз ашпай келеміз. Алдындағы жұмысты түйіндеп болмай,  біраз бас­шылар өз реформасымен ке­лу­ді әдетке айналдырып алды. Әри­не, уақыт талабына сай озық идея, өміршең тірлік керек. Оны еш­кім де жоққа шығара алмайды. Бірақ жоғарыдан жасалып, төмендегілерге жүктелетін тапсырма әсіресе мұғалімдерге ауыр тиеді. Енді төселіп келе жатқанда тағы бірі киіп кетіп жатады. «Бұл қалай?» деп орындаушылар айта ал­майды. Айтса жеп отырған наны­нан айырылуы мүмкін. Мұ­ға­лім мектептің, директордың беделін ойлайды. Директор өзінен жо­ғарыдан аса алмайды. Білім төмен, тәртіп ақсап жатса да, бәрі жақсы, үлгерім 100 пайыз деп есеп беруі керек. Үлгерімі нашар оқушының болатыны белгілі. Бірақ бәрін үлгерту жөніндегі жасандылық жалықтырмайтын болды. Сондай-ақ «Оқымайтын оқу­шы жоқ, мұғалім оқыта алмай­ды» деген қағида шықты. Бұл мұ­­ғалім беделін құлдыратпай қай­­­­теді. Мұндай жағдайда білім са­­­пасы туралы не айта аламыз. Сы­­ныптан сыныпқа ойнап жүріп аттай­тын бала бас қатырып қайтеді. Мұны да ескеру керек деп білеміз. 

Тағы бір айтарымыз, 11 жыл оқып, ҰБТ сынағынан өте алмай қалғандар жоғары оқу орнының дип­ломын алу үшін бір емес бір­не­ше рет сынақ тапсыруға мүм­кін­дік алды. Бұл жастарға қам­қорлық па, әлде ақы төлесең ғана оқытатын білім орындарына жасалып отырған жақсы «жағдай» ма? Ата-анасының қалтасын қағып, қатырма қағаз алған жастың сол мамандығына сай ертең жұмысқа орналасу жайы қалай болады? Бұл тә­сілді тек кәсіптік білімге, яғни дуа­лды оқытуға бұрғанымыз жөн тәрізді. 

Білім беру саласының басына не­ге бұлт үйіріле береді? Мұның се­бебін  ел жайын білмей, ертең қа­лай болады, дайынбыз ба, оқу ба­засы жеткілікті ме, мұғалім бі­ле­гін сыбанып отыр ма – осы се­кілді көп мәселені ескермей, ғылыми негізін қалап, зердеден өткізбей, жылы кабинетте «неге болмасын» деген тұспалдан ту­ған реформалардан іздеген жөн секілді. Өзіміз үлгі тұтатын өр­кениетті елдерде әлдеқашан ор­ныққан 12 жылдық оқу үрдісіне көшу мемлекетімізде 2008 жылы қолданысқа енуі керек еді. 

Ол Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында түйінделіп, үш сатысы айқындалып, «Он екі жылдық білім беруге көшу кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. 2008-2009 оқу жылы бірінші сынып оқушылары жаңа бағдарлама бойынша оқи бастайды. 2009-2010 жылынан бастап 5 және 11-сыныптарды 12 жылдық білім беруге көшіру басталады», деп тайға таңба басқандай көрсетті. Бірақ бағдарлама болғанмен, әзірліктің тиянақсыздығына байланысты 12 жылдық оқу 2010 жылға, одан кейін 2015 жылға, енді 2019 жылға ысырылып отыр. Сөз басында айтылған Сенат тыңдауында халық қалаулылары 12 жылдық білім беретін елдерде оқушылар бір ауысымда оқитынын, бізде екі ауысым былай тұрсын, үш ауысымды жоя алмай отырғанымыз, қалада бұл мәселе тіпті қордаланып бара жатқанын алға тартқан еді. 

12 жылдықтың мәні  – сауаттылық, оны білу аз, меңгеру қажет дегенге саяды. Сол сауаттылық балабақшадан басталса керек. Мектепке дейінгі мекеменің өзі бәсекеге қабілетті болуға тиіс дейміз. Бірінші сыныптың табалдырығын аттайтын бала сол балабақшадан 100 пайыз дайын болып келуі керек. Айтушылардың сөзіне қарасақ, ол көрсеткіш қазір 100 емес, 70 пайызды құрайтын көрінеді. Бұл әрине ресми дерек. Жаңа оқулық желісі сыныпқа дайын болып кіретін балаға арналған. Сол оқулықты меңгеру 0 сыныпта (0+11 сынып) екен. Олай болмаған жағдайда ұл мен қыз әріп пен санды толық меңгермей келеді. Осы арада балабақшамен қамтылмаған баланың жайы қалай болмақ?  Мұның ішінде қияндағы ауыл баласы да бар. Балабақшада білікті маманның жетіспейтінін де жоққа шығара алмаймыз. Мұндай қиындықтан шығудың жолын іздестірген кейбір білім ұялары өздерінің аумағындағы балаларды конкурс арқылы бірінші сыныпқа  қабылдауды жолға қойған. Бұл мектепке тиімді болғанмен, балаға, ата-анаға тиімді бола қоя ма? Оған олардың айтар уәжі білім мекемесі орналасқан аумақтағы баламен мұғалім ерте бастан жұмыс істеуі тиіс екен. Ата-аналарына ескертіп отырулары керек. Бұл арадағы бар салмақ тағы да мұғалімге түседі. Көше аралап, ата-аналарымен жұмыс істеуі тиіс. Кейде мұндай тиімді деген тәсілдің кері жағы болмай қоймайтыны тағы бар. Әлгіндей конкурсқа қатысып, бастарын ауыртқысы келмеген ата-аналар оқушыны үнсіз қабылдай салатын орыс мектебіне бет бұра  салуы мүмкін ғой. 

Иә, бес күндік оқу аптасы барлығына бір­дей болмай, жұртшылықтың түсін­беу­ші­лігін тудыруда. Сондықтан да шығар Бі­лім және ғылым министрі Е.Сағадиев Се­наттағы тыңдауда «Бес күндік оқу ап­тасының нормалары бекітілген. Бірақ мек­тептің жағдайына және типіне қарай бар­лығына бірдей енгізу қиын болып тұр» деді. Бұл жұмысты қалай тиімді ат­қаруға болады  деген сұраққа өмірін білім берумен байланыстырған азаматтар асығыс іс деп, алдымен пәндер бойынша негізгі сабақ кестесін анықтап алу керектігін, ал қосымша сабақты өзінше жүргізуді ұсынады. Бұл қазір мектеп басшылары мен мұғалімдерге салмақ түсіріп тұрғанына өкініштерін білдіреді. 


Оқулық сапасына сақ болсақ 


Оқулық балаға білім беріп қана қой­май­ды, ол – отандық өнім, ел қауіп­сіз­дігінде стратегиялық мәні бар құрал. Бі­рақ сол оқулықтың басына әлі бұлт үй­і­р­іліп тұрғандай. Оның себебін «Оқу­лық­тарды, оқу әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдарды өз қар­жы­сына дайындауды қалауынша ав­тор, ав­торлық ұжым немесе баспа ұйым­дас­тырады» деген сөздерден іздеу керек се­кіл­ді. Мәселе осы жерде жатыр. Автор қан­дай адам, білімі мықты ма, тілге жетік пе, ғылымнан, әдістемеден, дәл бүгін ба­лаға сабақ беруден хабары бар ма? Бұл та­лаптарға жауап болса, оқулық оңалады. Қазіргі оқулық жайлы өршіген әңгіме осы талап үдесінен шықпауда жатқан тәрізді. 

Отандық төл оқулықтарымыз 1997 жылы жарық көрді. Содан бері 20 жыл өтті. Бірақ оқулық елдің көңілінен шығар емес. Шықпағаны өз алдына миллиондаған ұл мен қыздың обалына қалып жүрген жоқпыз ба деген ой мазалайды. Оқулық тү­бегейлі түзелгенше әр жыл сайын мектеп бітіріп, білім табалдырығын алғаш атта­ғандар қиындығын көріп жүре бермек пе? Ал жоғары оқу орындарының оқу­лы­ғы тұнып тұрған мәселе. Қалай айтсақ та са­палы оқулық терең білімнің алтын ар­қа­уы екені сөзсіз.

Оқулық шығаруды үйлестіріп отыруды да белді бір мекемеге жүктесек артық болмайды. Он­дай мекеме тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары болған. Ол Ыбырай Алтынсарин атын­дағы Білім академиясы еді. Кеңес дәу­ірі құрдымға кеткеннен кейін тәуелсіз елдің педагогикалық ілі­мін ілгері бастырып, ұйымдастырып оты­ратын ғылыми орталықтың негізін Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы педогогикалық  ғы­лыми-зерттеу инсти­ту­тының негізінде ака­демия құру керектігін тап­сырып, ірге кө­тергенде тұсауын да өзі кескен еді. Кей­ін бұл академияның ішіндегі екі инс­ти­тут жойылып, бас-басына билік құ­­ра­­тын орталықтар құрылды. Ендігі жер­­де сол орталықтарды Білім акаде­мия­сы­ның құрамына қосып, бүкіл білім беру ісі мен тәрбие мәселесін сонда жүйелі ұйымдастырсақ екен. 

Ұстаз тұрмысын ұмыт қалдырмайық

Осы мақаланы жазу кезінде Астана қаласындағы екі білім мекемесінде  болып, өңірлердегі тілшілерден материалдар жинаған едік. Енді соған тоқталып кө­релік. Бірінші, өзіміз болған қала мек­тептерінің тыныс-тіршілігі жақсы екен. Тәжірибесіне, санатына, сағат саны­на қарай бір шоғыр ұстаздар 180-200 мың теңгенің үстінде айлық алса, жас мамандар 60 мың теңге, кейде жұ­мы­сына қарай 70 мың теңге жалақы еншілейтін көрінеді. Әрине,  миллион теңге алатындардың қатарында бұл бір тамшыдай болар. Соның ішіне сынып жетекшісіне 4,5 мың теңге, дәптер тексергенге 3,5-4 мың теңге қосылатынын айта ке­тейік. Лаборанттар 30-40 мың теңгені, тех­никалық қызметкерлер мен  күзет­шілер 30-35 мыңды місе тұтады. Әрине, баспанасы барлар күн көрер, ал пәтер жалдап тұрғандардың тірлігі тығырыққа тірелмейді деп айта алмасақ керек. Мұғалімдердің жетпей жатуы да осыған байланысты  екені бесенеден белгілі. Егер қалалық жерде жас мамандар  өзіне өзі келіп алғанша, тұра тұратын жатақхана салынса, ауылда да сондай бір шара іске асса, қарайласқан қамқорлық болар еді. Мұн­дай игілікті істі атқарып жатқан мекеме­лер елімізде баршылық. Ұстаздарының тірлігін оңалтып барып, білімнің сапасын сұрасақ жарасатын секілді. 

Ұтымды әдістемелерді ұлттық тәрбиемен ұштастырсақ

Тағы бір айтарымыз ұлттық тәрбие еді. Сол ұлттық тәрбиені кей тұста білім берудің көлеңкесінде қалдырып алғандаймыз. Содан ба дейміз,  оқушылардың арасын­да  жат қылықтардың  кейде өршіп ке­тіп жатқаны. Әл-Фараби бабамыздың тәр­бие­сіз берген білім құмға құйған сумен тең дегенін жиі айтамыз. Бірақ оны орындау жағы кемшін соғып жатыр. Жалпы, тәр­бие мәселесін білім ісімен қатар алып жүріп, қажет болса, бүкіл жұртты жұ­мыл­­д­ыратын стратегиялық бағдарлама түз­сек те артық бола қоймас. Себебі бүгінгідей құбылмалы заманда ұрпақты ұстай алмасақ «Қатерлі жерде қаперсіз отыр­дық. Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өк­пелер бет жоқ» (А.Байтұрсынұлы) болып жүрмесін. 

Заман ағымына қарай баланы ағылшын тілінде оқыту қолға алынып жатыр. Білім және ғылым министрлігінің дерегіне ж­үг­інсек, 5 мың ұстаз курстан өтетін кө­рінеді. Сол оқу кезінде талаптанушылар бір айдан бес айға дейінгі аралықта  тілді меңгеріп шығуы тиіс. Олардың айлы­ғы сақталып, оқу кезінде қонақүйде тұратын болса керек. Бұл – үлкен жо­ба. Жо­ғары сыныптарда төрт пәнді ағылшын ті­лінде оқыту міндеті және бар. Жоғары оқу орындарында бес жыл бойы әрең мең­герген тілді бес айда біліп шығу оңай бола қояр ма? Терминдерді көңілге түй­ген­мен, сабақ түсіндіру жағы қалай болады. Әсіресе, жаратылыстану пәндерін ағыл­шын тілінде екінің бірі жүргізе ала ма? Бұл да бір науқаншылдықтың түрі болып  жүрмей ме?

Тіл дегеннен шығады, соңғы жылдары қазақ бауырларымыз өз ұл-қызын орыс сыныбына беретінді әдетке айналдырып бара жатқан секілді. Бұл қалай деген сұрақ әр жерден шаң бере бастады. Осы мәселені «Егемен Қазақстан» газеті (13.09.2017) көтеріп, Астанадағы №84 мектеп-лицейіндегі орыс тілі сыныбының 90 пайызы қаракөз қандастарымыздың ұрпағы екенін қалың жұртқа жеткізді. Қазақ сыныптарында 38 өзге ұлт өкілі оқыса, орыс сыныбында бақандай 336 қазақ баласы партада отыр екен. Ал естіп-білген мына мысалға жүгінер болсақ, елордадағы негізінен өз бауырларымыз шоғырланған жаңа шағын аудандағы №72 мектеп-лицейдің бастауыш сыныптарында, яғни 41 қазақ сыныбында – 1010 бала, 49 орыс сыныбында 1480 бала оқыса, соңғысындағы оқушылардың 80 пайызы өз ұл-қыздарымыз болып шықты. Биыл бірінші сыныпқа 398 бала қабылданыпты. Қазақ сыныбында – 144 бала, орыс сыныбында 254 оқушы оқып жатыр. Орыс сыныптарының негізгі арқауын қа­зақ балалары құрайды. Өзге ұлт бала­ла­ры санаулы көрінеді. Бұл қалай деген сұрағымызға тиісті азаматтар бұған ке­зінде қазақ мектебін бітірген жас ата-ана­лар барып жатқанын  алға тартты. Оларға балаларыңызды қазақ сыныптарына беріңіз деген кезде айтатын уәждері өздерінің қазақ мектебін бітіргенін, содан әлі күнге дейін қиындық көріп жүргендер, енді ондай «қасіретті» ұл-қыздарының басынан өткізгісі келмейді екен. Сонымен қатар, тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асса да Үкімет пен Парламенттің мемлекеттік тілге көше қоймағанына, көптеген мекемелер әлі де ресми тілде сөйлеп, құжат алмасатынына реніштерін білдіретін көрінеді. Орыс тілді ата-аналар болса, қазақ сыныбына балаларын беруге бейімдік танытып, ұрпағының екі тілді меңгеруіне мүдделі екендіктерін айтып, көмек сұрайтынын жеткізеді. Бұған отандық білім ісіндегі әттегенайларда әсер етіп жатпасына кім кепіл. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру ісі қолға алынып жатыр. Осыны жете түсінбегендер алдағы жағымсыз жайды өршітіп жібермей ме деген ой сананы шырмай береді. Осындай оралымсыздықтың алдын алуды ерте ойластырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың терең мәні бар мақа­ла­сын­дағы ұлттық идеяны түйсіне алсақ, ру­хымыз асқақтай түсері анық. Мемлекет басшысы: «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың көнеден жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғам­дық құрылымның бізге жат үрдісі еріксіз та­ңыл­ды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақ тілі мен әдебиеті құрдымға кете жаздады», деген ащы болса да ашық айтқан толғамының астарында қаншама шындық жатыр десеңізші. 

Тағы да бір дәйек келтіре кетейік, Астанадағы №22 орыс мектеп-гим­на­зиясынд­а болғанымызда да көңіл жа­быр­қатар жай­ларға куә болдық. 1700 бала оқитын білім ұясында 3216 бала білім алуда. Биыл бірінші сыныпқа келген 1640 баланың 909-ы қазақ балалары. Мектептегі барлық оқушылардың негізін қазақтың ұл-қыздары құрап отыр. Бір өкінішті жайды естігенде тас тістегендей болдық. Бірінші сыныпты былай қойып, қаладағы қазақ мектептерінде 5, 8, тіпті 10 сыныпта оқып жатқан балаларын ата-аналары орыс тілді білім мекемелеріне беруге ниет таныта бастапты. Ондай ата-аналардың қатарында әжелер мен аталар да аз кездеспейді екен. Бұл қалай дегендерге, олар әртүрлі сылтаулар айтып, қашқақтайтын көрінеді. Бір замандары қазақ мектебі деп едік, енді қазақ мектебінен балаларымыздың ала көңіл етіп ала қашу ұлттық рухымыздың әлсіздігінен бе, әлде басқалай жағдайлар әсер етіп отыр ма? Халқымыз сауатсыз емес, отыра қалған жерде төрткүл дүниені түгендеп әңгіме қозғайды. Соған қарағанда, «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» (Ә.Бөкейхан) деген ақиқат шығар. 

Өңірлердегі өрендер қай тілде білім алуда

Енді облыстардағы тілшілерден алған материалдарға кезек берелік: Ақтөбе қаласынан әріптесіміз Темір Құсайын жі­берген дерекке ден қойсақ, қазақ ба­ла­ларының 12,8 пайызы (14429) орыс тілі­нде оқиды. Ал Қарағандыдағы тілші Мирас Асан қаладағы 78 мектептің 10-ы таза қазақ мектебі де, 57-сі аралас еке­нін айтып, сол аралас мектептер бастауыш сыныппен шектеліп отырғанына өкі­ні­шін білдіреді. «Соның салдарынан 4- сыныпты бітірген оқушылар одан әрі таза қазақ мектебін іздеуге мәжбүр. Үйінің қасында мектеп бола тұра таң атпай қаланың екінші бір түкпіріне сабылу қаншалықты әділетті», дей келіп, «Жалпы бастауыштан соң қазақ сыныптарын таратып жіберу туралы заң тармағы қайда жазылған? Сондықтан білім бас­қар­масы бұл істе бейтараптық танытпа­уы тиіс. Мұны зерттеп бастауышпен ға­на қазақ тілінде сыныптар шығарумен шек­телетін мектептерде ана тіліміздегі сыныптардың жалғасуына қандай да бір қарекет жасауы қажет» депті. Орынды пікір сол секілді Қостанай облысындағы Нәзира Жәрімбет ата-ананың айтқан уә­жін, мектеп директорының түйткілін жі­бе­­ріпті. 

«Менің қызым Жәмила Сейтханова Қос­танай қаласындағы М.Горький атын­да­ғы орыс тілінде білім беретін гим­на­зия­ның 1-ші сыныбына барды», деген ата-ана Балжан Медебаева «Тесттен қы­зым орыс мектебіне де, қазақ мектебіне де өткен болатын. Біз орыс мектебін таңдадық. Бұл таңдау кезінде әбден ойландым, көптеген ата-аналардың, мұ­ғалімдердің пікірлерін тыңдадым, бі­рақ орыс мектебін қаладым. Оның бір­не­ше себептері бар. Біріншіден, қазақ ті­лінде білім беретін мектептер ұлттық тәр­биеге, қазақ тілін үйренуге басымдық бе­реді, олар жалпы базалық білім беруді кейінгі орынға қояды. Өйткені ба­лалар бірінші сыныпқа ешқандай дай­ын­дық­сыз, қазақ тілін білмей келеді. Барлық кем­шілік балабақшадан кетеді. Өйткені, қа­зақша балабақшалар балаға жеткілікті тіл үйретпейді, дұрыс дайындамайды. Бүлдіршіндердің барлығы орысша сөйлеп жүреді. Балабақшаға бір-екі орыс баласын алып келсе, соған мәз болады. Ал шын мәнісінде екі орыс бала келсе, олар балабақшадағы бар баланы бүлдіреді, олар әлгі екі баламен орысша сөйлесіп кетеді. Тілдік ортаның жұ­таң­дығы балабақшадан басталатыны ақи­қат», дейді.  Ол сондай-ақ қызы барған Горький атындағы гимназия облыстағы ең үздік мектептердің бірі екенін және Мәскеудің жетекші университеттерінің бағдарламасымен жұмыс істейтінін айтыпты. Ресей университеттерінде шетелдік студенттерге арналған гранттар бар. Олар барлық елдерден талапты, дарынды түлектерді жинау үшін Қазақстанның мектептерімен де жұмыс істейді, оның ішінде Қостанайдағы гимназиямен де ұзақ жылдан бері байланыс жасап келеді. Гимназияда білім деңгейі өте жоғары, мәскеулік университет ға­лымдары мектепке келіп, семинарлар өт­кізіп тұрады. Оқушыларды тестілеуден өт­кізеді. Осы гимназияда оқитын барлық орыс балалары ертең Ресейде оқуға дай­ын­­далады. Ресей жоғары оқулары Қос­та­найда осы гимназия мен физика-математика лицейінің түлектерін қуана алады. Бұған не деуге болады? 

Ауылдағы қазақ мектептері неге мұқтаж?

Амангелді ауданындағы А.Нұрманов атындағы орта мектеп директоры Қуандық Шоғалов ауыл мектебінде ең алдымен материалдық база әлсіз екенін айтады. «Мысалы, ауыл баласы интернетті пайдалана алмайды десем болады. Интернеттің жылдамдығы жоқ, компьютер жетіспейді. Қала мектептерімен салыстырғанда бұл жөнінен ауыл баласы тым артта қалып келеді. Екіншіден, шалғайдағы ауыл мектептері кадр, мұғалім тапшылығын көріп отыр. Мысалы, Аманкелді ауда­нын­дағы мектептердің ешқайсысы да бұл өзекті мәселелерден тыс тұрған жоқ деп айта аламын.

Біздің мектепте математика пәні мұғалімі жоқ. Төрт жылдан бері Арқалық педагогика институтының студенттері келіп сабақ береді. Ағылшын тілінің мұғалімі жетіспейді. Үшіншіден, мұғалімдерді қос мамандыққа дайындау тоқтады. Олар шағын жинақталған мектептер үшін ауадай керек еді. Ауылға жас мұғалімдер келмейді. Грантпен түскен студенттер диплом алған соң, ауылда 2-3 жыл жұмыс істесе дұрыс болар еді, бірақ ол да сақталып отырған жоқ. Төртіншіден, бес күндік оқу кестесі ауыл мектептері үшін өте қолайсыз. Өйткені, бала таңертеңгі 8-ден 3-ке дейін оқиды. Балалардың қарны ашады. Ауылда 3-4 баласы мектепте оқитын көп балалы отбасылар бар. Мектептен тамақ ішу үшін әр балаға кемінде 100 теңге керек. Ата-ана төрт балаға күн сайын 400 теңгені қалай тауып береді? Ауылда ай сайын айлық алып отыратын жұмыс та жоқ қой? Бес күн­дік оқу өзі жетпей жатқан мұғалімдер үшін де қолайсыз. Тағы бір түйткіл – қыс ай­ларында таңертең үйден ер­те шығу ба­лаға қиын. Қаладағыдай авто­буспен жүр­мейді. Ауылдың жағдайын, ауыл мектебінің жайын ешқандай еске­ріл­местен өзгерістер жасала беретіні қа­лай?» дейді.

Бұл отандық білім ісінің кей тұстағы сөз бен жұмысының үйлеспейтінін көрсетсек керек. Бұған жергілікті жерден жететін бәрі «керемет» делінетін, өрге төмен ағылып жататын ақпараттар, «кем-кетігіміз жоқ, арасында сәл ғана» деп көсіле сөйлейтіндер де аз «үлес» қосып жүрген жоқ па дейміз. 
Сонымен, білім беру ісі ақаусыз ақиқат пен тәрбиеге тәуелді болып тұр. Ана ғасырда: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар», деп еді-ау Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Осыны ұлт болып, жұрт болып ұқсақ өзіміз де, ұрпағымыз да ұтыла қоймас. 

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген
Орынбай Балмұрат,
«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

25.03.2019

Абдуллах Гүл: Нұрсұлтан Назарбаев – тұтас түркі әлемінің ақсақалы

25.03.2019

Тұңғыш Президенттің тарихтағы рөлі жоғары

25.03.2019

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымдары (видео)

25.03.2019

Жеңіс Қасымбеков Ақмола облысының көктемгі су тасқынына дайындығын тексерді

25.03.2019

Қаламқас мұнай кен орнында ұңғыма жанып жатыр

25.03.2019

Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысы өтті

25.03.2019

Ұлтты өркениет көшіне қосқан кемеңгер - Шәбден Тілеумұрат

25.03.2019

Нұр-Сұлтан атауының берілуі өте орынды әрі лайықты шешім болғаны анық - Әнуарбек Мұхтарханов

25.03.2019

The Associated Press: Назарбаев тұрақтылық пен ұлтаралық бейбітшілікті қолдаған Қазақстанды құрды

25.03.2019

ECHO: «Ұлт көшбасшысы» мәртебесі оның құрметті тұлға екенін көрсетеді

25.03.2019

2019 жылдың қаңтар және ақпан айларында  Ұлттық қор түсімі 576,4 млрд теңгеге жетті

25.03.2019

Норвегияда апатқа ұшыраған кемеде екі қазақстандық бар болып шықты

25.03.2019

Филармония ұжымы қарияларды қуантты

25.03.2019

Елордада қайырымдылық «Astana Nauryz marathon» өтті

25.03.2019

Іріктеу кезеңін ірі жеңіспен бастады

25.03.2019

Кремльде қазақ әуені асқақтаған күн

25.03.2019

Ел мен елорданың бас сәулетшісі

25.03.2019

Нұрлы шаһар мемлекет мерейін асыра берсін

25.03.2019

Қажыр-қайратқа халықтың қайтарымы

25.03.2019

Әділетті әрі дер кезінде қабылданған шешім

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Etjeńdi balalar

Qoǵam kóz jumyp qaraı almaıtyn máse­lelerdiń basynda bala densaýlyǵy tur. Bú­gin­de mańaıymyzǵa zerdelep qaraıtyn bolsaq, tyǵynshyqtaı, tolyq jasóspirimder kó­beıe túsken. Semizdik – aýrý bolyp esep­teletindikten, qazirgi ýaqytta dıspanserlik esep­ke alynady. Sábı saýlyǵy ana qursaǵyna bit­­ken kúnnen bastap qalyptasatyndyǵyn al­dymen ata-anasy túsinýi qajet.

Amangeldi QURMET,

Igi bastama ult tanymymen úılesýi tıis

Keıde qazaq qoǵamyndaǵy oqıǵalar men qubylystarǵa nazar aýdarǵan kezde «Biz ózi­mizimdi ózimiz tolyq tanymaımyz-aý osy» degen oıǵa qalatynymyz bar. Árıne, qa­zaq ekenimizdi, bizdiń de tanym-túısigimiz, dúnıetanymymyz, ar­man-ańsarymyz, muraty­myz bar ekenin bilemiz. 

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Алты жасар Алпамыстың арманы не еді?

«Білесің бе, оқитын болсам тез өсіп, үлкен бастық болам. Оқуды да тез бітіремін. Тез келіншек аламын. Сосын менің он екі ұлым болады. Оның бірі колхоз бастығы, екіншісі агроном, үшіншісі мұғалім, бәрі де үлкен-үлкен бастық болады...»

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»

Kúmis tostaǵandaǵy kóne álipbı

Kóne órkenıet oshaqtarynan urpaqqa mura bolyp qalǵan qundy dúnıelerdiń bi­ri – adamzattyń aqyl-oıyn taspalaǵan jazý­lar. Elbasy «Uly dalanyń jeti qyry» atty ma­qalasynda Esik qorymynan tabylǵan «Altyn adamnyń» janyndaǵy kúmis tosta­ǵan­dardyń birinde oıyp jazylǵan tańba­lar bar ekenin aıta kelip, «Bul – Ortalyq Azıa aýma­ǵynan buryn-sońdy tabylǵan jazý ataýlynyń ishindegi eń kónesi» degen bolatyn.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

«Jaqsy kitap – jan azyǵy»

Kitap oqıtyn jáne oqymaıtyn adamdardyń alshaqtyǵy árqashan kózge kórinip turady. Alǵashqylardyń oıy tereńdeý, tili sheshendeý bolsa, sońǵylardyń tili tutqyr, aýzynan sózi túsip turatynyn jıi kóresiz. Máseleni jaqsy bilip tursa da, ondaılar oıyn jetkize almaı, ábden qysylady.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу