Білім • 28 Қыркүйек, 2017

Үш ғасырға тең ұстаздық жол

2271 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлт ұрпағының ұғымтал болып өсуі ұс­таздарға байланысты. Өйткені хал­қы­мыз ертеден мектеп табалдырығын ат­таған әр баланың санасына «Мектеп – екін­­ші үйің, ұстаз – екінші ата-анаң» деген ұғым­ды сіңіріп келе­ді. 

Үш ғасырға тең ұстаздық жол

Жуырда «Ұрпақтар жалғасы: отбасым – бақыт мекенім» атты шара өтті. Астана қала­сын­дағы №74 мектеп-гимназия­сы ұйым­дас­тыр­ған жиында отба­сы­лық ең­бек өтілі 100 жыл­­дан асқан ұстаздар ма­­ра­­пат­­талды. Олардың қатарында әу­ле­т­­тің еңбек өтілі 341 жылды құ­рай­тын №54 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұ­ға­лімі, Ыбырай Алтынсарин атындағы төс­­­белгі иегері Гүлбарша Бүркіт­бай­қызы, әу­леттің еңбек өтілі 327 жылға жеткен №38 мек­теп-лицей­дің математика пәні мұ­ғалімі Бай­темір Ділбар сияқты 10-нан ас­там білім қызметкерлері бар. Сондай-ақ жұ­мыс өтілі 20 жылдан асатын және ең­бек­ті енді бастаса да қызметінде бел­сен­ділік танытып жүрген бірнеше мамандар да назардан тыс қалмады. 

Осы ретте еңбек өтілі 341 жыл­­ғ­а жеткен мұғалімдер әуле­ті­­нің өкілі, Ыбырай Алтынсарин атын­­дағы төсбелгі мен «Ұлағатты ұ­с­таз» медалінің иегері және Астана қаласы әкімінің грантына ие болған Гүлбарша Бүркіт­бай­қы­зы­нан ұстаздық кәсіптің сырын сұ­раған едік. 

«Ұстаздық жолда атқарған адал еңбек еш­қашан бағасыз қал­май­­ды. Бұл ма­ман­дықты жақсы кө­ре білу керек. Мен әлі де болса сүй­ікті кәсібімді жалғас­ты­рып, ұлтымыздың ұлы тәлімімен ұш­та­сатын педагогикалық тәрбиені шәкір­т­теріме берсем деймін. Өйткені, мұғалім болу менің бала күнгі арманым еді. Әкем мен анам­ның екеуі де ұстаз болғандықтан со­ларға қарап бой түзеп, мұғалім болсам деген мұратқа талпындым. Әкем ән сабағын оқыт­са, анам бастауыш сынып мұғалімі бол­ды. 1992 жылы мен де бала күнгі арма­ныма жеттім. Менің атам 1910 жылы дүниеге келген. 1934 жылы Моңғолия Халық Рес­публикасындағы ең алғашқы қа­зақ мектебін ашып, өзі сол мек­тепте жұ­мыс істеп, 1964 жы­лы Моңғолияның «Халық мұға­лімі» атағын алған. Ол кісі п­е­дагогика саласында 48 жыл қыз­мет етті. Ата­мыздан бастап бү­гін­ге дейін әу­ле­ті­міздегі 12 адам осы мамандықтың ие­сі атанып отыр. Олардың ішінде екеуі Моң­ғо­­лия мемлекетіндегі мектепте бірі дирек­тор, бірі оқу ісінің мең­ге­ру­шісі болып істейді. Бір сіңлім Шахтинск қаласында оқу ісінің мең­герушісі, бір ағам Астана қа­ласындағы №40 мектепте еңбек жә­не сурет пәнінің мұғалімі, тағы бір ағам орыс тілі және әдебиеті пәнінен сабақ берсе, 44 жылдық еңбек өтілі бар атам – физика-математика пәнінің мұғалімі, ал енем химия-биология пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен. Өзімнің екі ұлым бар. Үлкен ұлым Мәскеуде әскери универси­тетте бі­лім алуда. Кенжеміз ел­ордадағы Қазақ ұлт­­тық өнер уни­вер­ситетінде 3-курс­та оқып жүр. Кен­же ұлымыз да ұстаздық жол­ды жал­ғастырады деп сенеміз», деді Гүл­барша Бүр­кіт­байқызы. 

Аталған шараға Астана қаласы білім бас­қарма­сы­ның басшысы Әнуар Жан­ғозин, Қазақстан кә­сіп­одақтары қау­ым­дастығы тө­ра­­ғасының орынбаса­ры Айгүл Мұ­­қашева, Астана қаласы бі­л­ім қыз­­меткерлерінің «Әділет» кә­сіп­­ода­ғының төрайымы Балсұлу Нау­ры­­з­ба­ева қатысып, ақ тілектерін ақтарды. Ал­ғыс хатқа ие болған әрбір мұғалімге ақ­шалай сыйақы табыс етілді.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»