Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2017

Ауа «жасайтын» адамдар

464 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Біз көп біле бермейтін, көп емес-ау мүлде білмейтін, бірақ адам өміріне аса қажет маман­дық түрлері аз емес екен. Жақын­да Өскемен қаласы әкімдігі­нің баспасөз қызметі арнайы ұйым­дастырған пресс-тур бары­сында шаһарымызда елеусіз ғана еңбек етіп жатқан ерекше мамандық иелерімен тілдесіп, жұмыстарымен жақынырақ та­нысудың сәті түсті.

Ауа «жасайтын» адамдар

Әдетте біз жиі әрі орынды-оры­нсыз қолданатын «ауадай қажет» сөзі осы мамандық ие­леріне қарата айтылған секілді. Иә, бұл кісілер тұп-тура, тікелей ауамен жұмыс істейді. Кәдімгі ауамен, барлығымыз күнде жұ­тып жүрген. Олар ауаны ар­найы құрыл­ғылар арқылы от­тегі­ге айнал­дырады, оттегі темір бал­лон­дарға құйылып, қала мен облыс аумағындағы ем­ха­налар­ға жіберіледі. Оттегі емха­н­а­лар­да өлім аузында жатқан жан­дарға жаңа өмір сыйласа, сыр­қаты меңдеген науқастарға қосым­ша күш-қуат береді. Пер­зент­­ха­налардағы шала туған немесе дене мүшесінде ақауы бар сә­би­лердің де осы оттегімен тыныс­тап, жан сақтайтынын жұрттың бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін.

Оттегісіз бірде-бір операция жасалмайды

Оқырманға түсінікті болу үшін рет-ретімен баяндайық. Өске­мен қаласы әкімінің баспа­сөз хатшысы Әсем Қайратбек бір топ журналисті ең алдымен шаһардағы №1 қалалық ауруха­наның оттегі цехына ертіп келді. Ғимараттың ішіне кіргенде қа­быр­ғада арнайы құрылғыларға жал­ғанып қаз-қатар тізіліп тұр­ған темір баллондарды көрдік. Баллон ішіндегі оттегі арнайы түтікшелер арқылы аурухананың барлық операциялық блок­тары­на, диагностикалық қабыл­дау және жан сақтау бөлімдеріне жіберілетін көрінеді. Емхананың инженерлік қызметінің басты­ғы Николай Рылский күніне – 20, жылына 700 баллонды сыр­қат­тардың кәдесіне жарататынын, оттегі цехы күні-түні тоқтаусыз жұмыс істейтінді­гін айтты. «Оттегісіз бірде-бір опера­ция жасалмайды. Операция үс­те­ліндегі адам осы оттегімен ты­ныс­тайды. Бұл оттегі терең тазар­тудан, айрықша сүзгілеуден өткен өте таза оттегі», дейді ол.

Oxygenium… оңай өндірілмейді

Оттегінің науқастарға қалай жеткізілетінін білдік. Ал от­тегі­нің өзі қалай әзірлене­ді? Мұ­ны ауаны оттегіге айнал­ды­ру­­мен шұғылданатын стан­саға келгенде көрдік. Бұл жер­дегі жұмыс ең әуелі кәдімгі ауа­ны арнайы құрылғы, яғни ком­п­рессор арқылы сорып алу­дан басталады екен. Содан ке­йін сорылған ауа минус 130-180 гра­дус аралығындағы тем­­пе­ра­­турада мұздатылып, сы­ғым­далып, бірнеше мәрте таза­лау­дан өтіп, газдалып, оттегіге ай­на­­лып, темір баллондарға құ­­йы­­лады. Қолға ұсталмайтын, көз­­ге көрінбейтін ауаны от­тегіге ай­нал­дыру оңай ма? Бұл іспен бір емес, бірнеше адам шұ­ғыл­дана­ды. Өскемендегі меди­ци­налық от­те­гі өндіретін бірден-бір ком­па­ния – «Oxy Vita» ЖШС-нің ди­рек­торы Сәбит Қасымбаев пен оттегі стансасының өнді­ріс бастығы Олег Пруцких мұн­дағы атқарылатын жұмыс­тар­дың барлығымен мұқият таныстырып шықты. Оттегінің құрамы мен сапасы арнайы зерт­­­ханада тексеріледі. Мұн­да бас сұққанымызда зертхана қыз­­меткері Любовь Жа­най­дарова шыны ыдысқа құйыл­ған, буы бұрқыраған бір дү­ниені бөл­меге алып кірді. Бір жағы­нан таңыр­қап, бір жағынан шошың­қы­рап қалдық. Сөйтсек, оттегіңіз осы екен. Ауадан сұйықтыққа ай­нал­ған. Ара-тұра естігеніміз бол­маса, оттегіні кім ұстап көр­­ген? Жарықтықтың түсі көгіл­д­ір болады екен. Шыны ыдыс­тың сырты қысты күнгі үй­дің те­ре­зесіндей буланып, ми­дан өтер­дей суып кетіпті, қол ти­гізе ал­мадық. Жалпы бұл стан­сада өн­дірілетін оттегі меди­ци­на­­лық және техникалық деп екі тү­рге бөлінеді. Техникалық от­тегі дә­некерлеуге, яғни құры­л­ыс, бас­қа да жұмыстарға пайда­ла­ны­латынын айтады мұндағы ма­ман­дар. Медициналық отте­гіні ем­ханалардан, нау­қас жан­дардан бөлек дені сау, қара­п­а­йым адамдар да күнделікті пай­­да­лануына болады екен. Бі­рақ оның да өзінің тәртібі бар. Күні­не 15 минуттан ар­тық қа­­был­дауға болмайды. Бал­лон­дарын әкеліп, оттегіге тол­ты­­рып алып кетуді дәстүрге ай­нал­­дырған қала тұрғындары бар екен. Яғни олар осы жер­ден ауа сатып алады. Ал онколо­гия­лық немесе өзге де ауруларға шал­дыққан жандарға оттегі тегін құйылып беріледі екен. 2000 жылдардың басында медициналық оттегінің орнына техникалық оттегі жібе­ріліп, №1 қалалық ауруханада қай­ғылы жағдай орын алып, бір адам көз жұмыпты. «Әрине, бұл – бұрынғы жағдай. Бірақ сабақ боларлық дүние. Өзім бұл жер­де 2014 жылдан бері еңбек етіп келемін. Компанияда ұзын саны 25 қызметкер бар. Біздің қыз­метіміз адам өмірін сақтауға тіке­лей қатысты болғандықтан бар­лы­ғымыз да жұмысымызға үлкен жауапкершілікпен қарай­мыз. Өйткені шаһардағы бар­лық науқас жандар мен өмірге сәби әкелген аналар, көптеген нәрес­­телер біз өндірген оттегі­мен т­ыныстайды. Кейде кейбір ем­ха­налар «баллон бітіп қал­­ды» деп түнгі сағат 3-те қоңырау­ла­тып жатады. Барамыз. Біздің жұмы­сымыз осындай. 24 сағат ты­ным таппаймыз», дейді Сәбит Қасымбаев. 

Олар өмір сыйлауға аттанып барады

Стансаны аралап, жұмы­сы­­мен танысу барысында ап­парат­шы Ольга Богомолова­мен аз-кем тіл­дес­тік. Бұл кісі­нің қызметі – сұ­йық­тыққа айнал­ған ауаны бөлу. Яғни оттегі­нің медициналық және тех­­никалық мақсатта жұмсалуын айқын­дайды. Өңі жас көріне­тін Ольга Богомолова бірнеше жылдан бері зейнеткерлікке шыққанымен, осында амалсыз­дан жұмыс істеп жүргенін айта­ды. Өйткені бұл қызметті әрі қа­рай жалғастыратын маман жоқ. Мұндай мамандық иелері елі­мізде мүлде әзірленбейді екен. Сондықтан осы стансада 30-35 жыл еңбек еткен адамдар зей­нет­керлікке шықса да, арнайы келіп, білгендерін жас мамандарға үй­ретіп жатқан көрінеді. Жоғарыда «жас көрінеді» деп айттық қой, оның да себебі жоқ емес секілді. «Oxy Vita» ЖШС-нің директоры Сәбит Қасымбаев бір қызық жайтты алдымызға тартқан. Оның айтуынша, мұндағы қыз­мет­керлер оттегімен күнделікті жұмыс істейтіндіктен иісті өзге адам­дардан тез айыратын көрі­неді (әсіресе оттегі баллонын тол­ты­­ратын қызметкерлер) және гай­морит, басқа да рес­пи­раторлық ауруларға шалдық­пайды екен. 

Түйін

Біз стансадан шығар кезде екі жі­гіт жүк көлігіне оттегі тол­ты­рыл­ған темір баллондарды тиеп алып, қалаға қарай жылжып бара жат­­ты. Көз алдымызға ауру­хана төсе­­гіне таңылып неме­се пер­зент­­ха­нада вакуумге салы­нып өмір мен өліммен арпа­лы­сып, ке­­лер күн­­нен үміт күткен жандар елестеген. 
Расында, оттегі дегеніңіз – ауа, ауа дегеніңіз өмір емес пе? Ендеше, олар адамдарға өмір сыйлау­ға ат­та­нып барады. 

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Суреттерді түсірген автор