Әдебиет • 28 Қыркүйек, 2017

Сөз сойыл №45

731 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №45

Шыбынмен шайқас

Ойпыр-ай, тіпті, 
Шатақ болды.
Қаптаған қара шыбын...
Гуілдесіп кеп,
Көрінген тұсқа қонды.
«Кіш!» дегеніңді ұқпайды,
Үйден шықпайды,
Тіпті, есіріп алды.
Ішетін асыңызға
Өзіңізден бұрын ұмтылып, 
Өшігіп алды.


Оны аз десеңіз,
Гу-гу етеді есігің алды!
– Әй, сені біржола құртпасам ба! –
Осыны айтып Апалақ,
Жұмсап еді шапалақ,
Пысқырмады,
Босқа кетті істің бәрі!
«Дың-ң» деп барып өзінің 
Басына қонды,
Қолын оңды-солды
Сермегенінен қайран болмады,
Шыбындар 
Дың-дың ұшуын қоймады.
Енді Апалақ қалақты алды,
Шыбындарды
Қырып салуға талаптанды.
Әне,
Шіреніп тұрып салып қалды!
Гу-у етіп жөнеген шыбындардың
Дегенмен, біреуі талып қалды.
Апекең аямады,
Оны қатардан сызып тастады,
Демек, мыжып тастады.
Апалақ қалағын
Тағы сілтеді!
Бірақ бұ жолы мүлт кетті,
Шыбын біткен 
Қалақты көтергеннен бұлт етті.
Апалақ сонда да қояр емес,
Бірде ұрып құлатып,
Бірде, тіпті, 
Бірнешеуін қатарынан сұлатып,
Бұл қызыққа тояр емес!
Бірақ бір өкініштісі,
Қанша ұрып соққанмен,
Қаптаған қара шыбынды
Біржола жояр емес.
Тіпті,
Біреуін ұрып түсірсе, орнына
Екі шыбын қосылатын сияқты!
Өздері мүлдем 
Білмейді екен ұятты.
Сермей-сермей
Апалақтың қары талды,
Шыбын шіркіндер,
Мұрты бұзылмастан өріс алды.
Апалақ қалағын 
Сонда да сермеді,
Әккі болған шыбындар
Оған ерік бермеді.
Гу-у етіп
Төбеге қарай өрледі,
Шыбын аулаушы
Ағыл-тегіл терледі,
Діңкеледі!
Мақсаты үлкен еді...
Шыбын қуып, 
Аласұрып өзінің
Шыбындай болды ауыр салмағы. 
Бірақ шыбын шіркіндерді
Тауыса алмады!
Оның басты себебі –
Үйінде тазалық жоқ еді. 

*  *  *
Кәне,
Бұдан кім не түсінді?
Тек Апалақтың шыбынмен шайқасы –
Қазақша жарнамадағы қателермен
Күресушілерді еске түсірді.

Кемелбек ШАМАТАЙ
Алматы

Сұрақ – жауап

− Гүлназ, неге сенің күйеуің құлағын емдетіп, кереңдіктен құтылмайды? Медицинаның дамыған заманы емес пе? 
− Ол балалардың  музыка мек­тебін бітіргенін күтіп жүр

***
− Неғып ажырасайын деп жатырсыз? 
− Күйеуімнен ұрыс-керіске сылтауым таусылып болды...

***

Такси компаниясының диспетчері: 
− Он алты, әуежайға асығып отырған кісіні ала кетесің бе? 
− Әрине, ала кетейін, менде енді бір адамға орын бар. 
− Ол өте асығыс, ұшақ тура бесте ұшады екен. Үлгере аласың ба деп сұрауда. 
− Бестегі рейске үлгере-тініне кепілдік беремін. 
− Он алты, қалай кепілдік бере аласың, қазір кептелістің уақыты емес пе? 
− Себебі, мен сол рейс ұшағының ұшқышын да апара жатырмын. 

***

Ватсон Холмстан сұрапты: 
− Ұрының сейфтегі ақша мен бағалы бұйымдарды алғаны түсінікті. Ал  лордтың әйелінде не шатағы бар, неге оны да қоса ұрлап кеткен? 
− Оның несі түсініксіз, Ватсон «Лорд артынан іздемесін» дегені ғой.

***

– Жарық  жылдамдығынан да  жылдамдықты қалай түсіндіресіз? 
– Ол тоңазытқышты ашып кеп қалып, ондағы жарық жанғанша онан бөтелке сыраны алып үлгеру... 

Бауырымды сатамын

суретті салған Ғалым Смағұлұлы

Қалипаш ауруханаға түсіпті дегенді естіп сонда жетсем, ол төсекте жатыр екен. 
– Не болды?! – дедім бірден.
– Жәй, бүйрегім ауырып, ота жасаттым, – дейді.
– Енді қалай? 
– Құдайға шүкір, аман қалғанымды көріп тұрсың. 
– Ә, дұрыс екен... 
Бір айдан соң Қалипаш қала шетінен үй алыпты дегенді естіп сонда жеттім. «Бақсам бақа екен» демекші, үй дегені жапа там. Бірақ Қалипаштың көңілі көтеріңкі: 
– Бұған да шүкір. Енді екі баламды жетілдіріп, ел қатарына қоссам арманым жоқ, – дейді.
– Әп, бәрекелді. Мынауың дұрыс екен, – деп, баспанаға қалай қол жеткізгенін сұрадым.
– Ана жолы ауруханаға жаттым емес пе...
– Иә, артыңнан бардым ғой. 
– Онда бекерден-бекер жаттым дейсің бе, сау бүйрегімді саттым.
– Не дейді?! 
– Иә, кәдімгі бүлкілдеген бүйрегімді саттым.
– Сатқаны несі?! Түсінсем бұйырма­сын... 
– Күнімжан-ау, өмірден қалып барасың. Қазір бәрін сатуға болады. Бұрын айтпаушы ма еді, ақшаға денсаулықтан басқасын сатып алуға болады деп. Қазір денсаулықты да сатып алады. Мен сондай адамды таптым да, бүйрегімді саттым. Бір бүйрекпен оңай емес, әрине, бірақ өмір сүре тұруға болады. 
– Неге саттың, неге? Енді ыңқылың мен қыңқылың көбейеді. Онсыз да жетісіп жүрген жоқ едің. 
– Сатайын деп сатты ғой дейсің бе, мен бейбақты. Үйім жоқ, күйім жоқ. Байым ішіп кеткенін білесің. Балаларым аштан өлмесін дедім де... Құдайдың мұнысына да тәубә. Екі баламның езуі екі құлағында. «Өз үйім өлең төсегім» деген осы да. Енді сәл кеңейтіп алсам ба деймін. 
– Ақшаң қалды ма?
– Қайдағы, осыған әрең жетті емес пе. Қайта үй иесі Құдайға қараған жан екен, арзанға берді. 
– Енді қалай кеңейтпексің?
– Бауырым бар емес пе...
– Ә, бауырларың көмектессе дұрыс болған.
– Жо, жоқ, мен өз бауырымды айтып тұмын.
– Енді сенің бауырың демегенде менің бауырым көмектеседі дейсің бе.
 – Ту, сен түк те түсініп тұрған жосың. Мен кәдімгі дене мүшемді, іш-құрылысымдағы баурымды айтып отырмын. 
– Не дейді?!
– Иә, бауырды да сатуға болады екен. 
– Сонда қалай?
– Қалайы несі, жаңа айттым ғой, мына дүниеде денсаулықты да сатуға болады деп. 
– Сонда бауырсыз қалай өмір сүрмексің, байқұсым-ау.
– Бауыр маған не қажет. Әттең өкпем жоқ, оны да өткізер едім. Былтыр қақаған қыста қос өкпеме суық тиіп өкпелетіп алғам. Содан өкпемен бірге өтім де кетті. Құдайға шүкір, бауыр бар. Ол дін-аман. Тіпті шетелде жүректі де сатады екен.
– Жүректі?!
– Иә, жүректі.
– Жүрексіз жүру мүмкін емес қой, өлесің де қаласың. 
– Аш-жалаңаш жүрген балалардың жоқшылығын көріп күніге өлгенше, олардың тоқшылығын көріп бір-ақ рет өлгеннің өзі артық емес пе... Ауруханада көз жұмсаң құның көк тиын. Бәрін доғдырлар өздері шешіп, мүшеңді кесіп алып қояды. Олар ұрлап алғанша мен пұлдап алмаймын ба? 
– Қалимаш-ау, не деп кеттің?..
– Иә, солай. Енді шетелге шығып жүрегімді сатсам деймін. Балаларым сонда тамнан да, тамақтан да тарылмас еді-ау... – деді үздіге. 
Менің басым мең-зең. Бұ дүние не боп кетті... Мән берсең әнебір әртістер жүр хан сарайындай екі-үш қабатты үйі мен шетелдік «шик» көліктерін көрсетіп... Әкіреңдеген әкімдерің анау, түкірігі жерге түспейді. Шетелге ақшасын асырып банкіге жасырып жатқан бишікештерден не үміт, не қайыр. Әй, құрып кетсін бәрі. Мен де бүйрегімді сатам-ау деймін. Айтпақшы, бауырым да бар ғой, оны да сатылымға шығару керек. Иә, бүйрек пен бауыр. Алатын адам бар ма? 

 Бақытжан СОВЕТҰЛЫ

Тараз

Мергенбай айтқан екен...

Үлкендерге – жаза, балаларға – сабақ

– Меке, балаларыңызды ұрасыз ба? – деді Сәлім. 
– Неге ұрам? 
– Енді... балалықпен бір шалағайлық жасаса...
– Балалығы үшін ұрған жөн болмас...
– Тәрбие үшін дегенім ғой...
– Ұру тәрбие ме екен?
– Енді, жаман нәрсені қайталамас үшін жазалау керек сияқты ғой. Айталық, темекі тартса, кейде ішкілікке жақындаса, бұзықтық жасаса...
– Дегенде, Сәлім, сөзіңнің жаны бар, – деді Мергенбай. – Темекі, ішімдікке жақындағандарды жазаласа, расында, жөн-ау. Бірақ балаларды емес, үлкендерді. Темекі тартатын, арақ ішіп жұрттың мазасын алатын өздеріңді қолға түскен сайын жұрттың көзінше шыңғыртып тұрып сабап отырса, үлкен сендерге – жаза, ал балаларға жақсы сабақ болар еді ғой, расында. 

Алдымен болу қиын

– Мені бар ғой, Меке, бастық қойса, жұрттың бәрінің көңілін табар едім, – деді сөзі көп, ісі пәтуесіздеу Марабай өзеуреп.
– Бастық бола қалсаң, қайтетініңді кім біліпті, ал сені бастық жасайтын ақымақтардың табыла қоюы қиын шығар, – депті Мергенбай. 

Көп нәрсе таусылмайды

– Біздің қоғам өмірбақи ішкілікпен, маскүнемдікпен күресіп келеді, бірақ оны жеңе алмай жүр, – деді Маманбай ауылдасы, бір жағы өзінің ішетінін ақтағандай болып. – Соған қарағанда, Меке, халық сол ішетіндер жағында болса керек.
– Халық демегенмен, бүкіл ақымақтар сендер жағында, – депті Мергенбай сөзіне ашу аралас-тырып. – Ал сендер аз емессіңдер. Әлі біразға дейін құрымайтын шығарсыңдар.

Бағасы әрқалай әрекет

Өзі сыйлайтын, жасы үлкен Жұмат деген ағайыны түн ортасында телефон соқты. 
 – Мазаңды алған жоқпын ба? – деді ол.
– Жоқ, сіз мазаны алған жоқсыз, – деді Мергенбай. – Бірақ дәл осындай уақытта Орынбасар сияқты бір құдайатқан соқса, ол мазаны алған болар еді.

Өтіріктің де құны бар

– Меке, сіз ақша үшін өтірік айтасыз ба? – деді Кәкім деген ағайыны.
– Қанша бересің?
– Енді мен емес, басқа ақшасы көптеу біреу ұсыныс жасаса дегенім ғой...
– Жоқ, олай болмайды, нақты тауарды білу керек, – деді Мергенбай. – Айталық, мына сені мақта, сол үшін ақша берем десе, аз ақшаға мақтауға келісу қиын. Ал көп ақша ұсынса, періште емеспіз, бұл өзі сенуге болатын, қолынан іс келетін, мәрт жігіт деп өтірік айтуға болар.

Мамадияр ЖАҚЫП, 
Қазақстанның құрметті журналисі

Саясаттағы солақай сөз

Алғашқы жиынға келген жаңа депутат бұрыннан бері келе жатқан әріптесіне:
– Мына жерде пікірталас, айтыс-тартыс өтіп, у-шу болып жатады, қалай ұйықтайсыңдар осы?!
– Басында бір түрлі болады, кейін үйреніп кетесің...

*  *  *
Әріптестердің әңгімесінен:
– Кеше дүкеннен ең соңғы шыққан қиял-ғажайып ертегілер жинағын сатып алдым.
– Не деп аталады екен?
 – «Депутаттық сауалдар...»

*  *  *
 Әлемдік энциклопедиядан: «Л.И.Брежнев – Алла Пугачева заманында өмір сүрген көрнекті мемлекет қайраткері».

Мүйісті жүргізетін 
Берік САДЫР

 

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51