Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2017

Ауылда Әуезов бағын ашты

492 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына орай 9 жылдан бері жалғасып келе жатқан «Туған табиғатты аялайық» республикалық жобасының аясында аталмыш бақтың алғашқы көшеттері – 120 сән (катальпа) ағаштары ресми түрде егілді.

Ауылда Әуезов бағын ашты

Осы оқиғаға арналған рәсімге қатысу үшін Амстердам қаласынан арнайы Әуезовтің немересі Зифа-Алуа Мұратқызы келді. Ел ақсақал­дарының батасымен бой көтерген бұл бақтың болашақта көпшілік көзайымына айналары анық.

Бақ отырғызу кәсібімен он­даған жылдар бойы айналысып келе жатқан Гөзел Құлжабаева ұлы адамдар атындағы бақ ашу идея­сының қалай басталғандығы туралы былай дейді: «Францияға алғаш барғанымда, сондағы дос­тарым Наполеонның басына алып барды. Ол жердің үрдісі бойын­ша, ескерткішке жақындамас бұрын, бес рет басыңды иіп, тағ­зым етуің керек екен. Сол жерде маған «Айдаладағы француз қолбасшысының аруағына, өзімнің ұлы Абайымның рухына неге тәу етпеймін?!» деген ой сап ете қалды. Елге оралғаннан кейін Жидебайға бардым. Бірақ Абай атындағы бақ ашу жөніндегі ұсынысым жергілікті биліктен қолдау таппай, ойдағы ісімді туған жерімде жүзеге асырдым дейді ол бізге ағынан жарылып.

Орайы келіп тұрғанда айту парыз. Гөзел ханымның демеу­шілігімен бұған дейін бұл өңірде гүлстандықтар 2011 жылы 2 гектар жерге қарайғайлы бақ, 7 гек­тар жерге Көктерек бағын, 2013 жыл Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың құрметіне 5 гектар алма бағын, былтыр 10 гектар аумаққа «Батыр аналар» саябағын ел игілігіне берген еді.

Мұның бер жағында соңғы жылдары Кербұлақ ауданының Басши ауылындағы Райымбек атындағы орта мектеп Нұрым және Аралтөбе ауылдарындағы білім ұяларын, «Бүл­діршін» бала­бақшасына «Өсім­діктер әлемін » сыйға тартқан да осынау жайсаң жан.

Ендеше Нұрымдағы «Әуе­зов бағы» түкпірдегі ауыл­дың көркі ғана емес, берісі – Қазақстанның шөлді шалғайын­дағы тұрғындардың, әрісі – болашақ ұрпақтың игілігіне айналары ақиқат.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ